Нарық «жанып тұр»: АҚШ-тың үш ірі қор индексі жаңа рекорд орнатты. Ралли жалғаса ма?

27 қазан, дүйсенбі күні АҚШ-тың үш негізгі қор индексі қатарынан екінші сауда күнінде жаңа рекорд орнатты. Инвесторлар аптаның басты оқиғасы — есептіліктер маусымындағы маңызды аптаға көтеріңкі көңіл күймен кіріп жатыр. «Керемет жетілікке» кіретін бес ірі компания нәтижелерін жариялайды. Сонымен қатар, АҚШ ФРЖ тарапынан пайыздық мөлшерлеменің тағы төмендеуі мүмкін.
Егжей-тегжейі
— S&P 500 индексі 1,23%-ға өсіп, алғаш рет 6800 пункттен жоғары деңгейде жабылды. Бұл — биылғы 35-ші рекорд.
— Dow Jones индексі 0,7%-ға өсіп, 47 544,59 пунктке жетті.
— Технологиялық компаниялар басым Nasdaq индексі 1,86%-ға өсіп, 23 637,45 пункт болды.
— Шағын компаниялар индексі Russell 2000 — 0,28%-ға өсіп, 2520,4 пунктке жетті.
— Уолл-стриттің «қорқыныш индексі» атанған VIX 3,5%-ға төмендеп, 15,79%-ды көрсетті. Алаңдаушылық шегі — 20 пункттен жоғары.
— Тәуекелге деген тәбет артты. Акциялармен қатар, дүйсенбі күні криптовалюталар да қымбаттады. Биткоин — 1%-дан астам, Ethereum — 2%-дан жоғары өсті (CoinGecko дерегі). Ал алтын бағасы 2,8%-ға құлап, унциясы $4000-нан төмендеді. Қысқа мерзімді облигациялар да арзандады (Bloomberg).
Акциялар неге өсті?
Инвесторлар оптимизміне АҚШ пен Қытай арасындағы шиеленістің бәсеңдеуі себеп болды, деп жазады CNBC. Демалыс күндері екі ел өкілдері келіссөздерде прогресс барын айтып, енді нарық Трамп пен Си Цзиньпиннің кездесуінде сауда келісімі жасалады деп күтуде. «Мен Си төрағаға үлкен құрметпен қараймын. Біз мәмілеге келеміз», — деді Трамп дүйсенбіде.
Бұл келісім Қытайдың сирек кездесетін металдарды экспорттауға шектеуін тоқтатуын, АҚШ-тан импортқа 100%-дық баж салығын енгізбеуін, Қытайдың АҚШ соясын қайта сатып алуын және TikTok-тың америкалық бөлігін сату шарттарын қамтуы мүмкін.
Дүйсенбіде әсіресе чип пен процессор өндірушілердің акциялары қымбаттады. Бұл сектор АҚШ пен Қытай арасындағы шиеленіске ең сезімтал салалардың бірі. Nvidia — 2,8%, Broadcom — 2,2%, TSMC — 1,1% өсті. Qualcomm акциясы жаңа AI-чиптерін таныстырғаннан кейін барлық уақыттағы максимумға жетті.
ФРЖ 28–29 қазандағы отырысында пайыздық мөлшерлемені тағы төмендетуі мүмкін. Бұл — компания табыстарына деген болжауларды жақсарта түсті. Осы аптада Alphabet, Amazon, Apple, Meta және Microsoft кварталдық есептерін жариялайды. Apple — 2,3%-ға өсіп, рекорд орнатты. Tesla акциялары бірден 4%-ға қымбаттады.
Сарапшылар не дейді?
Кей сарапшылар Қытаймен қарым-қатынастың жақсаруы нарыққа оң әсер етеді деп санайды. CFRA Research-тің аға инвестициялық стратегы Сэм Стовалл: «Технология саласындағы көптеген болжаулар Қытайсыз жасалған. Егер Қытай қайта қосылса, бұл нарыққа жақсы әсер етуі мүмкін. Шағын және орта компаниялар ірі компанияларға қарағанда арзандау саудаланып жатыр. Егер мөлшерлемелер түсіп, рецессия қаупі болмаса, бұл компаниялар да жақсы нәтиже көрсетуі мүмкін», — дейді.
Алайда кей сарапшылар АҚШ–Қытай арасындағы мәселе саудамен ғана шектелмейді деп санайды. «Қарым-қатынастағы алға жылжулар нарыққа серпін берді. Бірақ қауіпсіздік пен технологиялық бәсеке сияқты түбегейлі мәселелер шешілмейді деген күмән бар. Соған қарамастан, инвесторлар тәуекелге баруға дайын», — деді City Index пен Forex.com сарапшысы Фавад Разакзада (Bloomberg).
Morgan Stanley E*Trade сарапшысы Крис Ларкин: «ФРЖ мөлшерлемені төмендетуге жақын. Бірақ раллидің жалғасуы осы аптадағы есептерге байланысты болады», — деп қорытындылады.
Navellier & Associates инвестициялық директоры Луи Навелье: «Нарық — жалын ішінде. Бұл болашақ табысқа деген үлкен сенімнің көрінісі. Тренд біз жақта», — дейді.








