БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Novo Nordisk акциялары үшін соңғы 40 жылдағы ең нашар күн

Венера  Сайфутдинова

Венера Сайфутдинова

Oninvest тілшісі
Novo Nordisk акциялары үшін соңғы 40 жылдағы ең нашар күн

Салмақ тастауға арналған танымал Ozempic және Wegovy препараттарын шығаратын Данияның фармацевтикалық алпауыты Novo Nordisk 29 шілдеде соңғы 40 жылдағы ең ірі бір күндік құлдырауға ұшырады. Бұл көрсеткіш 1987 жылғы «қара дүйсенбіден» бері тіркелген ең үлкен төмендеу болды. Компания АҚШ-та сұраныстың әлсіреуі мен оның дәрілерінің көшірмелеріне қысым күшеюіне байланысты сату мен табыс бойынша жылдық болжамын екінші рет төмендетті. Сондай-ақ, инвесторлар компанияның жаңа басшыны таңдағанына да теріс реакция білдірді. Олар сырттан емес, іштен кандидат тағайындаған. Сарапшылард мұны күтпеген еді.

Егжей-тегжейі

Novo Nordisk акциялары 26 пайызға арзандады. Бұған себеп — компанияның жылдық сату көлемі мен табыс бойынша болжамын төмендетуі және жаңа бас директордың тағайындалуы. Сауда сессиясының соңына қарай акциялар аздап қалпына келді. Бірақ сессия 23 пайыздық айтарлықтай төмендеумен аяқталды. Бұл туралы MarketWatch жазды. Жыл басынан бері, бір кездері Еуропадағы ең қымбат компания саналатын Novo-ның нарықтық құны 42 пайыздан астам қысқарды. Қазір ол тіпті үздік бестікке де кірмейді.

Фармацевтикалық алыптың АҚШ-тағы депозитарлық қолхаттары 21 пайызға арзандап, соңғы үш жылдағы ең төменгі көрсеткіш — 54,71 долларға жетті.

Компания жылдық операциялық табысы бойынша болжамын 16-24 пайыз деңгейінен 10–16 пайыз аралығына дейін төмендетті. Мұны компания Wegovy және Ozempic препараттарына қатысты АҚШ-та сату өсімінің төмендеуімен түсіндірді. АҚШ — бұл компания үшін негізгі нарық. Ондағы дәріханаларда кең тараған көшірме дәрілер түпнұсқаның сатуына кедергі келтіріп отыр.

2025 жылдың қорытындысы бойынша сату өсімі 8–14 пайыз аралығында болады деп күтілуде. Бұл — бұрын, яғни мамыр айында берілген 13–21 пайыздық болжамнан едәуір төмен. Айта кету керек, мамырдағы болжам да дәл осы себеппен төмендетілген болатын.

Компания 29 шілдеде жасаған мәлімдемесінде АҚШ реттеушілерінің дәріханаларда көшірме препараттар жасауды тоқтатуға бұйрық бергеніне қарамастан, бұл тәжірибе жалғасып жатқанын айтты. Бірнеше өндіруші әлі де Wegovy мен Ozempic препараттарының негізгі заты — семаглутидтің патенттелмеген нұсқаларын сатып отыр.

Novo компаниясы түрлі шаралар қабылдап жатқанын, соның ішінде сотқа жүгінгенін мәлімдеді. Сонымен қатар, федералды және аймақтық органдарды араласуға шақырды.

Жаңа басшы

Нарықты тағы бір көңілсіз хабар күтіп тұрды — компания бас директоры қызметіне ішкі кандидат, яғни фармацевтикалық компанияның «ардагері» Мазияр Майк Дустдар тағайындалды. Бұл шешім акциялар құлдырағаннан кейін бұрынғы басшы Ларс Фруергор Йоргенсеннің қызметінен босатылуынан соң қабылданды.

