БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Morningstar ұсынған нарықтың жеті негізгі көрсеткіші: Инвесторлар нені бақылауы керек

Едіге  Қасымжан

Едіге Қасымжан

Morningstar ұсынған нарықтың жеті негізгі көрсеткіші: Инвесторлар нені бақылауы керек

Morningstar сарапшысы Эми Эрнот инвесторларға нарықтың жағдайын түсінуге көмектесетін жеті негізгі көрсеткішті атап өтті. Оның айтуынша макроэкономикалық көрсеткіштерді нақты болжау өте қиын — пайыздық мөлшерлемелердің, экономикалық өсімнің, валюта бағамдарының немесе инфляцияның қай бағытта қозғалатынын алдын ала айту қиын, ал олардың инвестицияларға нақты әсерін түсіну одан да күрделі.

Соған қарамастан, жалпы жағдайға көз жүгіртіп, негізгі көрсеткіштерді бағалау пайдалы. Бұл нарық қай кезеңде тұрғанын және қандай қауіп-қатерлер бар екенін түсінуге мүмкіндік береді. Бүгінде бұл жеті көрсеткіштің алтауы тарихи орташа деңгейден жоғары. Сондықтан, Эрноттың айтуынша инвесторлар абай болғаны жөн.

Қандай көрсеткіштер туралы сөз болып отыр?

1. Алтын

Эрноттың бағалауынша алтын бағасы қазір өте жоғары деңгейде. Соңғы 20 жылда бұл актив ең табысты болған. Тек 2025 жылдың басынан тамыздың соңына дейін-ақ оның бағасы 31%-дан астам өсті. Бұл өсімнің негізгі себептері — орталық банктердің доллардан тәуелсіз болуға ұмтылып, алтын сатып алуы және геосаяси әрі экономикалық тұрақсыздық жағдайында инвесторлардың қауіпсіз активке бет бұруы.

Дегенмен, Эрнот алтын бағасының шамадан тыс жоғары болуы тәуекелдерді арттыратынын ескертеді. Мысалы, 1980 және 2011 жылдардағы рекордтық деңгейден кейін алтын ұзақ уақыт тоқырауға ұшыраған. Сол себепті, оның пікірінше портфельдегі алтынның үлесін 5%-дан асырмау дұрыс.

2. АҚШ Федералдық резерв жүйесінің пайыздық мөлшерлемесі

Қыркүйектегі аздаған төмендеуге қарамастан, ФРЖ мөлшерлемесі әлі де жоғары деңгейде. Қазіргі орташа мөлшерлеме шамамен 4,15% — бұл 2011 жылғы нөлдік мөлшерлеме кезеңімен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Эрноттың айтуынша қазір қысқамерзімді құралдардың кірістілігі инфляциядан жоғары, сондықтан облигациялар мен ақшалай нарықтар бұрынғыға қарағанда тартымды болып отыр.

3. Қор нарығы

Эрноттың айтуынша АҚШ қор нарығы қазір қымбат. Morningstar US Market индексінің баға-пайда көрсеткіші (P/E) 28-ден асып, соңғы 20 жылдағы жоғарғы деңгейге жақындаған. Корпоративтік кірістер бұл көрсеткішті қолдап отырғанымен, одан әрі өсу мүмкіндігі шектеулі. Эрнот инвесторларға ұсақ капитализациялы компанияларға (small cap), энергетика, медицина және жылжымайтын мүлік секторларына көңіл аударуға кеңес береді. Сонымен қатар, халықаралық нарықтар әлі де салыстырмалы түрде арзан, бұл жаһандық әртараптандырудың маңызын арттырады.

4. Мұнай

Brent маркалы мұнай бағасы салыстырмалы түрде төмен. Соңғы 20 жылдағы үлкен ауытқулардан кейін, соңғы жылдары баға төмендеу бағытына бет алған. Бұл Қытайдағы сұраныстың әлсіздігімен және баламалы энергия көздеріне көшу үрдісімен байланысты. Геосаяси қақтығыстар жағдайды одан әрі күрделендіріп отыр. Эрнот мұнайға шағын үлес бөлінген әртараптандырылған тауарлық қорды инфляциядан қорғану құралы ретінде қарастыруға болатынын айтады.

5. Биткоин

Эрноттың айтуынша биткоин да қазір өте жоғары бағамен саудаланып жатыр — оның бағасы тарихи максимум $123 000-ға жақын. Соңғы 10 жылда бұл ең табысты актив болғанымен, оның құбылмалылығы өте жоғары. Бірнеше рет 70–80%-дық құлдыраулар болғанын еске салады. Биткоин нақты ақшалай табыс әкелмейтіндіктен, оның әділ бағасын анықтау мүмкін емес. Сондықтан, жаңа инвесторларға «мүмкіндіктен қалып қойдым» деген психологиялық қысымға ермеуге кеңес береді.

6. АҚШ доллары

Жыл басынан бері 7%-ға әлсірегеніне қарамастан, Эрноттың айтуынша, доллар әлі де күшті. Nominal Broad индексі 119,83 деңгейінде — бұл соңғы 20 жылдағы жоғарғы шекке жақын. Дегенмен, әлемдік орталық банктердің дедолларизация процесі және АҚШ-тың ЖІӨ-ге шаққандағы 119% мемлекеттік қарызы доллардың болашақта әлсіреуіне ықпал етуі мүмкін. Сондықтан Эрнот портфельде басқа валюталарда номинирленген активтерді ұстау және валюталық тәуекелді хеджирлеусіз халықаралық әртараптандыруды маңызды деп санайды.

7. Тұрғын үй бағасы

Эрнот соңғы жылдардағы жылжымайтын мүлік бағасының рекордтық өсіміне назар аударады. 2010 жылдардан бері тұрғын үй бағасы екі есеге жуық өсті және қазір тарихи максимумға жақын. Бұл зейнеткерлер үшін жақсы мүмкіндік — олар үйін сатып немесе кепілге қойып, зейнетке қажетті шығындарын өтеуге болады. Алайда жастар үшін бұл үлкен мәселе — жоғары баға оларға үй сатып алуға кедергі келтіруде. Көпшілігі жалға алуды жалғастыруға немесе сапасы төмен, шағын үйлермен шектелуге мәжбүр.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары