Nikkei алғаш рет 45 мың ұпайдан асты. Жапон акцияларының өсуіне не себеп?

Жапонияның негізгі қор индексі Nikkei алғаш рет 45 мың ұпайлық межеден асты. Бұл АҚШ Федералды резерв жүйесі мен Жапония банкінің монетарлық саясатқа қатысты отырыстары қарсаңында орын алды. Ұзақ демалыстан кейінгі сауда-саттықтың ашылуында америкалық технологиялық компаниялар акцияларының раллиі жапон жартылай өткізгіш өндірушілерінің қағаздарына оң әсер етіп, өсімге түрткі болды.
Егжей-тегжейлі
16 қыркүйек күні таңертеңгі Токиодағы сауда сессиясында Nikkei 225 алғаш рет 45 055 ұпайға дейін көтерілді — бұл жұма күнгі жабылу деңгейінен 0,6% жоғары. Кейінірек өсім бәсеңдеді, себебі инвесторлар пайданы тіркей бастады. 15 қыркүйек, дүйсенбі күні, Жапонияның қор нарығы Қарттарды құрметтеу күніне байланысты жабық болды.
Өсім көшбасшысы — чиптерді өндіруге арналған жабдықтар шығарушы Tokyo Electron компаниясының акциялары болды. Олар сауда-саттықтың алғашқы минуттарында 3%-ға қымбаттады. Микросхемаларды сынау жабдықтарын шығаратын Advantest пен технологиялық алып SoftBank қағаздары да 2%-ға өсті, кейін аздап түзетілді.
Бұл акциялардың динамикасы АҚШ-тағы технологиялық сектордағы раллидің көрінісі болды: Nikkei Asia басылымының жазуынша америкалық инвесторлар 17 қыркүйекте өтетін ФРЖ отырысында пайыздық мөлшерлеме төмендейді деген сеніммен белсенді түрде акциялар сатып алып жатыр. Ал Жапония банкі, керісінше, елдегі артып жатқан саяси белгісіздік аясында осы аптада мөлшерлемені арттырудан бас тартуы мүмкін, деп жазады басылым.
Уолл-стрит ФРЖ-ден не күтеді
Соңғы тоғыз айдағы үзілістен кейін Федрезерв осы аптада пайыздық мөлшерлемені төмендету циклын қайта бастайды деген үміттер соңғы сессияларда Уолл-стритте оң көңіл-күй тудырды. Нарықтар үшін АҚШ орталық банкінің мүшелерінің болжамдары мен ФРЖ төрағасы Джером Пауэллдің болашақ ақша-несие саясатының көлемі мен қарқынына қатысты пікірлері де маңызды болады. Futures нарығы шілде 2026 жылға дейін мөлшерлеменің 127 базистік тармаққа төмендеуін алдын ала бағалап қойды. Сондықтан «көгершіндікі» сценарийден басқа кез келген нұсқа инвесторларды көңілсіз қалдырады, деп жазады Reuters.
Сарапшылар не дейді
JPMorgan Asset Management-тің жаһандық бас стратегi Дэвид Келлидің айтуынша осы аптада күтіліп отырған пайыздық мөлшерлемені төмендету шешімі, егер ол Ақ үйдің қысымына берілген ымыра ретінде қабылданса және орталық банктің өз экономикалық болжамдарымен сәйкес келмесе, акцияларға зиян тигізуі мүмкін. Келлидің пікірінше ФРЖ шешімін үлкен үмітпен күтіп отырған Уолл-стриттегі акциялар мен облигациялардың инвесторлары абай болу керек және раллиден кейін өз портфельдерін әртараптандыру туралы ойлануы тиіс.
«Егер ФРЖ шешімі осы аптада саяси қысымға берілген ымыра ретінде қабылданатын болса, бұл АҚШ қаржы нарықтары мен доллар үшін жаңа тәуекел деңгейін қалыптастырады», – деп келтіреді Bloomberg JPMorgan стратегінің сөзін. Оның айтуынша «нарықтар шамадан тыс қызып кеткен», ал ақша-несие саясатын жұмсарту қазіргі таңда сұранысты арттырмай, керісінше әлсіретуі мүмкін, бұл «соңында акциялар, облигациялар мен долларға теріс әсер етеді».
Келли ФРЖ мөлшерлемені төмендетуді қайта бастаған сәтте Уолл-стриттегі рекордтық раллидің аяқталуы мүмкін деген болжамында жалғыз емес. Morgan Stanley, JPMorgan Chase & Co. және Oppenheimer Asset Management стратегтері де инвесторлардың назарын экономикалық өсімнің баяулау қаупіне аударуына байланысты «бұқалықі» көңіл-күйдің орнын сақтық басуы мүмкін екенін ескертті.








