Novo Nordisk 9000 адамды қысқартады, бірақ сарапшылар акция өсімін 60% күтуде

Ozempic пен Wegovy дәрілерімен танымал дат фармкомпаниясы Novo Nordisk ірі қысқартулар мен табыс болжамын қайта қарауды жариялады. Соған қарамастан, инвесторлар оң реакция білдіріп, акциялар 4%-дан астам қымбаттады. Сарапшылардың пікірінше шығындарды азайтып, негізгі бағыттарға шоғырлану компанияға семіздікке қарсы дәрілер нарығындағы орнын қайта алуға көмектесуі мүмкін. Бірқатар аналитиктердің бағалауы бойынша акциялардың өсу әлеуеті 60%-ға жуық.
Егжей-тегжейлі
Novo Nordisk әлем бойынша 9000 жұмыс орнын (қызметкерлердің 11,5%-ы) қысқартпақ. Бұл қадам компанияға 2026 жылдың соңына дейін шамамен 8 млрд дат кронын ($1,3 млрд) үнемдеуге мүмкіндік береді. Оның ішінде 5000 қызметкер Данияда қысқарады – мұндай ауқымды қысқарту елде өте сирек болады, деп жазады Bloomberg. Үнемделген қаражат диабет пен семіздікке қарсы негізгі бағыттарға жұмсалады.
Компания үшінші тоқсанда қайта құрылымдауға 9 млрд крон жұмсауды жоспарлап отыр. Осыған байланысты Novo жылдық операциялық табыс өсімінің болжамын үшінші рет төмендетті — енді ол бар болғаны 4–10%. Ал биыл ақпанда болжам әлдеқайда жоғары — 19–27% болған еді. Төртінші тоқсанда керісінше, 1 млрд крон үнемдеу күтіледі.
Жаңа бас директор Майк Дустдар жұмысты былтырғы айда бастағаннан бері жаңа қызметкерлерді жалдауды уақытша тоқтатты және әлі жұмысқа кіріспеген кей кандидаттарға берілген ұсыныстарды қайтарып алды. «Кейде ең қиын шешімдер болашақ үшін ең дұрыс қадам болады. Бұл — Novo Nordisk-тің ұзақмерзімді табысы үшін қажет», — деп жазды ол LinkedIn-де.
Нарық реакциясы
Сауда ашылғанда Копенгагенде компания акциялары 3%-ға дейін арзандаған, бірақ кейін 4,4%-ға қымбаттады. Нью-Йорктегі сауда алдында шамамен 0,2%-ға төмендеді. Reuters атап өткендей, қайта құрылымдау жылына шамамен $1,26 млрд үнемдеуге мүмкіндік береді.
Жыл басынан бері Novo акциялары 44% құнсызданған. Бұған дейін семіздікке қарсы дәрілерге сұраныстың артуы арқасында компания Еуропадағы ең қымбат фармацевтикалық компания болған еді.
Сарапшылар не дейді?
• JPMorgan сарапшысы Ричард Воссер: «Бұл шаралар компанияның өсу перспективаларына қатысты қосымша сұрақтар туғызады».
• Nordnet сарапшысы Пер Хансен: «Қатаң, бірақ өте қажетті жоспар. Дустдардың қадамдары компания болашағы үшін маңызды».
• Sydbank сарапшысы Серен Лонтофт Хансен: «Ауқымды қысқартуларды күтпедік. Бұл компанияның қарқынды өсу кезеңінен кейін жаңа шынайылыққа бейімделіп жатқанын көрсетеді».
• Bernstein акцияға деген ұсынысты «ұстаудан» → «сатып алуға» өзгертті. Жаңа мақсатты баға — 540 крон (бұрын 620 крон болған), бұл 60%-ға дейінгі өсім әлеуетін көрсетеді.
• Oddo мақсаты — 425 крон, бұл 25% өсімді білдіреді. Ұсыныс — «бейтарап».
• Handelsbanken және JPMorgan акцияны «сатып алу» ұсынымын сақтап қалды. JPMorgan мақсаты — 500 крон (47,5% өсім әлеуеті).
Компания ішіндегі жағдай
Novo Nordisk соңғы жылдары семіздікке қарсы дәрілерге сұраныстың күрт өсуіне байланысты ауқымын кеңейткен еді. Бірақ бұл құрылымды күрделендіріп, шығындарды көбейтті. Енді компания сатылымдардың баяулауына тап болды: әсіресе АҚШ-та Wegovy мен Ozempic көрсеткіштері төмендеуде.
Компания жаңа таблетка түріндегі Wegovy-ге үміт артып отыр. Өйткені америкалық Eli Lilly нарықтағы көшбасшылықты тартып алып, арзан баламалар көбейіп келеді.
Bloomberg дерегінше, Novo-да бұрыннан артық қызметкер көп болатын. 2024 жылы әр $1 млрд табысқа 1835 қызметкер келсе, Eli Lilly-де бұл көрсеткіш — 1044 қызметкер ғана.
Шілде айында компания табыстың төмендеуі туралы ескерткен соң, оның нарықтық құны $70 млрд-қа кеміді. Сондай-ақ инвесторлар жаңа басшының сырттан емес, ішкі кандидаттан таңдалғанына да наразы болған.








