Moody’s рейтингінің әсерінен АҚШ акциялары аптаны құлдыраумен бастады

Moody’s агенттігі АҚШ-тың несиелік рейтингін төмендеткеннен кейін, 19 мамыр күні америкалық акциялар сауда басталысымен арзандады. Рейтингтің нашарлауы АҚШ мемлекеттік қарызына да қысым түсірді — облигация кірістілігі күрт өсті. Мұндай жағдай сәуір айында да тіркеліп, Дональд Трамптың сауда саясатын жұмсартуына себеп болған факторлардың бірі болды, деп хабарлайды CNBC.
Егжей-тегжейлі
Сауда ашылған күні «көгілдір фишка» индексі Dow Jones 0,2% төмендеді. Нарықты қамтитын S&P 500 индексі 0,4%-ға жоғалтты, Ал технологиялық Nasdaq Composite ең көп жоғалтқан индекс — 0,6%. Кейін АҚШ Қаржы министрлігінің облигацияларының кірістілігі төмендеп, акциялар біршама қалпына келе бастады, деп хабарлайды CNBC.
Сауда басында ең көп қысымға ұшыраған — жетекші технологиялық компаниялардың акциялары. CNBC мәліметінше, олар облигация кірістілігінің өсуіне сезімтал, себебі бұл құбылыс экономикалық өсімді баяулатып, инвесторлардың тәуекелді активтерге деген қызығушылығын төмендетуі мүмкін. Мәселен, Palantir акциялары бір сәтте 3%, Tesla — 4%, Nvidia — 2% дейін төмендеді.
Сол күні 30 жылдық АҚШ облигацияларының кірістілігі 5%-дан асып, 10 жылдық қағаздар 4,5%-дан жоғары көтерілді. CNBC еске салғандай, өткен айда дәл осындай кірістілік өсімі АҚШ президенті Дональд Трамптың сауда саясатын жұмсартуына себеп болған факторлардың бірі болды.
Moody’s агенттігі 16 мамырда АҚШ-тың несиелік рейтингін бір сатыға төмендетіп, Aaa деңгейінен Aa1-ге түсірді. Бұл рейтингтер енді Fitch пен S&P агенттіктерінің бағалауымен теңестірілді. Moody’s бұл шешімді федералдық бюджет тапшылығының ұлғаюымен және жоғары пайыздық мөлшерлемелер жағдайында қарызды қайта қаржыландыру қиындықтарымен байланыстырды.
Сарапшылар пікірі
Moody’s шешімі символдық сипатқа ие: ірі рейтингтік агенттік АҚШ-тың қарыз бен бюджет тапшылығына байланысты қысым көріп жатқанын көрсетіп отыр, — деді Bleakley Financial Group инвестициялық директоры Питер Буквар (CNBC).
«Негізгі фактор – шетелдік сұраныстың азаюы мен үнемі қайта қаржыландыруды қажет ететін қарыз көлемінің артуы. Бұл жағдай өзгермейді», — деп есептейді Буквар.
Рейтингтің төмендеуі Уолл-стриттегі табысты аптаның артынан орын алды. Инвесторлар АҚШ пен Қытай арасындағы баж салығын арттыруды уақытша тоқтату туралы келісімді оң қабылдады. CNBC атап өткендей, бұл келісім өткен айда Дональд Трамп импортқа кең ауқымды әрі қатаң баж салықтарын енгізгеннен кейін жаһандық сауда саласында оң серпіліс ретінде бағаланды.
Трейдерлердің пікірінше, қор нарығының қалпына келуі жалғасуы үшін жаңа сауда келісімдері қажет. Бұл үшін мемлекеттік қарыз кірістілігінің өсуі инвесторларды шошытпауы тиіс, деп хабарлады телеарна.








