Нью-Йорктағы таң: назарда — АҚШ пен Қытай арасындағы сауда текетіресінің ушығуы

Freedom Capital Markets Research директорының орынбасары Михаил Денисламовтың АҚШ қор нарығына арналған күнделікті шолуы мен болжамы.
Бүгіннен не күтеміз
Нарық назарында АҚШ пен Қытай арасындағы шиеленістің күшеюі. Қытайдың Сауда министрлігі елдің «сауда соғысынан қорықпайтынын» мәлімдеп, сирек кездесетін металл экспортына енгізілген жаңа шектеулерді халықаралық құқық аясындағы «заңды шара» деп қорғады. Пекин Вашингтонды «қос стандарт ұстанып отыр» деп айыптады.
Бұл мәлімдеме АҚШ президенті Дональд Трамптың өткен жұмада 1 қарашадан бастап Қытай импортына 100% көлемінде қосымша тариф енгізетінін жариялағаннан кейін жасалды. АҚШ бұл шешімді Қытайдың сирек металдарға қатысты экспорттық шектеулеріне жауап ретінде қабылдады.
Трамп сондай-ақ «стратегиялық маңызы бар кез келген бағдарламалық қамтамасыз етуге» экспорттық бақылау енгізуді жоспарлап отырғанын айтты. Қытай бүгінде әлемдік сирек металл өндірісінің шамамен 70%-ын бақылайды және бұл ресурстарды сауда келіссөздерінде бірнеше рет қысым тетігі ретінде пайдаланған.
АҚШ-тың сауда өкілі Джеймисон Грир Қытайдың әрекеттерін «билікті басып алу амалы» деп атап, жаңа экспорттық шектеулер туралы Вашингтонға алдын ала хабарланбағанын сынға алды. Алдағы күндері тараптардан келетін жаңа сигналдар — шиеленістің артуы немесе, керісінше, диалогқа дайындық — технология және өнеркәсіп нарықтарының көңіл күйіне тікелей әсер етпек.
Негізгі күтулер
Осы аптада инвесторлар назары үшінші тоқсанның корпоративтік есеп беру маусымының басталуына ауысады. Есепті кезеңді ірі банктер ашады. Freedom Capital Markets 2025 жылдың қорытындысы бойынша акцияға шаққандағы пайда (EPS) 10,5%-ға өседі деп күтеді. Өсімге ең алдымен технология секторы, одан кейін коммуналдық қызметтер мен шикізат өндірушілер үлес қосады.
Конгрестегі қаржы дауы он үшінші күнге ұласты. Алайда тараптар АҚШ-тың басты фискалдық мәселесі — жыл сайын пайыздық төлемдері $1 трлн-нан асатын $38 трлн ұлттық қарыз туралы талқылаудан қашқақтап отыр.
Федералдық бюджетті бақылау комитетінің төрайымы Майя Макгинис: «Ел нақты шешім іздеудің орнына партиялар арасындағы мәңгілік ақпараттық соғыстың тұзағына түсті», — деді. Ал сенатор Рон Джонсон үкіметтің уақытша тоқтап қалуын (шатдаун) «қарыз проблемасынан назарды басқа жаққа аудару тәсілі» деп атады. Бұл жағдай нарық үшін белгісіздік туғызуда.
Компания жаңалықтары мен болжамдар
Трейдерлер Fastenal (FAST) компаниясының есеп беруін күтуде — ол сауда басталар алдында жарияланады.
АҚШ индекстерінің фьючерстері өсім көрсетіп отыр. Біз тәуекел теңгерімін оң бағытта, бірақ орташа құбылмалылықпен бағалаймыз. S&P 500 индексі 6530–6650 пункт аралығында ауытқуы ықтимал (алдыңғы сессия жабылуынан -0,3% пен +1,5% аралығында).
Нарық назарында
Alphabet (GOOGL) Австралияның 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді қолдануға тыйым салу туралы заңын «іске асыруы өте қиын» деп сынап, YouTube платформасын реттелетін тізімге енгізуге қарсы шықты.
Qualcomm (QCOM) Қытайдың антимонополиялық реттеушісі SAMR тергеуінен кейін Израильдің Autotalks компаниясын сатып алу жөніндегі мәмілені аяқтағаны туралы Қытай билігіне хабарламағанын мойындады.
Caterpillar (CAT) Австралиялық RPMGlobal компаниясын $728 млн-ға сатып алу жөнінде келісім жасады — бұл кен өндіру саласындағы бағдарламалық қамтамасыз ету нарығындағы позициясын күшейтеді.
Warner Bros Discovery (WBD) Paramount Skydance (PSKY) тарапынан ұсынылған $20/акция бағасындағы бірігу ұсынысын «тым төмен» деп қабылдамай тастады. Paramount ұсынысты арттыру және Apollo Global Management-ті серіктес ретінде тарту мүмкіндігін қарастыруда.
Трамп сирек металдарға енгізілген қытайлық шектеулерге жауап ретінде Boeing (BA) ұшақ бөлшектеріне экспорттық бақылау енгізетінін ескертті. Бұл Қытайға 500-ге дейін ұшақ сату келіссөздеріне кері әсер етуі мүмкін — соңғы жылдары Boeing тапсырыстарының қытайлық үлесі 25%-дан 5%-дан төмен деңгейге түсті.
Өткен сессия қорытындысы
Жұма күні АҚШ индекстері Қытаймен сауда шиеленісінің өршуі аясында күрт төмендеді. Dow Jones –1,90%, S&P 500 –2,71%, Nasdaq 100 –3,49%, Russell 2000 –3,01% көрсетті.
11 сектордың 10-ы минуста жабылды. Ең әлсізі — технология секторы (XLK: –4,07%), ал жалғыз өсім көрсеткен — тұтынушылық тауарлар секторы (XLP: +0,08%).
«Ғажайып жетілік» компанияларының барлығы минуспен жабылды, ал Tesla (TSLA) акциялары –5,06% төмендеп, қысым астында қалды.
Нарықтың құлдырауына Трамптың Truth Social желісіндегі жазбасы түрткі болды. Онда ол Қытайдың сирек металдарды бақылауын «қастық әрекет» деп атап, Қытай тауарларына тарифті айтарлықтай арттыру мүмкіндігін мәлімдеді. Сондай-ақ Трамп айдың соңында Оңтүстік Кореяда өтетін АТЭС саммитінде Си Цзиньпинмен кездесуге себеп көрмейтінін айтты.
Бұл қадамдар Қытайдың бірқатар қарсы шараларымен тұспа-тұс келді: Qualcomm-ға қарсы антимонополиялық тергеу, Nvidia чиптерінің импортын тоқтату, сирек металдарға экспорттық шектеулер және америкалық кемелерге жаңа порттық алым енгізу.
Макродеректер мен ФРЖ ұстанымы
Мичиган университетінің қазан айына арналған тұтынушылық көңіл-күй индексі 55,0 деңгейінде қалыптасты (күтілгені — 54,0). Бір жылдық инфляциялық күтулер 4,7%-дан 4,6%-ға, ал бес жылдық болжам 3,7% деңгейінде сақталды — бұл инфляцияға қатысты оптимизмнің арта бастағанын көрсетеді.
ФРЖ басқарушылар кеңесінің мүшесі Кристофер Уоллер пайыздық мөлшерлемелерді төмендету бағытын жалғастыру ниетін растады. Ол еңбек нарығының әлсірегенін атап өтті, бірақ ЖІӨ өсімі жоғары болғандықтан, асығыстыққа жол бермеуге шақырды.
Уоллер — Ақ үй қарастырып отырған ФРЖ төрағалығына үміткер бес кандидаттың бірі. Оның сұхбаттары негізінен экономикалық саясатқа бағытталған.
Компания жаңалықтары
Elastic (ESTC: +6,1%) 2026 қаржы жылына арналған табыс болжамын көтеріп, $500 млн көлемінде акцияларды кері сатып алу бағдарламасын жариялады.
Lennar (LEN: +1,2%) Millrose (MRP: -3,6%) компаниясындағы 20% үлесін өз акцияларына 6% жеңілдікпен айырбастау туралы ұсыныс жасады.
IonQ (IONQ: -8,8%) Heights Capital Management-ке $2 млрд көлемінде акция орналастыру жоспарын жариялады — бұл 20% сыйақымен, бірақ капиталдың қатты сұйылуына алаң тудырды.
Humana (HUM: -3,6%) компаниясының акциялары 2026 жылғы Medicare Advantage STARS бағалау нәтижелерінен кейін төмендеді — сарапшылар күткеннен нашар көрсеткіштер тіркелді.








