БастыReview
Бөлісу

Novo Nordisk-тің 5 мәселесі: инвестбанктердің назарында не тұр?

Александр Пухов

Александр Пухов

Oninvest колумнисті
Novo Nordisk-тің 5 мәселесі: инвестбанктердің назарында не тұр?

Даттық Novo Nordisk 5 қарашада тоқсандық есебін жариялайды.

Бір кездері Еуропадағы ең қымбат компания саналған Novo Nordisk акциясы жыл басынан бері 40%-дан астам құлады. Компания 2025 жылғы сатылым өсімі бойынша болжамын 13–21%-дан 8–14%-ға дейін төмендетіп, жаңа бас директор лауазымына Мазиар Майк Дустдарды тағайындады.

Оның басты міндеті — сатылымды жандандыру және даттық фармкомпания семіздікке қарсы дәрілер жарысында артта қалып бара жатыр деген инвесторлар арасындағы дабылды басу.

Дустдар Novo Nordisk-та 30 жыл жұмыс істеп келеді, ал оның тағайындалуы компанияның жаңа бағытын көрсетеді: зерттеу мен инновацияға бағытталған модельден прагматизм мен коммерциялық тиімділікке негізделген тәсілге көшу, деп жазды Financial Times.

Қиын кезеңнен өтіп жатқан Novo үшін прагматизмнің артықтығы жоқ. Алдағы уақытта бірнеше елде даттық фармгиганттың негізгі табысы саналатын семаглутид препаратының патенттік қорғанысы аяқталады. Бұған қоса, компания Eli Lilly фармөндірушісімен қатаң бәсекелестікке түсіп отыр — әрі бұл тартыс әрдайым Novo пайдасына шешіле бермейді.

Жақын уақытта Novo көрсеткіштеріне қандай факторлар қысым жасайды? Инвестбанктер назар аударатын жайттар мыналар.

Бағаны мәжбүрлі түрде төмендету

16 қазанда АҚШ президенті Дональд Трамп Ozempic сияқты артық салмаққа қарсы дәрілердің бір айлық курсының бағасы $150-дан да төмен түсуі мүмкін екенін айтты. UBS атап өткендей, дәрілердің бағасын мәжбүрлі түрде төмендету — биыл Novo төңірегіндегі басты талқыдағы тақырыптың бірі.

Компания семаглутид негізіндегі үш дәріні шығарады: диабетті емдеуге арналған Ozempic инъекциясы мен Rybelsus таблеткалары, сондай-ақ салмақ азайтуға арналған Wegovy инъекциясы.

Қазір олардың бағасы бойынша екі бағытта келіссөздер жүріп жатыр. Біріншісі — табысы төмен адамдарға арналған әлеуметтік бағдарлама Medicaid шеңберінде, Трамптың бағаны төмендету бастамасы Most Favored Nation (MFN) аясында. Екіншісі — 65 жастан асқан адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған Medicare сақтандыру бағдарламасы бойынша, Инфляцияны төмендету туралы заң (IRA) шеңберінде жүргізілуде. Нәтижесінде бұл бағдарламалар үшін аталған үш дәрінің бағасы арзандауы мүмкін.

Келіссөздердің нәтижесін Medicare және Medicaid қызметтері орталығы биыл 30 қарашаға дейін жариялайды.

Бағалар қаншалықты түсуі мүмкін? Әр дәріге арналған шарттар жеке келісілетін болады, деп хабарлады UBS 30 қыркүйектегі жазбасында Novo ішіндегі дереккөздерге сілтеме жасап. Банк мәліметінше, қазірдің өзінде сақтандыру бағдарламалары аясында Ozempic препаратына 65%, ал Wegovy-ға 56%-ға дейін жеңілдік берілген. 2027 жылы Ozempic бағасы одан әрі төмендеп, Novo-ның ең танымал препаратына жеңілдік мөлшері 72–74% деңгейіне жетуі мүмкін. Ал Wegovy бойынша баға төмендеуінің әсері айқынырақ емес, өйткені ол сақтандыру бағдарламаларына аз қатысады.

