PayPal серіктесі қателесіп $300 трлн стейблкоин шығарып жіберді. Салаға қаупі қандай?

PayPal стейблкоинін басқаратын Paxos компаниясы 15 қазанда блокчейнде жалпы сомасы $300 трлн болатын қамтамасыз етілмеген PYUSD токендерін қате шығарып жіберген. Компания бұл туралы ресми мәлімдеме жасап, қателікті мойындады, деп хабарлады Barron’s. Шамамен 30 минуттан кейін бұл активтер «жойылған» — яғни децентрализденген реестрінен өшірілген, деп жазды басылым.
«Paxos қателікті дереу анықтады, — делінген компанияның X әлеуметтік желісіндегі жазбасында. — Бұл ішкі техникалық ақау болды. Қауіпсіздік бұзылған жоқ. Клиенттердің қаражаты толық қауіпсіздікте. Қателіктің себебі жойылды», — деп хабарлады компания.
Бейсенбі күнгі саудада PayPal акциясы 2,8% арзандап, $66,05 деңгейіне түсті. Бұл — 10 қыркүйектен бергі мимималды жабылу бағасы. 2025 жылдың басынан бері компания қағазы шамамен 23% арзандады.
Сала үшін не білдіреді?
Бұл жағдай цифрлық актив пен стейблкоиннің рөліне қатысты бірқатар маңызды мәселелерді ашып көрсетті. Қазір стейблкоин криптоэкономика үшін жүйелік маңызға ие, деп жазды Barron’s.
Paxos жағдайы эмитенттер (стейблкоин шығарушылар) алдымен токендерді шығарып, кейін ғана нақты активтермен қамтамасыз ете алатынын көрсетті. Мұндай цифрлық валюталардың тұрақтылығының негізгі шарты — әрбір токеннің бір доллармен немесе соған тең эквивалентпен қамтамасыз етілуі. Бұл талап — реттеуші органдар мен заң шығарушылардың стейблкоиндерді қабылдауындағы басты фактордың бірі. АҚШ Конгресі биыл жазда қабылдаған GENIUS Act заңы доллармен қамтамасыз етілген стейблкоиндерді реттеудің негізгі ережелерін бекітті. Ол эмитенттерге әр токенге толық қамтамасыз етуді — АҚШ валютасында немесе федералды және аймақтық реттеушілердің бақылауындағы қысқа мерзімді мемлекеттік облигациялар түрінде ұстауды міндеттейді.
Barron’s атап өткендей, Paxos нақты резервсіз осындай орасан соманы оңай шығара алуы стейблкоиндердің қауіпсіздігіне қатысты маңызды сұрақтар туғызуы тиіс. Бұған дейін де қамтамасыз етілмеген криптоактивтер шығару ауыр салдарға әкелген мысал болған — 2022 жылы TerraUSD жобасының күйреуі доллармен немесе қазынашылық облигациялармен нақты қамтамасыз етілмегендіктен басталып, криптонарықтағы жаппай құлдырауға себеп болды, деп еске салады басылым.
$300 трлн көлеміндегі қамтамасыз етілмеген активтердің, тіпті қысқа уақытқа және салдарсыз болса да, бір ғана ішкі қате арқылы пайда болуы криптоэкожүйенің барлығы шын мәнінде децентрализденбегенін көрсетеді. Яғни, стейблкоиндер мен олардың эмитенттері іс жүзінде орталықтандырылған, ал бұл өз кезегінде тәуекелдердің де бір жерде шоғырлануына әкеледі, деп түйіндейді Barron’s.








