Novo Nordisk Еуропадағы ең қымбат компания мәртебесін қайта иеленді

Атақты Ozempic пен Wegovy препараттарын шығаратын дат фармацевтикалық компаниясы Novo Nordisk Еуропада нарықтық құны бойынша бірінші орынға шықты. Копенгагендегі биржада компания акциялары 0,6%-ға арзандағанымен, ол немістің бағдарламалық жасақтама жасаушысы SAP компаниясын басып озған. Жыл басынан бері Novo акциялары 17%-ға төмендегенімен, сарапшылар оларды сатып алуға кеңес беруді тоқтатқан жоқ.
Егжей-тегжейі
13 маусымдағы сауда қорытындысы бойынша Novo акциялары 0,6%-ға төмендеп, 516,2 дат кронына (69,2 еуро) жетті. Компанияның нарықтық құны 2,3 трлн кронаға (шамамен 308,4 млрд еуро) жетті. Бұл көрсеткішпен Novo SAP-ты басып озып, Еуропадағы ең қымбат компания атанды. SAP акциялары неміс Xetra биржасында 2,45%-ға арзандап, жалпы құны 304,8 млрд еуро болды.
АҚШ-та да Novo акциялары 0,5%-ға, ал SAP 2%-ға жуық төмендеді.
Novo бұл жетістікке 13 маусымда, яғни Израильдің Иранға жасаған шабуылына байланысты инвесторлар қауіптеніп, нарықтар құлдыраған күні қол жеткізді. Мысалы, бүкіл Еуропаны қамтитын Stoxx 600 индексі 0,9%-ға, Германиядағы DAX пен Франциядағы CAC 40 әрқайсысы 1%-ға, ал АҚШ-тағы S&P 500 — 0,5%, Dow Jones — 1%-ға төмендеді.
Novo алғаш рет Еуропадағы ең қымбат компания атанған сәт — 2023 жылдың қыркүйегі еді. Сол кезде ол әлемдегі ең ірі сән үйі LVMH-ты басып озған. Содан кейін LVMH уақытша мәртебені қайтарып алғанымен, кейін қайтадан ұтылған. 2025 жылдың наурызында SAP бұл мәртебені өзіне қайтарып алған еді.
Novo-ны қайта шыңға шығарған не?
12 мамырда компания amycretin деп аталатын артық салмақпен күресетін жаңа дәріні сынақтың соңғы кезеңіне өткізетінін мәлімдеді. Бұл кезең 2026 жылдың алғашқы тоқсанында басталады деп жоспарланған.
Амикретин — қазіргі табысты Ozempic пен Wegovy дәрілерін алмастыруы мүмкін жаңа буын препараты. Қаңтарда жарияланған бастапқы зерттеу нәтижесіне сәйкес, бұл дәріні аптасына бір рет қолданған науқастар 36 аптада салмағының 22%-ын жоғалтқан.
Бұдан бөлек, осы аптада Financial Times Parvus Asset Management атты белсенді инвестор компаниядағы үлесін арттырып, жаңа басшыны таңдау үдерісіне әсер етуге тырысып жатқанын жазды. Мамыр айында компания алдыңғы бас директоры Ларс Фрюергор Йоргенсеннің қызметтен кеткенін хабарлап, бұған дейін жылдық кіріс пен табыс болжамын төмендеткен болатын.
Жалпы жағдай
Novo Nordisk акциялары соңғы бір жылда 48%-ға, ал 2025 жылдың басынан бері 17%-ға төмендеді. Бұған семіздікке қарсы жаңа дәрінің күткен нәтижені бермегені және сатылымның азаюы себеп болды. Сонымен қатар, америкалық Eli Lilly компаниясы тарапынан күшейген бәсекелестік пен АҚШ-та арзан балама дәрілердің тез таралуы да әсер етті.
Дегенмен сарапшылардың көпшілігі компания акцияларын сатып алуға кеңес береді. MarketWatch дерегінше, 30 сарапшының 18-і сатып алуға кеңес берсе (15 — «Buy», 3 — «Overweight»), 9-ы ұстап тұруға («Hold»), ал үшеуі сатуға («Sell») кеңес береді.
Маусым айында UBS пен Deutsche Bank те Novo Nordisk акциялары бойынша «Buy» рейтингін растады.