JPMorgan 17 қазандағы жазбасында Medicaid бағдарламасы бойынша жеңілдіктер 2026 жылы Novo сату көлемін шамамен 2% төмендетуі мүмкін екенін атап өтті.

IRA және Medicare аясындағы бағаның төмендеуі бұдан да айтарлықтай әсер етуі ықтимал: банк мәліметінше, Novo қазірдің өзінде Medicare бағдарламасы арқылы Ozempic және Rybelsus препараттарына ресми бағадан 80%-ға дейін жеңілдік береді, ал 2027 жылы осы сегментте бағаның тағы төмендеуі компанияның жалпы табысын 4–5 пайыздық пунктке қысқартуы мүмкін.

Маңыздысы, IRA бағдарламасы бойынша 2027 жылға арналған келіссөздер тізіміне 15 өнім енгізілген, олардың 70% құны Novo компаниясының семаглутид негізіндегі дәрілеріне тиесілі. Сондықтан UBS пікірінше, шекті бағалар жарияланған соң нарық негізгі назарды дәл осы даттық компанияға аударады.

Компанияны қайта құрылымдау

BNP Paribas пікірінше, компанияның қаржылық жағдайына әсер ететін тағы бір маңызды фактор — Майк Дустдар бастаған қайта құрылымдау процесі.

10 қыркүйекте компания әлем бойынша 78,4 мың қызметкердің шамамен 9 мыңын қысқартатынын хабарлады. Бұл — жалпы персоналдың 11 пайызы, деп жазды FT. Қысқартудың жартысынан көбі Данияға тиесілі болады. Бұл шара 2026 жылдың соңына дейін шамамен 8 млрд дат кронын (шамамен $1,25 млрд) үнемдеуге мүмкіндік береді. Жиналған қаражатты компания қант диабеті мен семіздікке қарсы зерттеу бағдарламаларын коммерцияландыруға бағыттамақ.

Компания 2025 жылдың үшінші тоқсанында 9 млрд крон шығын ретінде есептен шығарады, алайда төртінші тоқсанда шамамен 1 млрд крон үнемдейді. 2025 жыл қорытындысы бойынша, Novo операциялық пайдасының 4–10 пайызға өсуін күтеді, ал тамыздағы болжам 10–16 пайыз аралығында болған.

BNP Paribas сарапшыларының пікірінше, жұмсалатын 8 млрд кронды 2026 жылдағы перспектива тұрғысынан қарау қажет, өйткені қайта құрылымдау нәтижесін сол кезде бере бастайды. BMO Capital Markets Дустдардың әрекетін «ауқымды» деп атағанымен, биылғы жылдың үшінші тоқсанында нәтижелердің жақсаруы күтілмейді.

Корпоративтік дауыл

Жаңа бас директор бастаған реформалар Novo компаниясында күтпеген өзгерістерге алып келді. Novo Nordisk директорлар кеңесінің төрағасы Хельге Лунд қазанда отставкаға кететінін хабарлады. Онымен бірге тағы алты кеңес мүшесі қызметінен кетеді. Bloomberg атап өткендей, бұл жағдай Novo үшін ерекше — компания бұрын тұрақты корпоративтік мәдениетімен танылған. Агенттіктің пікірінше, бұл өзгерістер компаниядағы турбуленттік кезеңді ұзартады.

Не болды? Лундтың айтуынша, бұған себеп, директорлар кеңесі мен фармацевтикалық алыптың ең ірі акционері Novo Nordisk Foundation арасындағы келіспеушіліктер. Тараптар компаниядағы өзгерістердің ауқымы мен жылдамдығы жөнінде ортақ пікірге келе алмаған.

Қызығы, Лундтың орнына Novo компаниясының бұрынғы бас директоры және қазіргі Novo Nordisk Foundation жетекшісі Ларс Ребьен Соренсен келеді. Ол даттық дәрі өндірушінің басшылығын АҚШ-тағы жоғары бәсекелі нарықты дұрыс бағаламады және сатылымның баяулауына тым кеш әрекет етті деп сынға алды.

21 қазанда компания Novo Nordisk акционерлерінің кезектен тыс жиналысын өткізу туралы жариялады. Онда директорлар кеңесінің жаңа мүшелері сайланады. Жиналыс 14 қарашада өтеді.

