Нарыө Nvidia есебін күтуде: қай акциялар қатты өсуі немесе құлдырауы мүмкін?

Инвесторлардың 19 қарашада жарияланатын Nvidia-ның тоқсандық есебіне реакциясы бүкіл технологиялық сектор бағамының бағытын айқындайды. CNBC телеарнасы соңғы 60 күнде Nvidia-мен ең жоғары корреляция көрсеткен S&P 500 индексіндегі екі акцияны бөліп көрсетті — дәл осы компаниялар ЖИ-бумының басты бенефициарының есебінен кейін ең жоғары құбылмалылық көрсетуі ықтимал.
TSMC
Ең ірі контрактілік чип өндірушімң TSMC акцияларының өздерінің негізгі тапсырыс берушісі Nvidia қағаздарымен корреляциясы 57% деңгейінде. 2025 жылдың басынан бері тайвандық компанияның Нью-Йорктегі бағамдары 40%-дан астам өсті. Аптаның басында Bank of America TSMC акциялары бойынша мақсатты бағасын 9%-ға көтерді — бір акция үшін 1800-ден 1960 жаңа тайвань долларына және ADR үшін $390-ға дейін — және оларды сатып алуға ұсынды.
BofA TSMC-ді «ЖИ-дың ұзақмерзімді өсу трендіне ставка жасаудың ең бағаланбаған тәсілі» деп атады. Банк аналитиктері командасының сенімі озық жартылай өткізгіштер жеткізілімі мен жоғары өнімді есептеулерге (HPC) деген сұранысты зерттегеннен кейін күшейе түскен. Таргеттің көтерілуін BofA «пайда болжамдарының үздіксіз жақсаруы және қайта бағалануға мүмкіндіктердің ашылуымен» түсіндірді.
Supermicro
Сервер өндірушісі Super Micro Computer акцияларының Nvidia-мен 60 күндік корреляциясы 55% деңгейінде. Биыл компания қағаздары 15% қымбаттады. Қараша айында Argus Research Supermicro акцияларының рейтингін «ұстаудан» (Hold) «сатып алуға» (Buy) көтеріп, 12 айлық таргетті $64 деңгейінде белгіледі — бұл қазіргі бағаға қарағанда 84% жоғары.
Argus аналитигі Джим Келлехер компанияның ағымдағы бағасы табыс пен маржаның құлдырауына байланысты бұрынғы қателіктерді толық есепке алғанын, ал нарық болашақтағы серпін әлеуетін назардан тыс қалдырып отырғанын айтады. «Біз акциялар өсім әлеуеті тұрғысынан бағаланбай отыр деп есептейміз», — деп түйіндеді сарапшы.
Нарық Nvidia есебінен не күтеді
LSEG консенсус-болжамы Nvidia тоқсандық табысты 54%-ға серпілтіп, акцияға шаққанда $1,25 көрсетеді деп күеді. Уолл-стрит сондай-ақ компанияның жылдық табысы 57%-ға өсіп, $55 млрд-қа жетеді деп болжайды, деп хабарлайды CNBC.
Нарық сонымен бірге Nvidia-ның жаңа Blackwell чиптер сериясынан мықты көрсеткіш күтуде — дәл осы желі компанияның келесі өсу кезеңін қамтамасыз етеді деп жазуда Bloomberg. Негізгі факторлардың бірі маржа динамикасы болмақ, әсіресе дата-орталықтар сегментінде — бұл бөлім екінші тоқсанда Nvidia табысының шамамен 90%-ын құрады. «Алайда ЖИ-секторындағы акцияларда жиі болатындай, Уолл-стрит реакциясы болашаққа берілетін болжамдарға көбірек тәуелді болады», — деп атап өтеді агенттік.
Контекст
Nvidia болжамдарды орындаса да, бұл бағамдардың серпілісіне алып келмеуі мүмкін, себебі инвесторлардың көңіл күйі салқындап тұр, деп ескертеді Bloomberg. Қазан айында Жапонияның ең бай адамы Масаеси Сон басқаратын SoftBank Group өзге ЖИ-инвестицияларын қаржыландыру үшін Nvidia акциялар пакетін сатты. Технологиялық сектордағы беделді инвестор Питер Тильдің Thiel Macro хедж-фонды да үшінші тоқсанда Nvidia позициясын жапты.
Scion Asset Management — 2008 жылғы қаржы дағдарысы алдындағы ипотекалық нарыққа қарсы ойынымен танылған Майкл Бьюрридің қоры — қараша басында Nvidia бағамдарының құлдырауына жасалған опциондар сатып алғанын жариялады. Бұған дейін культтық инвестор ЖИ-сферасында «көпіршіктің» пайда болғаны туралы бірнеше рет ескерткен.








