Morgan Stanley Novo-ға ең нашар болжамдардың бірін жасады. Акцияларға қауіп қайдан?

Morgan Stanley даттық Novo Nordisk компаниясының Ozempic және Wegovy дәрілеріндегі белсенді зат — семаглутидті Альцгеймер ауруымен күреске қолдану сынақтарының табысына күмән келтірді. Бұл бағыт компанияға жаңа табыс әкелуі мүмкін еді, бірақ банк сәтсіздік ықтималдығын 70% деп бағалап отыр. Нәтижесінде акциялар құлдырауы мүмкін. Morgan Stanley компания қағаздарына берген ұсынысын «ұстаудан» «сатуға» өзгертті және мақсатты бағасын төмендетті — ол қазір Уолл-стриттегі ең төмен деңгейлердің бірі. Дегенмен, мұндай пессимистік көзқарасты бәрі бірдей қолдап отырған жоқ.
Егжей-тегжейі
Morgan Stanley сарапшыларының айтуынша, Novo Nordisk семаглутидтің Альцгеймер ауруының бастапқы кезеңіндегі тиімділігін дәлелдеуі екіталай. Сол себепті банк Уолл-стриттегі ең пессимистік болжамдардың бірін жариялады.
Novo-ның АҚШ-тағы депозитарлық қағаздары бойынша ұсыныс «ұстаудан» (equal) «сатуға» (underweight) өзгертілді. Мақсатты баға $59-дан $47-ға төмендеді. Бұл 26 қыркүйектегі жабылу бағасынан шамамен 15,5% төмен. FactSet деректерінше, бұдан төмен таргетті ($46,7) тек Intron Health ұсынған.
29 қыркүйектегі АҚШ саудасында Novo акциялары бір сәтте 3%-ға құлдырады, кейін құлдырау шамамен 0,3%-ға дейін бәсеңдеді. Жыл басынан бері бағасы 36%-ға жуық төмендеген. Ал Копенгагенде сауда, керісінше, 0,9%-ға өсті.
Morgan Stanley қандай мәселелерді атап өтті?
Novo Nordisk пен оның бәсекелесі Eli Lilly шығарған семаглутид негізіндегі дәрілер алғашында семіздік пен диабетке қарсы қолданылған. 2017 жылдан бері олар жүрек-қан тамырлары және бауыр ауруларына да тиімділігін көрсетті. Енді Novo семаглутидтің Альцгеймердің бастапқы кезеңінде әсерін зерттеп жатыр, нәтижелер жыл соңында жарияланады.
Алайда Morgan Stanley сарапшысы Тибо Бутерен бастаған топ сәтсіздік ықтималдығын 75% деп бағалайды. Егер зерттеу нәтиже бермесе, акция бағасы 7–9% шамасында құлдырауы мүмкін.
Банк сарапшылары басқа қауіптерді де атады: Eli Lilly-мен бәсеке, соңғы айларда Ozempic-ке жазылған рецепттердің азаюы және Medicare Part D бағдарламасы дәрі бағасын екі есе қысқартуы ықтималдығы. Сонымен қатар, Novo әзірлеп жатқан жаңа CagriSema препараты да Eli Lilly-дің Zepbound дәрісінен айтарлықтай артықшылық көрсете алмауы мүмкін.
Басқа сарапшылардың пікірі
Morgan Stanley-дің пессимизмін бәрі бөлісе бермейді.
BMO сарапшысы Эван Зигерманның пікірінше, Novo сынақтарының тәуекел мен әлеуетті табыс арақатынасы инвесторлар үшін ойлағаннан да тартымды. Оның айтуынша, соңғы 18 айда акциялардың 60%-дан астам құлдырауы инвесторларды кез келген оң жаңалыққа сезімтал еткен.
Зигерман Novo қағаздарына «ұстау» (Market Perform) рейтингін сақтап, мақсатты бағасын $50 деп көрсетті. Бұл қысқа мерзімді трейдерлер үшін тактикалық мүмкіндік деп есептейді.
FactSet деректерінше, Novo акцияларын бақылайтын 32 сарапшының 15-і «сатып алуға» кеңес береді, 12-сі «ұстауға», ал екеуі «сатуға» шақырады.
Контекст
Альцгеймер ауруымен науқастар саны артып келеді. АҚШ-та бұл диагнозбен 7 млн-нан астам адам өмір сүреді, ал 2050 жылға қарай көрсеткіш 13 млн-ға жетуі мүмкін.
Қазіргі кезде мақұлданған емдеу әдістеріне Biogen және Eisai әзірлеген Leqembi, сондай-ақ Lilly компаниясының Kisunla препараты кіреді. Олар аурудың ерте кезеңінде дамуын баяулатуға көмектеседі, бірақ ми ісінуі немесе қан кету сияқты жанама әсерлері бар.








