Nasdaq 1,8% құлады: Oracle техсектордағы инвесторларды қорғаныс іздеуге итермеледі

Nasdaq Composite технологиялық индексі 17 желтоқсанда 2%-ға жуық құлады. Бұған Oracle акциясының төмендеуі әсер етіп, ЖИ-мен байланысты өзге қағаздарды да төменге тартты. FT хабарлуынша, Oracle дата-орталықтарының біріндегі жобада инвесторынан айырылғанын хабарлағаннан кейін, Уолл-стритте ЖИ «көпіршігіне» қатысты алаңдаушылықтың жаңа толқыны күшейді. Инвесторлар жыл соңында тәуекелі төмендеу «сенімді акцияларға» бет бұрып, қорғаныс стратегиясын таңдаған, деді сарапшылар.
Егжей-тегжейлі
— Nasdaq Composite технологиялық индексі 17 желтоқсанда 1,8% құлады. Төмендеуге Oracle, Nvidia, Broadcom, AMD және Alphabet акциясының үлесі басым. Бұған ЖИ-акциялардың артық бағалануы және ЖИ жобаларын монетизациялау мерзіміне қатысты күмән әсер етті, деп жазды CNBC.
— S&P 500 кең нарық индексі 1,16% төмендеп, қатарынан төртінші сессияда шығынмен жабылды. Индекске ЖИ-инфрақұрылымымен байланысты компания акцияларының жаппай сатылуы да қысым көрсетті.
— Dow Jones Industrial Average («көгілдір фишкалар» индексі) 0,47% жоғалтты. Nasdaq пен S&P 500-ге қарағанда технологиялық компаниялардың үлесі аз болғандықтан, төмендеу салыстырмалы түрде жұмсағырақ болды, алайда индекс те төртінші сессия қатарынан минуста жабылды.
Акцияларға не әсер етті?
Бұған дейін ЖИ-раллидің көшбасшыларының қатарында болған Oracle акциясы 5,4% құлады. Бұған себеп, Financial Times басылымының Oracle-дың дата-орталықтары бойынша ең ірі серіктесі Blue Owl Capital компанияның Мичиган штатындағы құны $10 млрд болатын жаңа жобаны қолдаудан бас тартқаны туралы хабарламасы. FT дереккөздерінің айтуынша, бұған бағдарламалық жасақтама әзірлеушінің қарызының өсуі мен жасанды интеллектке жұмсалатын шығындардың артуына қатысты «күшейіп келе жатқан алаңдаушылық» әсер еткен. Ал Oracle келіссөздер «жоспарға сай» жүріп жатқанын және мәмілеге Blue Owl кірмейтінін мәлімдеді.
CNBC жазуынша, соңғы апталарда инвесторларды компаниялардың дата-орталықтар салу жоспарларына байланысты тәуекелі жоғары қаржыландыру схемалары алаңдатып отыр. Өткен аптада Oracle тіпті Bloomberg-тің ChatGPT әзірлеушісі OpenAI үшін салынатын дата-орталықтардың бір бөлігін 2028 жылға қалдырды деген ақпаратын жария түрде жоққа шығаруға мәжбүр болды.
MarketWatch атап өткендей, Oracle-дан кейін ЖИ секторының өзге компанияларының да, соның ішінде Broadcom, Nvidia, AMD және Micron акциясы төмендеді. «Oracle мен CoreWeave-тің жаңа бұлтты сервистерінің дата-орталық құрылыстарын қаржыландыру қабілетіне қатысты күмән бүкіл ЖИ секторына әсер етіп отыр», — деп келтірді басылым D.A. Davidson сарапшысы Гил Лурияның пікірін.
Сарапшылар пікірі
«Біз ірі капитализациялы өсім акцияларынан ірі капитализациялы құнды қағаздарға айқын ауысуды көріп отырмыз. Негізі, инвесторлар келесі жылды ескере отырып, қорғаныс позициясын ұстануда», — деді CNBC-ке Zacks Investment Management компаниясының клиенттермен жұмыс жөніндегі портфельдік менеджері Брайан Малберри. Оның айтуынша, қазір басты сұрақ — «жасанды интеллектке салынған осы орасан инвестицияны кім монетизациялай алады».
Малберридің пікірінше, артық бағаланған акциялардан «неғұрлым әділ бағаланған секторларға» ауысу 2026 жылы да жалғасады. Мұны ФРЖ-ның ақша-несие саясатына қатысты белгісіздікпен бірге алғанда, нарықтағы құбылмалылықтың артуына әкелуі мүмкін. «Қазір ЖИ-дің қашан және қай жерде табыс әкеле бастайтынын түсінуге көмектесетін жекелеген факторларды, мысалы, еркін ақша ағынын талдау аса маңызды. Балансты әдемілеп көрсетуге болады, ал еркін ақша ағынын — жоқ. Бұрын кірістіліктің негізгі драйвері болған нәрсе енді нарық үшін ең үлкен тәуекелге айналды», — деді сарапшы.
Ал Cresset Capital Management компаниясының аға инвестициялық стратегы Джек Эйблин Bloomberg-ке берген пікірінде: «ЖИ нарықты айқындайтын инвестициялық тақырып болып қала береді, бірақ шаршау белгілері көріне бастады. Секторлардың бағалануы жоғары, инфрақұрылымға жұмсалатын шығындар бұрын-соңды болмаған деңгейде, ал ынта бұрынғы спекулятивті циклдарды еске салады», — деп мәлімдеді.