Инвесторлар болса, компанияны сырттан келген, тәжірибелі жаңа басшы басқарады деп күткен. Мұндай үміт, әсіресе, басты бәсекелес — америкалық Eli Lilly компаниясымен күрес үдей түскен тұста, ерекше маңызға ие еді. Бұл туралы Bloomberg жазды. Айта кетсек, Нью-Йорктегі саудада Lilly акциялары да 5 пайызға арзандады.

Даниялық алпауыт инвесторларды компанияның өсім қарқынын сақтай алатынына және Lilly-мен бәсекелесе алатынына сендіруде қиындық көріп отыр. Америкалық компания өз өнімдері — Mounjaro мен Zepbound-тың тиімділігін дәлелдеп үлгерді. Оның үстіне, олардың әзірлеме қоржыны да мықты көрінеді. Бұл туралы WSJ жазады.

Дустдар Novo-да 30 жылдан астам жұмыс істеген. Соңғы уақытта ол халықаралық операциялар жөніндегі атқарушы вице-президент қызметін атқарды. CNBC мәліметінше, Дустдар басты басымдық ретінде — препараттардың өнім қатарын дамыту, инновация мен инвестицияны атады. Сонымен қатар, ол шығындарды қайта қарап шығатынын айтты.

Компанияға қысым жасап тұрған басқа факторлар

Novo Nordisk компаниясы өзінің жаңа тәжірибелік дәрісі — CagriSema бойынша жүргізілген клиникалық сынақтардың көңіл көншітпейтін нәтижесінен кейінгі теріс реакцияны жеңе алмай отыр.

CNBC деректеріне қарағанда, бұл препарат семіздік пен 2-типтегі қант диабетіне шалдыққан пациенттерге 68 аптада орта есеппен 15,7 пайыз салмақ тастауға көмектесті. Алайда бұл нәтиже компанияның өзі күткен 25 пайыздық әсерден әлдеқайда төмен болды.

Сарапшылар не дейді?

Семіздікке қарсы дәрілер нарығындағы сұраныстың төмендеуіне қатысты деректерге қарамастан, Citi бұл бағыттың болашағына оң баға берді. Investing.com жазуынша, Citi сарапшылары: «Novo-ның болжамына тым асығыс баға бермеңіздер. Себебі 1 шілдедегі жағдай бойынша Lilly-дің тирзепатид препаратына қатысты рецептуралық деректер тұрақты болды. Ал компанияның өзі берген 2025 жылға арналған болжамы тым сақтықпен жасалған болуы мүмкін. Сондықтан біз акцияны әлсіреу аясында сатып алуға кеңес береміз», — деді.

Ал JPMorgan сарапшылары бұл жағдайға сақтықпен қарауды ұсынады. Marketscreener басылымы олардың мына пікірін келтіреді: «Болжамның төмендеуі Wegovy және Ozempic препараттарының екінші жартыжылдықтағы өсу қарқынына қатысты күтулердің қайта қаралғанын көрсетеді». Соған қарамастан, олар да Novo акцияларын сатып алуға кеңес береді.

Bloomberg-тің хабарлауынша, Mizuho Securities компаниясының денсаулық сақтау саласындағы стратегы Джаред Хольц: «Сарапшылар семіздікті емдеу нарығына қатысты қысқа және ұзақ мерзімді үміттер туралы сұрақтар қоя бастайды. Бұл күтулер тым шектен шықты», — деп ескертті.

MarketWatch мәліметінше, Novo Nordisk акцияларын бақылап отырған 32 сарапшының 21-і оларды сатып алуға кеңес береді (Buy және Overweight рейтингтері). Тағы сегізі — ұстауға (Hold), үшеуі — сатуға (Sell) кеңес берген. Уолл-стрит сарапшыларының консенсус-болжамы бойынша, бір акцияның нысаналы бағасы 97 $. Бұл — қазіргі деңгейден 41 пайыз жоғары.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары