БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Nvidia акциялары Қытайға қатысты шектеулерге қарамастан рекорд жаңартты

Виктория Сирота

Виктория Сирота

Oninvest тілшісі
Nvidia акциялары Қытайға қатысты шектеулерге қарамастан рекорд жаңартты

Сәрсенбі күні технологиялық алпауыт Nvidia компаниясының акциялары 4 пайыздан аса өсіп, биржаға шыққалы бері ең жоғары бағада жабылды. Инвесторлар компанияның жасанды интеллект саласындағы болашағына тағы да сенім арта бастады. Бұл сенім, тіпті, Қытайға чип экспорттауға қатысты шектеулерге қарамастан қалыптасты. Сарапшылардың айтуынша, рекордтық өсімге қарамастан, Nvidia-ның өсу әлеуеті әлі де сарқыла қойған жоқ.

Толығырақ

Сауда нәтижелері бойынша сәрсенбі күні Nvidia акциялары 4,3 пайызға өсіп, бір данасы 154,3 долларға жетті. Бұл — компания тарихындағы ең жоғары жабылу бағасы. Акциялар сейсенбідегі 2,6 пайыздық өсімнен кейін де раллиді жалғастырды. Қазіргі уақытта Nvidia-ның нарықтық капитализациясы 3,7 трлн доллардан асты. Осылайша компания өз клиенттерінің бірі — Microsoft-ты (3,66 трлн доллар) аздап басып озып, әлемдегі ең қымбат компанияға айналды.

25 маусымда өткен акционерлер жиналысында компания бас директоры Дженсен Хуанг Bloomberg агенттігіне берген мәлімдемесінде жасанды интеллектке арналған инфрақұрылымға сұраныс әлі де жоғары екенін айтып, бұл саланың енді ғана даму жолына түскенін атап өтті. Сонымен қатар Хуанг CNBC арнасына берген пікірінде робототехниканы жасанды интеллекттен кейін компания үшін ең үлкен өсу нарығы деп атады. Оның айтуынша, бұл екі сала триллиондаған доллар табыс әкелетін әлеуетке ие.

Компания акциялары сәуір айындағы ең төменгі деңгеймен салыстырғанда 60 пайыздан аса өсті. Bloomberg жазуынша, бұл өсімге басты себеп — мамырда жарияланған Nvidia-ның тоқсандық есебі мен оның басты клиенттері Microsoft, Meta, Alphabet және Amazon компанияларының қаржы нәтижелері. Бұл алпауыттар жасанды интеллект инфрақұрылымына ірі инвестицияларды жалғастырып жатқанын көрсетті. LSEG деректеріне сүйенген CNBC-нің хабарлауынша, қаржы жылының қорытындысында компанияның табысы 53 пайызға өсіп, 200 млрд долларға дейін жетеді деп күтілуде.

Инвесторлар Қытайға чип экспорттауға қатысты шектеулерге әзірге қатты алаңдай қоймады. CNBC жазуынша, бұл шектеулер жасанды интеллект саласындағы Nvidia болашағына елеулі қауіп төндірмейді. Сәуір айында Дональд Трамп әкімшілігі бұған дейінгі тыйымдарды айналып өту үшін әзірленген H20 чипінің Қытайға экспортын шектейтін жаңа шаралар қабылдады. Былтыр компания бұл өзгерістер 8 млрд доллар көлеміндегі табыстан айырылып, 4,5 млрд долларлық қордың есептен шығарылуына әкелетінін мәлімдеген еді. Хуанг сол кезде: «50 млрд долларлық Қытай нарығы АҚШ индустриясы үшін іс жүзінде жабық», — деп мәлімдеген.

Ралли жалғаса ма?

Bloomberg-ке пікір білдірген Allspring Global Investments қорының басқарушысы Майкл Смит: «Nvidia-ның өсу перспективасына қазір бұрынғыдан да көбірек сенемін», — деді. Оның айтуынша, жасанды интеллектке қатысты жаһандық жарыс кем дегенде 2025 жылдың соңына дейін жалғасады, тіпті 2026 жылға дейін созылуы мүмкін.

– Мен бұл жылға да, келесі жылға да оң көзқарастамын. Бірақ болашақта не болатынын ешкім білмейді. Қазір акциялар тым қымбат деп айта алмаймыз, дегенмен кез келген ірі компанияның өсуі бір сәтте шектелуі мүмкін. Бұл, ең алдымен, Nvidia-ның ең ірі клиенттері ЖИ саласына қанша уақыт белсенді түрде инвестиция салатынына байланысты, – деді Смит.

Loop Capital сарапшысы Ананда Баруах сәрсенбі күні Nvidia акцияларын сатып алуға кеңес беруді тағы растады және олардың мақсатты бағасын 175 доллардан 250 долларға дейін көтерді. Бұл — 25 маусымдағы жабылу бағасынан 60 пайызға жоғары. Yahoo Finance жазуынша, бұл – сарапшылар арасында жарияланған ең жоғары баға болжамы.

– Nvidia көрсеткіштерінің әлі де күшеюі мүмкін екені бір қарағанда сенуге қиын көрінуі мүмкін. Алайда компания технологияның аса маңызды сегментінде іс жүзінде монополия иесі болып отыр. Сонымен қатар баға мен маржа тұрғысынан үлкен артықшылықтарға ие, – деді Баруах Yahoo Finance келтірген жазбасында. Loop Capital сарапшыларының есептеуінше, жасанды интеллектке арналған чиптер нарығы 2028 жылға қарай 2 трлн долларға жетуі мүмкін.

Бағалау көрсеткіштері мен нарықтағы жағдай

Bloomberg жазуынша, рекорд жаңартқанына қарамастан, Nvidia акциялары бірқатар бағалау көрсеткіштері бойынша әлі де тартымды көрінеді. Қазіргі уақытта олар алдағы 12 айдағы болжалды табысына шаққанда 31 еселік бағада сатылуда. Бұл — соңғы 10 жылдағы орташа деңгейден төмен және Nasdaq 100 индексінің көрсеткішімен салыстырғанда (27) біршама жоғары. Алайда Nvidia-ның болашақтағы табысы әлдеқайда жылдам өседі деп күтілуде.

Компанияның PEG (табыс өсуіне түзетілген баға/табыс коэффициенті) көрсеткіші шамамен 0,9-ға тең. Бұл — «Керемет жетілік» деп аталатын жетекші технологиялық компаниялар арасындағы ең төмен көрсеткіш.

Bloomberg жазуынша, табыстың жоғары қарқыны мен салыстырмалы түрде қалыпты бағасы Wall Street сарапшыларын компания болашағына сендіруде. Агенттік қадағалайтын сарапшылардың 90 пайызы Nvidia акцияларын сатып алуға кеңес береді. Олардың орташа мақсатты бағасы қазіргі деңгейден тағы 13 пайыздық өсімді болжайды.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары