Morgan Stanley Ferrari акцияларын сатып алуды ұсынбайтын болды. Неліктен?

Morgan Stanley Ferrari компаниясының акцияларына қатысты рейтингін төмендетті, деп хабарлайды CNBC. Бұрын «артық салмақ» (overweight) деген баға берілсе, енді «нейтралды» (equal weight) деген баға қойылды. Яғни, инвесторларға бұл акциялардан әзірге қалыс қалу ұсынылып отыр. Investing.com жазуынша, инвестициялық банктің сарапшылары Ferrari акцияларының өсу әлеуеті шектеулі деп санайды. Олар акцияның мақсатты бағасын $425-тен $520-ға дейін төмендетті.
Morgan Stanley жазбасында былай делінген: «Біз акциялардың өсу әлеуетін тек 8% деңгейінде көреміз, сондықтан әзірге сырттан бақылағанды жөн көреміз. Біз Ferrari-дің табысы алдағы үш тоқсанда 5%-дан аз өседі деп болжап отырмыз және сатып алуға ыңғайлырақ сәтті күтеміз».
Morgan Stanley сарапшылары Ferrari-дің өндіріс көлемін 2030 жылға дейін қатаң шектеу туралы шешімі қысқа және орта мерзімді перспективада «бірқалыпты ғана өсім» әкелетінін айтады. Алайда бұл стратегия ұзақ мерзімді кезеңде брендтің тартымдылығына оң әсер етеді.
Сондай-ақ, Morgan Stanley Ferrari-дің алғашқы электромобилін шығаруға қатысты инвесторлардың алаңдаушылығын атап өтті. Бұл фактор алдағы айларда компания акцияларының бағалау коэффициенттерін тежеп тұруы мүмкін.
8 желтоқсанда Милан биржасындағы саудада Ferrari акциялары 3,5%-ға арзандады.
Ал Нью-Йорк қор биржасында акциялар шамамен 3%-ға төмендеді.
Жыл басынан бері Ferrari-дің нарықтық құны 10%-дан астамға азайды.
Соңғы үш айда динамика одан да әлсіз — 20% төмендеген.
9 қазанда Ferrari 2025 жылға арналған ұстамды болжамын жариялап, соңғы 9 жылдағы ең ірі құлдырауға ұшыраған болатын.
Басқа сарапшылар не дейді?
* Bank of America өткен аптада Ferrari акцияларын сатып алуға ұсынысты растады және оларды 2026 жылға арналған ең тиімді инвестициялық идеялардың бірі деп атады.
«Қазан айында жарияланған бес жылдық ұстамды болжамға қарамастан, біз үшін Ferrari — сатып алуға тұрарлық сенімді нұсқа болып қала береді», — деді банк өкілдері.
* UBS те қараша айының соңында Ferrari акцияларына “Сатып алу” деген рейтингін сақтап қалды және олардың мақсатты бағасын $563-ке дейін көтерді.
Бұл 8 желтоқсандағы жағдай бойынша 43% өсу әлеуетін білдіреді.
* Goldman Sachs те Ferrari акцияларын қадағалауды бастап, оларға оң баға берді.
Инвестбанк Ferrari Уолл-стриттің 2026–2027 жылдарға арналған ортақ болжамынан асып түседі деп есептейді.
MarketWatch дерегінше, Ferrari акцияларын 26 сарапшының 18-і сатып алуға кеңес береді. Жетеуі — бейтарап позицияда. Бір ғана сарапшы бұл акцияларды сатуға кеңес берген. Орташа мақсатты баға — соңғы жабылу бағасынан небәрі 0,7% жоғары, бұл жалпы сақтықты көрсетеді.








