Nvidia бастаған техногиганттар акциясының сатылымы АҚШ индекстерін минусқа жіберді

АҚШ қор нарығы 17 қараша, дүйсенбі күні технологиялық компаниялар акциясының жаппай сатылуынан минусқа кетті. S&P 500 индексіндегі 400-ден астам компанияның қағазы арзандады, деп хабарлады Bloomberg.
Инвесторлар осы аптадағы бірқатар маңызды оқиғаны күтіп отыр — Nvidia компаниясының тоқсандық есебі және қыркүйек айына арналған еңбек нарығы жөніндегі деректер, олар шатдаунға байланысты уақытылы жарияланбаған. Нарық жасанды интеллектке байланысты компаниялардың акциясын алаңдаушылықпен қадағалап отыр, себебі олардың артық бағалануы кең көлемді сатылымға әкелуі мүмкін, деп түсіндірді CNBC.
Егжей-тегжейлі
— Көгілдір фишка индексі Dow Jones Industrial Average 17 қарашада 1,2% төмендеді. Оған ең қатты қысым жасаған акциялар — Nvidia (-1,9%), Salesforce (-2,7%) және Apple (-1,8%). Инвесторлар чипмейкер Nvidia қағазын сәрсенбі, 19 қарашада жарияланатын тоқсандық есеп алдында сатуға кірісті. Сонымен қатар, үшінші тоқсанда SoftBank Nvidia-дағы $5,8 млрд үлесін толығымен сатқаннан кейін, АҚШ-тың ең бай инвесторларының бірі Питер Тиль де дәл сондай әрекет жасағанын дүйсенбі күні мәлімдеді.
— Кең нарық индексі S&P 500 0,9% төмендеді. Қараша айы басталғалы ол шамамен 3% жоғалтты, ал соңғы тарихи максимумынан 4% құлады.
— Технологиялық сектор индексі Nasdaq Composite 0,8% төмендеді. Ай басталғалы шығын шамамен 6% болды, бұл оны АҚШ-тың негізгі үш индексі ішінде аутсайдерге айналдырып отыр, деп жазды CNBC. Сол уақытта ЖИ секторындағы түзету аясында сирек кездесетін жағымды жаңалық – Уоррен Баффет басқаратын Berkshire Hathaway компаниясының Alphabet-тегі үлесін жариялауы болды. Сауда сессиясы кезінде технологиялық гигант акциясы рекордтық жоғары деңгейге жетіп, күнді шамамен 3% қымбаттап аяқтады.
— Биткоин төмендеуді жалғастырды: Binance дерегінше, котировкасы $92 000 деңгейінен төмен түсті. Тәулікте токен құны шамамен 2% азайды. Ethereum да сол шамада жоғалтты — бір сәтте ол $3000-дан арзан саудаланды, кейін бағасы жоғары түзетілді. Биткоиннің қозғалысы АҚШ қор нарығы тенденциясының алдын ала индикаторы, деді eToro сарапшысы Брет Кенуэлл CNBC-ге. Оның айтуынша, егер құлдырау жалғаса берсе, бұл басқа тәуекелді активтерге де қысым түсіреді.
Акцияға не әсер етеді?
Инвесторлар Nvidia «тым сақ» болжам береді ме деген алаңдаушылықта, деді Baird стратегі Росс Мэйфилд, оның пікірін CNBC келтіреді. Оның айтуынша, сұраныстың әлсіреуі туралы болар-болмас ишараның өзі нарықта теріс реакция тудыруы мүмкін, себебі инвесторлар ЖИ-чиптерге сұраныс сақталғанына дәлел күтуде. Егер компания өз болашағына қатысты қосымша сенім білдірмесе, осы процессорларды жаппай сатып алған инвесторлар үшін қайтарым қандай болатыны белгісіз күйде қалады, деп түсіндірді сарапшы.
Nvidia есебінен кейін, бейсенбі күні, АҚШ-тың ең ірі ритейлері Walmart қаржылық нәтижелерін жариялайды. CNBC жазуынша, бұл есеп америкалық тұтынушының қаншалықты сенімді күйде екенін көрсетуі мүмкін. «Еңбек нарығына қатысты жаңа деректер жоқ кезде, тұтынушылық сектор акциялары мереке маусымындағы көңіл-күйдің негізгі индикаторы,» — деді Мэйфилд телеарнаға.
Бейсенбі күні ауыл шаруашылығынан тыс жұмыспен қамту туралы қыркүйек айының есебі жарияланады. Бұл — АҚШ үкіметінің жұмысын тоқтатуы салдарынан бірқатар статистика деректерінің кешігуінен кейін шығып отырған алғашқы маңызды дерек. Сонымен қатар, инвесторлар ФРЖ-ның қазан айындағы отырыс хаттамасын күтуде — ол реттеушінің көңіл күйін айқындайды. Телеарна атап өткендей, статистикалық вакуум мемлекеттік органдар өткізіп алған есептерді дайындап болғанға дейін тағы бірнеше апта сақталады. Нарық желтоқсанда мөлшерлеме төмендейді деген үміттен біртіндеп бас тартып келеді: CME FedWatch дерегінше, бұл сценарийдің ықтималдығы бір ай бұрынғы 90%-дан қазір 40%-ға дейін төмендеді.
«Әдетте ай сайынғы жұмыспен қамту есебі аптаның экономикалық күн тәртібін анықтайды. Бірақ соңғы уақытта жасанды интеллектке қатысты компания акциялары қысымға түсіп жатқандықтан, нарықтық импульстің негізгі факторы Nvidia қаржылық нәтижесі болуы мүмкін», — деп түсіндірді «, - деп түсіндірді Morgan Stanley компаниясының өкілі Крис Ларкин Bloomberg-ке.
Алда не болмақ?
Canaccord Genuity сарапшысы Майкл Грэмнің айтуынша, жыл соңына дейін америкалық акциялар соңғы қысымға қарамастан қайта өсуі мүмкін. «Біз әлі де бұқа және аю сигналдарының тепе-теңдігін көріп отырмыз, бірақ жыл соңындағы раллидің болуы ықтимал деген пікірдеміз», — деді ол. Оның сөзінше, АҚШ үкіметінің жұмысы қайта басталғаннан кейін макродеректердің жедел жариялануы құбылмалылықты арттыруы мүмкін, алайда мықты компания есептілігі мен маусымдық факторлар нарыққа қолдау көрсетеді. Қараша мен желтоқсан — тарихи тұрғыда ең күшті айлар, ал S&P 500 индексінің қазіргі деңгейі рекордтан сәл төмен болғандықтан, маусымдық өсімнің іске асуына мүмкіндік бар.
ЖИ-акцияларындағы ықтимал көпіршік туралы пікірлерге қарамастан, HSBC елеулі қауіп көрмейді, деп жазды CNBC. «Біздің ойымызша, жыл соңына қарай раллидің жедел ықтималдығы әлдеқайда жоғары», — деді стратег Макс Кеттнер. Оның айтуынша, компаниялар есеп жариялағаннан кейін өткен конференц-коллдар барысында қызметкерлерді қысқарту туралы мәлімдемелер мүлде тоқтаған, және ЖИ технологиялары жаппай жұмыстан босатуға алып келеді деген белгі байқалмайды. Ал ақша нарығы қорларына инвестиция көлемінің артуы, керісінше, инвесторлардың тым сақтанып отырғанын көрсетеді және тәуекелді активтерді сатып алу үшін кері сигнал ретінде қарастырылады, деп атап өтті Кеттнер.
UBS акциялары бойынша стратегі Аарон Норвиктің болжамынша, S&P 500 индексі жыл соңына дейін 7000 пункттен жоғары көтеріледі, деп жазды Bloomberg. Бұл 17 қарашадағы жабылудан шамамен 5% өсуді білдіреді. Сарапшы нарықтағы кез келген түзетуді сатып алу мүмкіндігі ретінде пайдалануға кеңес берді. Оның айтуынша, «қарашада сатып ал» стратегиясы — яғни келесі алты айға, сәуірге дейін инвестициялау — әдетте мамырдан қазанға дейінгі кезең әлсіз маусым дегенге қарамастан, жақсы өсім көрсеткен жылдары ерекше жоғары кірістілік береді. Былтыр дәл солай болды. 1950 жылдан бері мұндай жағдайда жылдың соңғы екі айында индекс орташа 7,3% өседі.