Нью-Йорк университетінің Стерн бизнес мектебінің бизнес және құқық профессоры Карен Бреннердің айтуынша, жаңа басқару құрылымы Novo-ның ең ірі акционері үшін директорлар кеңесін толығымен жаңартуға «бірегей мүмкіндік» туғызады.

Оземпик Альцгеймерге қарсы

UBS пен BMO Capital Markets сарапшыларының айтуынша, Novo компаниясының болашақ көрсеткіштеріне ықпал ететін негізгі факторлардың бірі — Альцгеймер ауруын емдеуге арналған семаглутид сынақтарының нәтижесі. Егер зерттеулер сәтті өтсе, бұл Novo-ның өнім портфелін семіздік пен диабетке қарсы дәрілерден тыс кеңейтуге мүмкіндік береді. Альцгеймермен ауыратындар саны жыл сайын артып келеді: АҚШ-та бүгінде 7 млн-нан астам адам осы диагнозбен өмір сүреді, ал Alzheimer’s Association деректері бойынша 2050 жылға қарай олардың саны 13 млн-ға жетуі мүмкін.

Novo Nordisk 2021 жылы Альцгеймер ауруына қарсы пероральды (ішіп қабылданатын) семаглутидтің клиникалық сынақтарын бастаған. Адамдарға арналған негізгі зерттеу кезеңдері — EVOKE және EVOKE+ — 2025 жылдың қыркүйегінде аяқталды. Әр зерттеуге 55 пен 85 жас аралығындағы, жеңіл когнитивтік бұзылысы немесе деменцияның бастапқы белгілері бар және амилоидтық өзгерістері расталған 1840 адам қатысқан. Алғашқы нәтижелер жыл соңына дейін, ал толық деректер мен ресми есептер 2026 жылдың қазан айына дейін жариялануы тиіс.

Novo компаниясының бір менеджері Reuters агенттігіне берген сұхбатында бұл сынақты «лотерея билеті» деп атады — перспективасы белгісіз, бірақ әлеуеті өте жоғары. UBS болжамынша, зерттеудің сәтті өту ықтималдығы небәрі 10%. Алайда банк есебі бойынша, егер жоба табысты болса, бұл Ozempic сатылымын шамамен $15 млрд-қа арттыруы мүмкін (мысалы, 2024 жылы сатылым 120,3 млрд крон немесе шамамен $17,4 млрд болған).

UBS жазуынша, «қазір оптимизмге айтарлықтай себеп жоқ, бірақ біздің байқауымызша, инвесторлар бұл оқиға алдында Novo акциясын сатуға асықпай отыр. Сол себепті, егер зерттеу нәтижесі сәтсіз болса, нарықта елеулі сатылым болуы мүмкін».

Morgan Stanley сарапшылары зерттеудің сәтсіз аяқталу ықтималдығы жоғары деп санайды. Қыркүйек айының соңында банк Novo акцияларының рейтингін «бейтараптан» «нарықтан төмен» деңгейге түсіріп, мақсатты бағасын $59-дан $47-ға дейін қысқартты. Бұл Уолл-стрит банктері арасындағы даттық өндірушіге берілген ең төмен бағалардың бірі болды.

BNP Paribas базалық сценарийінде Альцгеймерге қарсы препараттан түсетін кірісті есепке алмайды. Дегенмен, егер зерттеу сәтті болса, Novo Nordisk акциясының ағымдағы 375 даттық крон мақсатты бағасынан шамамен 40 кронға қымбаттауы мүмкін деп жазады.

Жаңа мәмілелер

Биыл күзде Novo компаниясы Eli Lilly-мен бәсекені күшейту мақсатында бірқатар қадамдар жасады.

