Nasdaq-тың мамырдан бергі ең мықты күні: технологиялық акциялар 2,7% өсті

АҚШ акциялары қысқарған сауда аптасын айтарлықтай өсіммен бастады. Nasdaq Composite технологиялық индексі 24 қарашадағы сауда қорытындысы бойынша 2,7% көтерілді. Бұл — индекс үшін мамырдан бергі бір күн ішіндегі ең жоғары өсім, деп жазады Yahoo Finance.
Өсім көшбасшыларының қатарында ЖИ-мен байланысты компаниялар болды. Alphabet акциялары 6%-дан артық өсіп, тарихта алғаш рет $300 деңгейінен жоғары бағамен жабылды. Broadcom акциялары 11%-ға, Micron — 8%-ға, Palantir және AMD шамамен 5%-ға қосты.
Кең нарық индексі S&P 500 күн қорытындысында 1,6% өсті. Технологиялық компаниялар саны аздау болатын Dow Jones Industrial Average индексі 0,4% көтерілді.
Неге акциялар өсіп жатыр?
ФРЖ желтоқсанда мөлшерлемені төмендетуі мүмкін деген белгілер пайда болған сайын инвесторлардың тәуекелді активтерге қызығушылығы қайта оралды, деп жазады Barron’s. Өткен апта соңында Нью-Йорк ФРБ басшысы Джон Уильямс жақын уақытта мөлшерлеме төмендеуі ықтимал екенін айтты. 24 қарашада ФРЖ Басқарушылар кеңесінің мүшесі Кристофер Уоллер және Сан-Франциско ФРБ басшысы Мэри Дейли желтоқсандағы отырыста мөлшерлемені төмендетуді қолдайтынын мәлімдеді. CME FedWatch Tool дерегінше, трейдерлер мұндай шешімнің ықтималдығын қазір 85% деп бағалап отыр, ал өткен аптада бұл көрсеткіш 30% болған.
BNP Paribas-тың АҚШ бойынша экономисі Джеймс Эгельхоф Bloomberg Television эфирінде экономиканың қазіргі жағдайын әртүрлі интерпретациялауға болатынын айтты, себебі кешігіп жарияланатын статистикалық деректер біркелкі көрініс бермейді. «Бұл біз үйренгеннен әлдеқайда күрделі үдеріс. Сонымен қатар біз ФРЖ төрағасы Джером Пауэлл мөлшерлемені төмендетуді жалғастырғысы келеді. Оны жүзеге асыруға жеткілікті дауыс бар. Біздің пікірімізше, қазіргі деректер оған мөлшерлемені тағы бір рет төмендетуге және еңбек нарығын баяу нашарлаудан қорғауға мүмкіндік береді», — деді ол.
Контекст
Бұл апта АҚШ нарығы үшін қысқа болады. Бейсенбіде биржалар Алғыс айту күніне байланысты жабылады, ал жұмада сауда әдеттегіден ертерек аяқталады. Бұл төмен өтімділік жағдайында кез келген жаңалыққа инвесторлардың реакциясын күшейтуі мүмкін, деп ескертеді CNBC.
Алдағы күндері сауда көлемі аз болады деп күтіледі. Сарапшылар құбылмалылық күшейе түсуі мүмкін екенін айтады, әсіресе жаңа деректер «стагфляция белгілерін» көрсетсе.








