«Облигация королі» дабыл қақты: дағдарыс жақындады, капиталды қайда салуымыз керек?

DoubleLine Capital негізін қалаушы, инвестор Джеффри Гандлахтың айтуынша, нарық «мания» кезеңіне жетті. Әсіресе жеке кредит беру нарығындағы жағдай қатты алаңдатады — оның сөзінше, дәл осы сектор келесі ірі қаржылық дағдарысты тудыруы мүмкін. Ол капиталды қорғау үшін инвесторларға қандай активтерді қайда салуға кеңес берді?
Егжей-тегжейлі
Джеффри Гандлах — «облигация королі» атанған, қарыз нарығында тәжірибелі инвестор жеке кредит берудің тәуекелі мен жасанды интеллектке артылған шамадан тыс үміттің салдарынан нарықтық құлдырау көріп отыр, деп жазды Bloomberg.
«АҚШ акциялар нарығы – менің бүкіл карьерамдағы ең «денсаулығы нашар» күйде. Нарық тым спекулятивті сипатқа ие, ал спекулятивті нарықтар әрқашан ессіз биіктерге жетеді. Бұл әрдайым солай болады», — деді Гандлах Bloomberg-тің Odd Lots подкастында.
Гандлах қайда қараса да, активтердің тым жоғары бағаланғанын атап өтеді. Ол акциялар нарығындағы бағалаулардың шектен тыс екенін айтып, инвесторларды «аса спекулятивті» мәмілелерден сақтандырды. Оның пікірінше, спекулятивті мінез-құлықтың ең айқын белгілері ЖИ мен дата-орталықтарына жасалған ставкаларда байқалып отыр.
«Мания кезеңінде импульске негізделген стратегияға өте сақ болу қажет – ал дәл қазір біз сондай кезеңде тұрған сияқтымыз», — деп атап өтті Гандлах.
Ол сондай-ақ көлемі $1,7 трлн болатын жеке кредит беру нарығы «қоқыс кредиттеріне» (junk lending) тым әуестеніп кеткенін, бұл келесі жаһандық күйреудің триггеріне айналуы мүмкін екенін айтады. Гандлах қаржы дағдарысы қарсаңында субстандартты ипотекаға берілген AAA рейтингтерімен параллель жүргізіп, жеке капиталды басқаратын компаниялар өз несиелерінің құнын шынайы бағаламай отырғанын ескертті.
«Қаржы нарықтарындағы келесі ірі дағдарыс жеке кредит берумен байланысты болады. Оның белгілері 2006 жылы субстандартты ипотекаларды қайта қаптау кезінде байқалған жағдайға ұқсайды», — деді ол.
Қыркүйекте автокредитор Tricolor Holdings пен автокөлік бөлшектерін жеткізуші First Brands Group-тың күйреуі Гандлах көп жылдан бері айтып жүрген болжамдарының өзектілігін арттыра түсті, деді Bloomberg. Tricolor мен First Brands банкротынан кейін АҚШ-тың ең ірі банкі JPMorgan-ның басшысы Джейми Даймон да нарықты сақ болуға шақырды: «Бір тарақанды көрсен – арты тағы бар деген сөз».
Гандлах қандай стратегия ұсынды?
Гандлахтың айтуынша, жеке кредит беру нарығы жарылуға дайын «оқ-дәрі қоймасы» болса да, оған қарсы ақша табудың оңай жолы жоқ. Мысалы, ол жоғары табысты облигацияларды (high-yield) шортқа қоюды жоспарламайды — себебі, мұндай стратегия «әрдайым залал әкеледі». Сондықтан ол қарапайым стратегияны ұстанды: қолма-қол ақшаны көбейтіп, жеке кредит беру нарығынан аулақ жүру.
DoubleLine Capital негізін қалаушы инвесторларға портфельдің 20%-ын қолма-қол ақшамен ұстауды ұсынды — бұл мүмкін нарықтық құлдырауға қарсы сақтандыру ретінде қызмет етеді.
Тіпті алтынға қатысты да – биыл жылдың басында оның №1 таңдауы болғанына қарамастан Гандлах қазір портфельдің 15%-ын ғана бөлуді ұсынды (бұрын 25% деген). Ол алтынды әртараптандыру құралы деп санайды және оны кез келген стандартты активтер жиынтығына енгізу керек деді. Алайда ол жалпы алғанда инвесторлардың бүгінгі күні шынымен жақсы баламалары аз екенін ескертеді.
«Қаржы активтері портфельдерде әдеттегіден аз үлеске ие болуы тиіс, – деді Гандлах. – Қаржы нарықтарындағы проблемалар әрдайым адамдар өздері қауіпсіз деп санайтын нәрсені сатып алған кезде басталады. Оларға бұл активтерді «сенімді, қауіпсіз» деп сатады, бірақ шын мәнінде олай емес».