CVS Health компаниясының дәрі-дәрмек жеңілдіктерін басқарумен айналысатын бөлімшесі Caremark 2026 жылдан бастап Wegovy препаратына арналған жаңа бағдарламаны іске қоспақ. Бағдарлама бойынша пациенттер дәріні $200 қосымша төлеммен арзанырақ ала алады, ал сақтандыру компаниялары семіздікпен байланысты ауруларды емдеуге кететін шығынды азайтады. Simply Wall Street дерегінше, бұл Novo Nordisk-ке Eli Lilly шығарған Zepbound препаратына қарағанда бағалық артықшылық береді және пациенттер мен сақтандырушылар үшін келісілген жеңілдіктер мен тиімді баға шарттары есебінен миллиардтаған доллар үнемдеуге мүмкіндік жасайды.

2025 жылдың қазан айында Novo америкалық биотехнологиялық Akero Therapeutics компаниясын $5,2 млрд-қа сатып алу жөнінде келісімге келгенін хабарлады. Бұл — жаңа бас директордың басшылығымен жасалған даттық фармгиганттың алғашқы ірі мәмілесі.

Бұл келісімнің арқасында Novo портфеліне бауырдың май жиналу ауруы (MASH) мен циррозды емдеуге арналған эфруксифермин препараты қосылады. MASH — семіздіктің ең жиі кездесетін асқынуларының бірі. Бұл дертке шалдыққан науқастардың шамамен 40%-ы диабетке, ал 80%-дан астамы артық салмаққа немесе семіздікке ие.

FT дерегінше, бұл сатып алу үшін компания негізінен қарыз қаражатын пайдаланған. Novo мәміле нәтижесінде 2025 жылы еркін ақша ағынының азаятынын, ал 2026 жылы бұл сатып алу операциялық пайданың өсуіне қысым жасауы мүмкін екенін мойындады.

Бірақ бұл бәрі емес. Есеп беру жарияланардың шамамен бір апта бұрын Novo Nordisk америкалық Metsera компаниясын сатып алу бойынша қарсы ұсыныс жасады — құны $8,5 млрд (аванс пен белгілі нәтижелерге жеткендегі төлемдерді қоса алғанда). Осылайша даттық фармгигант Pfizer ұсынған $7,3 млрд-тық бағаны арттырмақ болды.

Reuters атап өткендей, бұл қадам компанияның неғұрлым агрессивті даму стратегиясын көрсетеді. Metsera — салмақ азайтуға арналған тәжірибелік дәрілер әзірлеп жатқан бірнеше компанияның бірі. Олардың бірі айына бір рет қабылданатын дәрі — яғни Novo Nordisk пен Eli Lilly препараттарына қарағанда сирек қолданылады.

Bellevue Asset Management компаниясының портфельдік менеджері Пол Мейджордың пікірінше, мұндай дәрі Novo-ға АҚШ-тағы басты бәсекелесімен тиімдірек күресуге мүмкіндік береді. Ал паевтық қордың портфельдік менеджері әрі Novo акционері Маркус Маннс бұл ықтимал мәміле «егер зерттеу сәтті болса, компанияның семіздікке қарсы дәрілер нарығындағы позициясын күшейтеді» деп бағалады.

Болжамдар

BNP Paribas болжамынша, есептік тоқсан қорытындысы бойынша Novo компаниясының табысы 78,7 млрд даттық кронды құрайды (нарық консенсус-болжамы — 77,4 млрд крон), ал бір акцияға шаққандағы пайда 4,37 крон болады деп күтіледі (консенсус — 5,04 крон). Банк 14 қазанда компания акциясының мақсатты бағасын $50-дан $55-ға дейін көтеріп, «бейтарап» рейтингін растады.

Алайда банк сарапшыларының ескертуінше, 2026 жылдан бастап Novo табысына Бразилия мен Канадада семаглутидтің дженерик нұсқаларының шығуы және препараттар бағасының мәжбүрлі төмендеуі қысым жасайды. BNP Paribas-тың базалық сценарийі 2032 жылдан кейін табыс өсімі нөлге тең болады деп болжайды.

Қазір 32 сарапшының 20-сы Novo акциясын сатып алуға кеңес берді (Buy және Overweight рейтингтері). Ұстау — 10, ал сатуға — 2 сарапшы кеңес берді. Нью-Йорк биржасындағы акцияның орташа мақсатты бағасы — $68,25, бұл 31 қазандағы жабылумен салыстырғанда 38% өсу әлеуетін білдіреді.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары