MS және Goldman Sachs баждардың жойылуына күмән келтіреді

АҚШ-тың сауда соты Дональд Трамп енгізген «Бостандық күні баждарын» бұғаттағанымен, бұл президенттің сауда саясатына тек уақытша тосқауыл болады. Банктердің пікірінше, Ақ үй бұл шығындарды басқа алымдар мен салықтар арқылы оңай өтей алады.
Егжей-тегжейлі
АҚШ-тың Халықаралық сауда жөніндегі сотының шешімі Трамп әкімшілігі 2025 жылы енгізген баж алымдарын тек ішінара тоқтатады, бірақ жалпы жағдайға әсер етпейді, деп ескертті 29 мамыр күні Goldman Sachs-тың АҚШ бойынша аға саяси экономисі Алек Филипс Bloomberg келтірген мәлімдемесінде. Ақ үйде бұл бұғаттаудың орнын толтыратын балама тетіктер жеткілікті, дейді Филипс.
«Соттың шешімі Ақ үй әкімшілігінің тарифтік жоспарларына кедергі келтіріп, белгісіздікті арттырады, алайда бұл АҚШ-тың ірі сауда серіктестерінің басым бөлігі үшін түпкілікті нәтижеге айтарлықтай әсер етеді деп айту қиын», — деп жазды Филипс.
«Кеше қандай баж мөлшерлемесі болса, ертең де сол деңгей сақталады деуге негіз бар, өйткені Трамп әкімшілігі оны қалпына келтіру үшін әртүрлі өкілеттіктерге ие», — деді Morgan Stanley компаниясының тұрақты табыс және тақырыптық зерттеулер жөніндегі жаһандық жетекшісі Майкл Зезас. Оны Bloomberg те келтірді.
Сотпен жойылған бұл баж алымдары жылына шамамен $200 млрд табыс әкелуі мүмкін еді — бұл келесі жылы күтілетін бюджет тапшылығы көлемімен шамалас. Сондықтан Ақ үй бұл соманың өндіру жолын табады, деп есептейді Филипс. Ықтимал баламалардың бірі — 1962 жылғы Сауданы кеңейту туралы заңның (Trade Expansion Act of 1962) 232-бабын қолдану. Бұл бап Трампқа ұлттық қауіпсіздік мүддесімен болат, алюминий және автокөлік импортына баж салуға мүмкіндік берген.
Goldman Sachs бағалауынша, егер ұлттық қауіпсіздікке төнетін қауіптерді бағалауға арналған барлық қазіргі тергеулер жаңа 25%-дық баждардың енгізілуімен аяқталса, бұл өз алдына жалпы баж мөлшерлемесіне 7,6 пайыздық пункт қосады — дәл осынша мөлшерлеме сот шешіміне байланысты азайып отыр, деп жазады Bloomberg. Ақ үйдің қолында өзге де тетіктер бар. Мысалы, әлі қолданылмаған 1974 жылғы Сауда туралы заңның (Trade Act of 1974) 122-бабын іске қосуға болады — бұл бап 15%-дық бажды 150 күнге дейін енгізуге мүмкіндік береді, деп атап өтті агенттік.
Сот қандай баждардың күшін жойды?
Манхэттендегі сауда соты 28 мамырда шағын кәсіпорындар мен демократтар басқаратын штаттар тобының пайдасына шешім шығарды. Сот Трамптың 1977 жылғы Халықаралық төтенше экономикалық өкілеттіктер туралы заңды (IEEPA) жаһандық сауда серіктестеріне қарсы баж енгізу үшін заңсыз қолданғанын мәлімдеді. Үш судьядан құралған алқа АҚШ-тың 49 жыл бойы сақталып келе жатқан сауда тапшылығы «ерекше және төтенше қатер» критерийіне сай келмейді деген тұжырымға келіп, Трамп әкімшілігіне баж алымын жинауды тоқтатуға 10 күн мерзім берді. Ақ үй бұл шешімге апелляция беріп үлгерді.
Сауда сотының шешімі Трамп енгізген Қытайдан, Канададан және Мексикадан импортқа салынған, фентанил мен миграцияға байланысты баждарды жояды. Сондай-ақ бұл шешім АҚШ-пен саудада профициті бар елдерге қарсы, соның ішінде «кері» баждарға қатысты бұғаттауларды да қамтиды — олардың қолданылуы 9 шілдеге дейін тоқтатылған. Алайда сот шешімі наурыз ортасында енгізілген болат пен алюминийге салынған 25%-дық баждарға, сондай-ақ 3 сәуір мен 3 мамырдан бастап күшіне енген автокөлік пен автокөлік бөлшектеріне қатысты 25%-дық баждарға тиіспейді, деп атап өтті Нидерландтағы ең ірі банк — ING.
ING дерегінше, Вашингтон бастаған тергеулердің нәтижесі дәрі-дәрмек, жартылай өткізгіштер, жүк көліктері, стратегиялық маңызы бар минералдар, теңіз өнімдері, крандар, мыс, ағаш материалдары, авиациялық техника мен кемелерге жаңа баж салығына әкелуі мүмкін.
Алда не болмақ?
«Салалық тарифтердің енгізілу қарқыны жеделдейді деп күтеміз, әрі қосымша шаралар таяу уақытта жариялануы мүмкін. Бұл ЕО және Қытаймен жалғасып жатқан келіссөздер үшін аса маңызды болмақ — аталған елдер жаһандық экономика мен қаржы нарықтарына қатты әсер еуде. Осыған байланысты қазіргі шектен тыс оптимизм мен босаңсуға жол бермеуге кеңес береміз», — деп жазды ING сарапшылары.
Еуропаға келер болсақ, АҚШ енгізген жаңа баждардың басым бөлігі автокөлік секторына қатысты және олар өз күшінде қалуда. Егер Трамп әкімшілігі еуропалық фармацевтикалық өнімдерге қатысты жоспарланған тарифтер мен квоталарды енгізуді жалғастырса, Еуропаның АҚШ-қа экспортының негізгі бөлігі 20%-дан асатын баж салығына ілінеді, деп атап өтті Нидерланд банкінің экономистері. Олардың айтуынша, мұнда саяси тәуекел де бар: егер Трампқа қысым күшейсе, ол одан да қатаң шараларға — жаңа баждарға немесе АҚШ-тың ірі сауда серіктестерін қамтитын өзге де экономикалық қадамдарға баруы мүмкін.
Долларға не болмақ?
АҚШ-тың қор нарығы фьючерстері сот шешіміне өсіммен жауап бергенімен, және кірістілік қисығы бойымен трежерилердің өскеніне қарамастан, 10 жылдық своп-спред (мемлекеттік облигациялар кірістілігі мен сол мерзімге арналған пайыздық своп мөлшерлемесінің айырмасы) кең күйінде қалып отыр — 55 базистік пункт. Баждардан түсетін кірістің азаюы Трамп Конгресте алға жылжытып жатқан бюджет заң жобасына байланысты тәуекелдерді күшейтуі мүмкін деген алаңдаушылық бар, деп атап өтті ING.
Сәуірден бастап жоғары тәуекелдік сыйақысы ескерілген доллар Вашингтонның сауда саясаты Конституция талабына бағынады деген жаңалықтар аясында біршама нығайды. Алайда ING сарапшыларының пікірінше, доллардың айтарлықтай күшеюі екіталай, себебі алдағы уақытта жаңа салалық тарифтер енгізілуі мүмкін деген қауіп және жазда АҚШ-тың қазынашылық облигациялар нарығындағы алаңдаушылық бұл өсімді шектейді.








