Nebius 3,75 млрд $ тартты. Microsoft-пен келісімнен кейін акция бағасы 44%-ға өсті

«Яндекстің» негізін қалаушы Аркадий Волож ЖИ компания Nebius-ке 3,75 млрд $ көлемінде акция мен облигация орналастырды. Құнды қағаздар келісім жарияланғанға дейінгі деңгейден 44%-ға қымбат бағада сатылды. Бұл ЖИ нарығындағы компаниялардың құны қаншалықты тез өзгеретінін көрсетеді, деп жазды MarketWatch.
Егжей-тегжейі
Жасанды интеллектке арналған бұлттық сервистерді жеткізуші Nebius шамамен 3,75 млрд $ тартты. Қаражат конверттелетін облигациялар мен акцияларды сатудан түсті. Компания конверттелетін облигацияларды бастапқы 2 млрд $ орнына 2,75 млрд долларға дейін өсірді. Сонымен қатар, 1 млрд $ шамасында акция сатылды, бір қағаздың бағасы 92,50 $ болды. Бұл Microsoft-пен ірі келісім жасалғанға дейінгі бағадан 44%-ға жоғары.
Конверттелетін облигациялар екі траншпен орналастырылды: әрқайсысы 1,375 млрд $. Бірінші сериясы 1% купонмен 2030 жылы өтеледі, екіншісі 2,75% купонмен 2032 жылы. Конверсия бағасы 138,75 $ болып белгіленді, бұл орналастыру кезіндегі бағадан 50%-ға қымбат, деп жазды Bloomberg.
Компания түсетін қаржыны «бизнесті әрі қарай өсіруге, қосымша есептеу қуаты мен жабдық сатып алуға, стратегиялық маңызы бар жер телімдерін сенімді провайдерлерден алуға, деректер орталықтарын кеңейтуге және жалпы корпоративтік мақсаттарға» жұмсайтынын хабарлады.
11 қыркүйекте АҚШ-тағы саудада компания қағаздары 2%-дан астам төмендеді. Бірақ 2025 жылдың басымен салыстырғанда Nebius акциялары 230%-ға өскен.
Контекст
Амстердамдық Nebius 8 қыркүйекте Microsoft-пен келісімге қол қойғанын жариялады. Шарт бойынша компания америкалық IT-алыпқа графикалық процессорлар (GPU) негізіндегі инфрақұрылым қуатын бес жылға береді. Келісім құны 17,4 млрд $, бірақ Microsoft қосымша қуат сатып алу құқығына ие. Осылайша мәміленің жалпы көлемі 19,4 млрд долларға дейін ұлғаюы мүмкін.
Nebius жаңа дата-орталық базасында GPU инфрақұрылымына қолжетімділік береді. Ол АҚШ-тың Нью-Джерси штатындағы Вайнленд қаласында салынып жатыр, іске қосылуы 2025 жылдың соңына жоспарланған.








