Netflix-тің тоқсандық есебі Уолл-стритті қанағаттандырмады

Стриминг саласының алпауыты Netflix үшінші тоқсанға арналған қаржылық есебінде Уолл-стриттің үмітін ақтамады. Компанияның айтуынша, көрсеткіштердің төмен болуына Бразилиядағы салық органдарымен ұзаққа созылған дау әсер еткен. Дегенмен бұл мәселе келешектегі нәтижеге әсер етпейді деп сендірді. Есеп жарияланғаннан кейін Netflix акциялары қосымша сауда сессиясында шамамен 6,5%-ға арзандады.
Егжей-тегжейі
Әлемдегі ең қымбат ойын-сауық компаниясы болып саналатын Netflix үшінші тоқсанда кірісін 17%-ға арттырып, 11,51 миллиард долларға жеткізді. Бұл көрсеткіш компанияның өзі болжаған деңгеймен сәйкес келді. Бұл өсімге жазылушылар санының көбеюі, бағаны өзгерту және жарнама табысының артуы әсер етті, делінген есепте. FactSet жүргізген сауалнама нәтижесіне қарағанда, сарапшылар да дәл осындай кірісті күткен.
Алайда компания пайда бойынша күткен үмітті ақтамады: бір акцияға шаққандағы түзетілген пайда 5,87 доллар болды, ал сарапшылардың орташа болжамы — 6,96 доллар еді.
Netflix сонымен қатар операциялық маржа 28% болғанын хабарлады. Бұл жоспарланған 31,5%-дан төмен. Мұның себебі — Бразилиядағы салық дауына байланысты күтпеген шығындар. Компания бұл дауға орай 619 миллион доллар көлемінде төлем жасағанын, егер бұл болмағанда болжамнан асып түсетінін айтты. Сонымен қатар: «Бұл жағдай болашақтағы қаржы нәтижесіне айтарлықтай әсер етпейді», — деп мәлімдеді Netflix.
Ағымдағы тоқсанда компания кірісті тағы 17%-ға өсіруді жоспарлап отыр. Бұл Уолл-стрит болжамынан сәл жоғары. Басшылықтың айтуынша, жаңа жазылушыларды тартуға және барын сақтап қалуға алдағы премьералар көмектесуі тиіс. Олардың қатарында «Франкенштейн» фильмі, NFL-дің рождестволық матчтары және «Өте оғаш оқиғалар» сериалының соңғы маусымы бар.
Bloomberg жазғандай, инвесторлар платформаны пайдалануға бөлінетін уақыттың артпай жатқанына алаңдап отыр. Бірақ Netflix бұл күмәнді сейілтуге тырысып, АҚШ пен Ұлыбританияда көру белсенділігінің рекордтық деңгейге жеткенін айтты. 2022 жылдың төртінші тоқсанынан бері бұл көрсеткіш АҚШ-та 15%-ға, ал Ұлыбританияда 22%-ға өскен. Компания жарнама сатылымы бойынша да ең жоғары нәтижеге жеткенін хабарлап, жыл соңына дейін жарнама табысын екі есеге арттыруға уәде берді.
Акциялар бойынша жағдай
Тоқсандық есеп жарияланғаннан кейін Netflix акциялары қосымша саудада 6,4%-ға төмендеді.
«Netflix нәтижесі — бұл есеп беру маусымының басында көргіміз келген нәрсе емес», — деп жазды Investing.com аға сарапшысы Томас Монтеро. Оның айтуынша, салық мәселесі маржаға әсер еткені анық, бірақ ең бастысы — компания бұрынғыдай тез өсе алмады.
Соңғы уақытта стриминг нарығындағы бәсекелестік пен Netflix-тің өсу әлеуетіне қатысты күмәндер акция бағасына қысым жасап отыр. Barron’s есебінше, маусым айындағы рекордтық жабылу бағасымен салыстырғанда, акциялар шамамен 10%-ға арзандаған. Дегенмен, жыл басынан бері компанияның нарықтық құны 40%-ға жоғарылап отыр.
Компанияда не болып жатыр?
Barron’s жазғандай, тоқсан табысты болады деген үміт болған. Себебі контент өте мықты еді — соның ішінде Netflix-тің ең танымал жобаларының бірі — «Кейпоп — жын аулаушылар» фильмі шықты. Сонымен қатар, платформа Канело Альварес пен Теренс Кроуфорд арасындағы бокс кездесуін тікелей эфирде көрсетті.
Басылымның жазуынша, кейбір инвесторлар Netflix-тің соңғы жылдардағы тұрақты өсу қарқыны баяулап келе жатқанын айтып, алаңдаулы. Соңғы жылдары компания бір аккаунтты бірнеше адамға қолдануға шектеу қойып, жарнама бар арзан тарифтерді іске қосты. Жыл басында барлық жазылым түрлеріне бағаны өсірді. Енді компания қолдағы клиенттерді сақтап, жаңаларын тарту үшін тың тәсілдер табуы керек. Barron’s Netflix-тің фокусын контенттің жаңа түрлеріне — спорттық трансляциялар, отбасыға арналған ойындар, бейне подкасттар мен басқа жобаларға бұрғанын оң қадам деп бағалайды.
Соған қарамастан, стриминг саласындағы алпауыт компания алдында бірқатар қауіп бар. Ең бастысы — Paramount+, HBO Max, Disney+ және Peacock сияқты бәсекелестер. Nielsen зерттеуіне сәйкес, Alphabet-ке тиесілі YouTube жалпы көру уақыты бойынша әлі де көш бастап тұр және Netflix-ті басып озған.
CNBC-ге берген пікірінде EMarketer-дің аға сарапшысы Росс Бенес: «Netflix жарнама сату бойынша үздік тоқсанын өткізді. Бірақ компания жарнама бизнесінің нақты көлемін жариялаған жоқ. Қазіргі және келесі тоқсандағы табыс өсімі әлі де негізінен жазылым төлемдерінен түсетін табысқа сүйенеді деген әсер қалдырады», — деді.








