Netflix акциялары әлі де өсе түседі. Evercore жаңа мүмкіндіктерді атап өтті

Жыл басынан бері Netflix акцияларының бағасы өсті. Сауда шиеленісі жағдайында көптеген сарапшы бұл компанияны сенімді актив деп бағалап отыр.
Evercore ISI талдаушысы Netflix-тің акцияларына қатысты мақсатты бағаны көтеріп, олардың шамамен тағы 15%-ға қымбаттауы мүмкін деп болжады. Бұл акциялар қазірдің өзінде тарихи максимумға жақын саудаланып жатыр. Инвестбанк жүргізген жаңа сауалнама көрсеткендей, респонденттердің жартысынан көбі Netflix платформасындағы тікелей трансляцияларды көрген және олардың саны артса, жазылымын жалғастыру ықтималдығы жоғары. Бұған қоса, Netflix қолданушылардың қанағаттану деңгейі бойынша алда келеді және Amazon Prime Video мен Disney-дің Hulu қызметінен озық тұр.
Алайда Уолл-стритте барлығы мұндай оптимизммен келіспейді. Кейбір талдаушылар Netflix акциялары шектен тыс қымбат деп есептейді.
Егжй-тегжейі
Evercore ISI-дің сарапшысы Марк Махани Netflix-тің акцияларына қатысты мақсатты бағаны 1150 доллардан 1350 долларға дейін көтерді және компанияға «нарықтан жоғары нәтиже көрсетеді» (Outperform) деген баға берді. Оның болжауынша, акциялар әлі де 14%-ға дейін өсуі мүмкін.
Evercore бұл болжамды АҚШ пен Ұлыбританиядағы 1300 адамнан сауалнама алу нәтижесіне негіздеген. Зерттеу көрсеткендей, тікелей трансляциялар Netflix-тің жаңа өсім драйверіне айналуда. Мысалы, АҚШ-тағы респонденттердің 53%-ы платформадан тікелей эфир көрген. Жартысынан көбі мұндай трансляциялар көбейсе, жазылымын ұзартады деп жауап берген.
«Тікелей эфирге деген қызығушылық өсіп келеді. Бұл «бәрі бір пакетте» моделінің мықты екенін көрсетеді. Есіңізде ме, кабельдік телеарна үшін қанша төлейтін едіңіз? Біз ол туралы ұмыттық, бірақ Netflix-тің премиум жазылымы (24.99$) әлдеқайда арзан», — дейді Махани.
2024 жылдың төртінші тоқсанында Netflix рекордтық 19 миллион жаңа жазылушы тартты. Бұған Джейк Пол мен Майк Тайсон арасындағы бокс жекпе-жегі және Ұлттық футбол лигасының Рождестволық матчтары себеп болды. Бұл жекпе-жек — тарихтағы ең көп қаралған спорттық трансляция болды.
2025 жылдың алғашқы тоқсанында жазылым бағалары өскеніне қарамастан, компанияның табысы арта берді. CNBC мәліметінше, Netflix ұзақ мерзімді мақсат ретінде 1 трлн долларлық капитализацияға және 2030 жылға дейін табысты екі есе арттыруға ұмтылады.
Сауалнама нәтижесіне қарағанда АҚШ-тағы қатысушылардың 40%-ы, Ұлыбританиядағы 67%-ы Netflix-ті контент сапасы бойынша ең үздік платформа деп бағалаған. Бұл көрсеткіштер Netflix-ке Amazon Prime Video мен Hulu-дан алда болуға мүмкіндік беріп отыр.
Акция бағасы қандай?
30 мамыр күні Netflix акциялары 1,5%-ға өсіп, 1202 $ болды. 28 мамырда 1215,9 $ деңгейіне жетіп, тарихи рекорд орнатты. Компанияның нарықтық құны алғаш рет 500 млрд доллардан асты.
Жыл басынан бері Netflix акциялары 35%-ға қымбаттады, ал S&P 500 индексі тек 0,5% өскен. Barron’s басылымы бұл активті сауда соғыстары кезінде қауіпсіз айлақ ретінде сипаттайды, себебі ол физикалық тауар емес, контент экспорттайды.
Басқа сарапшылар не дейді?
Citi сарапшысы Джейсон Базине де мақсатты бағаны 1020 доллардан 1250-ге дейін көтерді, бірақ «бейтарап» (Neutral) рейтингін сақтап қалды. Оның айтуынша, инвесторлар тым артық үміт артып, акция құнын негізсіз көтеріп жіберген.
JPMorgan талдаушысы Даг Энмут Netflix акцияларын «ұсынылатын» (Overweight) тізімінен алып тастап, «бейтарап ұстау» (Hold) позициясын таңдады. Дегенмен, ол мақсатты бағаны 1150 доллардан 1220-ға дейін көтерді.
«Қысқа мерзімде акция бағасы тым тез өсті, сондықтан қазір тәуекел мен пайда арақатынасы теңестірілді», — дейді Энмут. Бірақ ол ұзақ мерзімді болжамда Netflix стриминг саласының көшбасшысы болып қала береді деп санайды.
Уолл-стриттегі 54 сарапшының 38-і Netflix акцияларын сатып алуға кеңес береді. 15-і бейтарап позицияда, ал тек 1 талдаушы ғана сатуға кеңес берген.
Бірақ сарапшылардың ортақ баға болжамы — 1164 $, яғни қазіргі бағадан сәл төмен.








