Нашар несиелер нарыққа жаңа алаңдаушылық әкелді: S&P 500 индексі минуста жабылды

16 қазан, бейсенбі күні АҚШ-тың төрт негізгі қор индексі күнді қызыл аймақта жапты, яғни күн басындағы өсімді жоғалтты. Нарыққа қысым жасаған басты фактор — инвесторлардың нашар несиелерге байланысты алаңдаушылығы аясында банк акцияларының арзандауы болды. Сондай-ақ, нарық қатысушылары сауда саласындағы шиеленістің және елдегі шатдаунның жалғасуын мұқият қадағалап отырды.
Егжей-тегжейлі
— Кең нарық индексі S&P 500 бейсенбі күнгі саудада 0,63% минуста жабылды. Банктік сектор жаңалықтары шыққанға дейін индекс 0,6% өсіп тұрған.
— Технологиялық сектордың Nasdaq Composite индексі күн ішінде 0,47% төмендеді.
— «Көгілдір фишкал» индексі Dow Jones Industrial Average бейсенбіде 0,65% түсті.
— Кіші капитализациялы компаниялар индексі Russel 2000 2,1% төмендеді.
Қор нарығындағы көңіл-күйдің нашарлауы Уолл-стриттің «қорқыныш индексінің» — Cboe VIX — күрт өсуінен де байқалды: бейсенбі күні ол 25,3 пунктке дейін көтеріліп, мамыр айынан бергі максимумға жетті. Сонымен қатар, облигациялар кірістілігі төмендеп, доллар бағамы да әлсіреді. 10 жылдық қазынашылық қағаздардың кірістілігі 4%-дан төмен түссе, доллар индексі 0,4% төмендеп, сессия ортасында күн ішіндегі минимумға түстіі.
Алтын бағасы жаңа рекорд орнатты: спот бағасы шамамен 2,7% өсіп, $4322,77-ға жетті. Ал биткоин бағамы 2%-дан астам төмендеп, ең ірі криптовалютаның құны $108 000 деңгейінен төмен түсті, деп хабарлады CoinGecko сервисі.
Қазіргі жағдай
Zions және Western Alliance аймақтық банктерінің акциясы бейсенбі күні сәйкесінше 13,1% және 10,8% құлдырады. Zions банкі үшінші тоқсанда кәсіпорындар арасындағы проблемалы қарыз алушылардың $50 млн берешегін есептен шығармақ, ал Western Alliance өз қарыз алушыларының бірін алаяқтық жасады деп айыптады. Банктік салаға қысым автонесие беруші Tricolor Holdings пен автобөлшек өндіруші First Brands компанияларының жақындағы банкроттықтары аясында күшейіп отыр, деп түсіндірді Barron’s. First Brands-пен байланысты Jefferies компаниясының акциясы бейсенбіде 10,6% төмендеп, ал қазан айының басынан бері 25% арзандаған.
АҚШ-тағы ең ірі банк JPMorgan бас директоры Джейми Даймон осы аптада банкроттықтар мен несие нарығындағы тәуекелдерге қатысты пікір білдіріп, былай деді: «Егер сіз бір тарақанды көрсеңіз — демек, олардың тағы бар екеніне күмән болмасын».
Нарық әлі де белгісіздік жағдайында. Өткен аптада Дональд Трамп Қытайға жаңа баж салығын енгізетінін ескертіп, ал сейсенбіде өсімдік майымен сауда жасауға тыйым салуы мүмкін деп мәлімдеді. Бұған қоса, инвесторлар АҚШ федералды үкіметінің жұмысының уақытша тоқтауы мәселесін мұқият бақылап отыр — ол үшінші апта қатарынан жалғасуда. Шатдаун салдарынан федералдық агенттіктердің маңызды экономикалық деректерді жариялауы белгісіз мерзімге кейінге қалдырылған, деп жазды CNBC.
Сарапшылар пікірі
— «Қазір нарық несиелеуге байланысты кез келген залалға өте сезімтал әрі мазасыз реакция білдіруде, — деді Argent Capital Management компаниясының портфельдік менеджері Джед Эллербрук CNBC арнасына берген сұхбатында. — Аймақтық банктердің мәлімдемелерін ескерсек, инвесторлар наразылық білдіруде, салдарынан бүгінде шағын банктер мен қаржы компанияларының акциясының басым бөлігі минуста тұр».
— «Несиелік тәуекел тұрғысынан қарағанда, егер несие кәдімгі шаруашылық қызметтен емес, алаяқтықтың салдарынан проблемалы болып қалса — бұл жақсы ма, жаман ба?» — деп сұрақ қояды Truist сарапшысы Дэвид Смит, Zions банкіне қатысты жағдайды түсіндіре отырып. — «Қалай болғанда да, соңғы уақытта банктердің коммерциялық несие портфельдерінде мұндай «жекелеген жағдайлар» көбейіп кетті, сондықтан инвесторлар алдымен акциясын сатып, кейін не болып жатқанын түсінуге тырысып отыр», — деді ол.
— KBW сарапшысы Кристофер МакГрэтти болса, «Western Alliance банкінің шығыны азайғанымен, салада мұндай «бір реттік» несиелік проблемалардың жиілеуі инвесторлардың көңіл-күйіне қысым түсіріп отыр — әсіресе несиелік тәуекелге сезімтал деп саналатын акцияларға қатысты», — деп қосты.








