Нью-Йорктегі таң: назар инфляцияда

Freedom Capital Markets Research директорының орынбасары Михаил Денисламов ұсынған АҚШ қор нарығына күнделікті шолу және болжам.
Біз күтеміз
Бүгін инвесторлардың басты назары тамыз айының өндірушілер инфляциясы (PPI) деректерінде болады. Консенсус болжамы – базалық және жалпы көрсеткіштер бойынша +0,3% айлық өсім (шілдеде +0,9%). Бұл дерек шілдедегі серпілістен кейін қызметтер саласындағы бағаның тұрақтылығын тексеріп, импортқа тәуелді тауарларға кедендік тарифтердің қысымын бағалайды.
Базалық сценарий – бағаның өсу қарқыны сәл бәсеңдеуі. Бірақ тәуекелді болжам бойынша киім, тұрмыстық тауарлар мен автокөлік категорияларында қайтадан баға өсімі болуы мүмкін.
11 қыркүйек, бейсенбі күні тұтынушылық инфляция (CPI) да жарияланады. Егер екі көрсеткіш те консенсустен жоғары шықса, нарық ФРЖ-ның ақша-несие саясатын жұмсарту күтулерін қайта қарайды. Дегенмен соңғы екі айда еңбек нарығының суынуы мөлшерлемені төмендету қажет деген пікірді күшейтеді. Ең ықтимал нұсқа – ФРЖ қыркүйекте мөлшерлемені 25 б.т.-қа түсіреді.
Саяси факторлар
Ақ үйдің ФРЖ басқарушысы Лиза Кукты қызметінен босату әрекеті соттың тарапынан тоқтатылды. Бұл реттеушінің тәуелсіздігін қорғап, 16–17 қыркүйектегі FOMC жиналысы алдында ерекше маңызға ие болып тұр.
Сауда саясаты да инфляциялық қысымды күшейтуде: Қытаймен уақытша бітімге қарамастан, АҚШ қытайлық тауарлардың кең тізіміне 30% тариф сақтап отыр. ЕО америкалық импортқа 100% кедендік баж енгізуі мүмкін, ал Вашингтон симметриялы жауап беруге дайын. Үндістанға 50% тариф те күшінде. Бұл факторлар импортқа тәуелді тауарлардың қымбаттауына әкеледі.
Негізгі сессия басталмай тұрып Chewy (CHWY), Daktronics (DAKT), National Beverage (FIZZ) есептерін жариялайды.
АҚШ индекстеріне фьючерстер аздап өсіп тұр – Oracle (ORCL) компаниясының оң есебі жасанды жады экожүйесіне қатысы бар чипмейкерлерден бастап деректер орталықтарын электрмен жабдықтаушыларға дейін қолдау көрсетті.
Нарықтағы тәуекелдер теңгерімді, құбылмалылық орташа деңгейде. S&P 500 индексі бүгін 6460–6565 пункт аралығында (±0,8% кеше жабылу деңгейінен) қозғалады деп күтеміз.
Нарықтағы басты тақырыптар
• Oracle (ORCL) 2030 қаржы жылына дейін бұлтты сервис (OCI) кірісін $20 млрд-тан $144 млрд-қа дейін өсіруді жоспарлап отыр. Компания бірнеше ірі келісімшартқа қол қойды, 2026 жылға $35 млрд капзатрат қарастырылған. Акциялар премаркетте +30%.
• Synopsys (SNPS) есебі әлсіз болды, болжамдары да сақтықпен жасалды. Акциялары шамамен -20%.
• GameStop (GME) табысы күтуден жоғары шықты, әсіресе гаджеттер мен коллекциялық тауарлар бағыты мықты. Акциялар премаркетте өсіп тұр.
Кешегі нарық күні қалай өтті?
9 қыркүйектегі сауда нәтижесі: S&P 500 +0,27%, Nasdaq 100 +0,33%, Dow Jones +0,43%, Russell 2000 -0,55%.
Секторлар ішінде: коммуналдық қызметтер – ең мықты өсім (XLU: +0,69%) көрсетті. Материалдар өндірушілері – ең әлсіз (XLB: -1,63%) болды. «Ғажайып жетілік» ішінде Alphabet (GOOGL: +2,39%) алда, ал Apple (AAPL: -1,48%) жаңа өнімдер презентациясынан кейін құлдырады.
Экономикалық деректер
BLS-тің жаңартылған деректері бойынша 2024 сәуірінен 2025 наурызына дейінгі жаңа жұмыс орындары 911 мыңға аз болып шықты (күтілгені – 800 мың). Бұл сауда, көлік, коммуналдық қызметтер, ойын-сауық және өндіріс салаларына әсер етті.
Бұл статистика еңбек нарығының әлсіреуін тағы бір дәлелдеп, ФРЖ мөлшерлемені белсендірек төмендетуі мүмкін деген пікірді күшейтті.
NFIB шағын бизнес оптимизмі индексі 100,8-ге көтерілді (күтілгені – 100,5, шілде – 100,3). Кәсіпкерлердің көбі алдағы сатылымдардың артуын күтуде. Бірақ кадр тапшылығы негізгі мәселе болып қалды.
Компания жаңалықтары
• UnitedHealth Group (UNH: +8,6%): 2027 жылға қарай клиенттердің 78%-ы «4 жұлдызды және жоғары» жоспарларда болады. Medicare Advantage нарығындағы позициясын нығайтты.
• Atlassian (TEAM: +5,6%): деректер орталығы өнімдеріне қолдауды тоқтатып, толық бұлтты сервистерге көшті. 99% клиент қазірдің өзінде бұлтқа өткен.
• Phillips 66 (PSX: +1,6%): Cenovus Energy-ден WRB Refining үлесінің қалған 50%-ын сатып алды. Жылдық синергия $50 млн деп болжануда.
• PACS Group (PACS: -28,8%): директорлар кеңесі CFO-ны сыйлық қабылдауға қатысты заңбұзушылық үшін қызметтен босатты. Уақытша қаржы директоры тағайындалды.
• Core & Main (CNM: -25,4%): табыс болжамнан төмен, жылдық болжамын да түсірді. Себеп – құрылыс нарығындағы әлсіздік пен шығындардың өсуі.
• Albemarle (ALB: -11,5%): Қытайдағы литий кенішінің қайта іске қосылуы ұсынысты арттырып, бағаға қысым түсіруі мүмкін деген хабардан кейін акциялары құлады.
• Fox (FOX: -6,7%) және News (NWSA: -1,74%): Мердок отбасы ішіндегі бақылауды қайта бөлуге байланысты құлдырады. Лаклан Мердок толық бақылау алды.
• Dell Technologies (DELL: -1,4%): CFO ауысты, ресми түрде басшылықтағы келіспеушілікке қатысы жоқ деп хабарланды. Бірақ инвесторлар қазан айындағы «инвестор күні» алдында алаңдаулы.








