БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Novo Nordisk акциялары қалпына келді. Енді компанияны не күтіп тұр?

Венера  Сайфутдинова

Венера Сайфутдинова

Oninvest тілшісі
Novo Nordisk акциялары қалпына келді. Енді компанияны не күтіп тұр?

Novo Nordisk — танымал Ozempic және Wegovy препараттарын шығаратын Дания компаниясы. Оның акциялары биыл сәуірде бірнеше жыл ішіндегі ең төменгі деңгейге түскен еді. Бірақ содан бері 27 пайыздан аса өсті. Сарапшылар пессимистік кезеңнің артта қалғанын айтады, дегенмен компания алдында бәсекелестік, баға саясаты және басшылық ауысуы сияқты маңызды сынақтар тұр.

Жағдайдың жай-жапсары

Сәуірде бірнеше жылдық минимумға дейін төмендегеннен кейін, Novo Nordisk акциялары күрт көтеріліп, Еуропадағы ең қымбат компания атағы үшін Германияның SAP компаниясымен қайтадан бәсекеге түсті. Бұл серпіліс шамамен он айға созылған құлдыраудан кейін болды. Агенттік дерегінше, 2024 жылғы маусымдағы шарықтау шегінен бері компанияның нарықтық құны шамамен 400 миллиард долларға азайған. Ең көп төмендеу 2023 жылдың желтоқсанында семіздікке қарсы CagriSema препаратынан үміт ақталмаған соң орын алды.

Нарық көңіл күйі неге өзгерді және енді не күтеміз?

Bloomberg келтірген мәліметке сүйенсек, EdenTree Investment Management қорындағы сарапшы Лидия Норман: «Болуы мүмкін жайттардың көбі орын алды. Біз пессимизмнің шегіне жеттік», – деп бағалаған. Инвесторлар компания үшін ең қиын кезең артта қалды ма, соны түсіну үшін бәсекелестерді мұқият қадағалап отыр. Novo Nordisk-тің салмақ түсіретін препараттар нарығындағы басты қарсыласы – америкалық Eli Lilly. Ол АҚШ-та рецептпен жазылатын дәрілер саны бойынша Novo-дан озды. Сонымен қатар, Eli Lilly 2026 жылы шығуы мүмкін таблетка түріндегі жаңа өнімінің арқасында алдағы уақытқа сенімді жоспар құрып отыр.

Сонымен бірге, Novo Nordisk зерттеулерінде оның салмақ азайтатын препараты жүрек талмасының қаупін төмендетуі мүмкін екені айтылған. Бұған қоса, амикретин атты жаңа тәжірибелік препаратына қатысты жетістікке қол жеткізген.

Норманның айтуынша, қазіргі уақытта нарықта Novo-ға деген үміт төмен, ал Eli Lilly-ге қатысты күтілімдер жоғары. Дегенмен, әзірге Novo-ның әзірлемелері Lilly-ден сәл әлсіздеу болса да, компания ірі қаржылай түсім әкеліп отыр және икемді қаржылық мүмкіндіктері бар.

Bloomberg атап өткендей, инвесторлар Eli Lilly-ді Novo-ға қарағанда жоғары бағалайды. Novo акцияларының бағасы болжамды табыстың 18 есе мөлшеріне тең болса, Eli Lilly-де бұл көрсеткіш – 32.

Novo-ны бағалауда тағы бір маңызды фактор – арықтататын дәрі-дәрмек нарығының көлемі. Былтыр Novo акцияларының бағасы 40 есе өсті. Бұл инвесторлардың нарық көлемі 2030 жылға қарай 130 миллиард долларға жетеді деген үмітіне байланысты еді. Алайда, Goldman Sachs биыл сәуірде бұл көрсеткішті 95 миллиард долларға дейін төмендетті. Себебі – дәрі бағасының арзандауы және емделушілердің препаратты ұзақ уақыт қолданбауы мүмкіндігі.

Guinness Global Investors қорынан Уилл Джеймс былтырғы рекордтық өсуге қатысты: «Күтілімдер шындықтың алдына түсіп кетті» деген пікір білдірді. Оның айтуынша, 2025 жылғы құлдыраудан кейін Novo бизнесі қазір нарықта тым арзан бағаланып отыр.

Қандай қауіптер бар?

Bloomberg пікірінше, қазіргі негізгі тәуекелдердің бірі – АҚШ президенті Дональд Трамптың дәрі бағасын төмендету бастамасы және фармацевтикалық өнімдерге баж салығы енгізу туралы мәлімдемелері. Novo мен Pfizer сияқты компаниялар Medicare сақтандыру жүйесі аясында дәрілердің бағасына қатысты ақпараттың жариялануын күтіп отыр. Бұл мәлімет қараша айының соңында белгілі болады.

Bloomberg жазуынша, компания үшін және оның акциялары үшін шешуші мәселе – жаңа бас директорды таңдау. Компания Ларс Йоргенсеннің кететінін мамырда жариялап, бұған дейін жылдық табыс пен кіріс болжамын төмендеткен еді. Өткен аптада Financial Times газеті активист-инвестор Parvus Asset Management Novo-дағы үлесін арттырып жатқанын және жаңа басшыны таңдау процесіне ықпал еткісі келетінін жазғаннан кейін, компания акциялары қайта өсе бастады.

Evenlode Investment қорынан Бен Питерс: «Мұнда құн барын түсініп отырған жалғыз біз емес сияқтымыз», – дейді. Қор осы көктемде Novo акцияларын сатып ала бастаған. Оның пікірінше, арықтататын препараттар нарығы өте үлкен, әрі ол негізінен екі ойыншы – Eli Lilly мен Novo арасында бөлінген. Бұл – өте тиімді жағдай.

Сарапшылар не дейді?

MarketWatch деректеріне қарағанда, Novo Nordisk акцияларын бақылап отырған 31 сарапшының 19-ы оларды сатып алуға кеңес береді. Тағы тоғызы – ұстауға, үшеуі – сатуға кеңес берген. Уолл-стриттің орташа бағалауынша, бір акцияның құны 98,5 доллар болуы мүмкін. Бұл қазіргі деңгейден 28 пайыз жоғары.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары