Qualcomm-ның жаңа ЖИ чиптері Nvidia мен AMD-мен бәсекелеседі

Чип өндіруші Qualcomm деректер орталықтарына арналған жаңа жасанды интеллект чиптерін таныстырды. Бұл чиптер Hexagon нейропроцессорларына негізделген. Бұған дейін олар тек смартфондарға арналған еді. Компания AI200 чипін 2026 жылы, ал AI250 чипін 2027 жылы сатылымға шығаруды жоспарлап отыр. Чиптер сұйық салқындату жүйесімен дайын серверлік шешім ретінде ұсынылады.
Qualcomm бұл чиптер жасанды интеллект үлгілерін іске қосу мен жұмысын қамтамасыз етуге арналғанын айтт. Яғни, олар модельдерді оқытуға емес, пайдаланушылар сұранысына жауап генерациялауға бағытталған. Компания бұл серверлерді пайдалану арзан болады деп сендіреді. Бір серверлік орынды тұтыну — 160 кВт. Бұл Nvidia негізіндегі серверлермен шамалас. Бағалар мен бір серверге қанша NPU орнатылатыны нақты айтылған жоқ.
Qualcomm өз чиптерінің энергия тұтыну, пайдалану құны және жадымен жұмыс істеу тәсілі бойынша артықшылықтары бар дейді. Компания чиптері 768 ГБ жадыны қолдайды. Бұл Nvidia мен AMD шешімдерінен көп.
Qualcomm бұрын негізінен смартфондар мен сымсыз байланысқа арналған чиптер шығарумен айналысты. Бірақ былтыр оның Snapdragon чиптері Intel өнімдерін артта қалдырды. Microsoft ноутбуктерге арналған Copilot+ стандарты үшін дәл осы чиптерді ұсынды — олар энергия үнемдеу мен ЖИ-мен жұмыс істеуге жақсы бейімделген.
Нарыққа әсері
Qualcomm-ның деректер орталықтары нарығына кіруі — жасанды интеллектке арналған сервер фермалары сегментіндегі жаңа ірі ойыншының пайда болғанын білдіреді, деп жазады CNBC. McKinsey болжамынша, 2030 жылға дейін деректер орталықтарына $6,7 трлн инвестиция салынады. Оның көп бөлігі ЖИ-чиптерге негізделген жүйелерге бағытталады.
Қазір бұл нарықта Nvidia көш бастап тұр. Оның графикалық процессорлары (GPU) 90%-дан астам үлесті иеленген. Чиптерінің сатылымы компанияның нарықтық құнын $4,5 трлн-нан асырып жіберді. OpenAI-дың GPT үлгілерін үйрету үшін де дәл осы Nvidia чиптері пайдаланылды.
Алайда OpenAI секілді компаниялар балама іздеп жүр. Жақында стартап AMD компаниясынан чиптер сатып алуға ниетті екенін мәлімдеді. Google, Amazon және Microsoft өздерінің ЖИ-чиптерін жасап жатыр. Intel де Gaudi сериялы ЖИ-жеделдеткіштерін шығарады.
Акцияларға әсері
Дүйсенбі күнгі саудада Qualcomm акциялары бір сәтте 21,6%-ға көтеріліп, $205,5-ке жетті. Бұл — 2024 жылдың шілдесінен бергі ең жоғары көрсеткіш.
Nvidia акциялары 2,6%-ға, AMD акциялары — 0,3%-ға өсті.








