Nvidia ірі электроника жобалаушыдан $2 млрд-қа үлес сатып алады

Nvidia электрондық құрылғыларды жобалау саласында жұмыс істейтін Synopsys-тың қарапайым акциясын $2 млрд-қа сатып алатынын хабарлады. Бұл келісім есептеу техникасы мен жасанды интеллект саласындағы шешімдерді жеделдетуге бағытталған стратегиялық әріптестік аясында жасалған. Әріптестік «ақылды өнімдерді дәлірек, жылдам әрі төмен шығынмен жобалап, модельдеуге мүмкіндік береді», делінген чип өндірушінің хабарламасында.
Synopsys акциясы премаркетте бұл жаңалықтан кейін шамамен 7% күрт өсті. Ал Nvidia қағазы керісінше шамамен 1% құлады.
Егжей-тегжейлі
Nvidia Synopsys акциясын бір қағазға $414,79-ға сатып алады — мәміленің жалпы құны $2 млрд деп бағалануда. Осылайша, компаниялар жасанды интеллектті дамыту бағытында күш біріктіруін көздейді.
Көпжылдық әріптестік аясында Nvidia Synopsys-қа ресурсты көп қажет ететін қосымшаларын жеделдетуге көмектеседі, «agentic AI engineering» саласындағы әзірлемелерді ілгерілетеді — яғни ЖИ-агенттері күрделі инженерлік тапсырмаларды өздігінен орындай алатын технологияларды дамытуға жәрдемдеседі, сондай-ақ бұлттық мүмкіндіктерді кеңейтуге және нарыққа шығуға арналған бірлескен бастамалар жасауға қолдау көрсетеді, делінген Nvidia хабарламасында.
«Келесі буын интеллектуалды жүйелерін әзірлеудің күрделілігі мен жоғары құны электроника мен физиканы тереңірек біріктіретін инженерлік шешімдерді талап етеді, ал олар есептеу қуаты мен ЖИ-мүмкіндіктерімен жеделдетілуі тиіс», — деді Synopsys бас директоры Сассин Гази.
Чипмейкердің хабарламасында әріптестік эксклюзивті емес екені атап өтілді. Яғни Nvidia да, Synopsys та өз саласындағы басқа компаниялармен жұмыс істей алады.
Тағы не білу маңызды?
Nvidia — нарықта жасанды интеллект бумындағы ірі бенефициарлардың бірі. Компания ЖИ-модельдерді жасау мен оқытуда маңызды рөл атқаратын графикалық процессорларды шығарады.
Synopsys кремний чиптерін жасаудан бастап, микросхемаларды жобалау және тексеруге арналған бағдарламаларға (EDA) дейін кең ауқымды инженерлік құралдар ұсынады. Бұл шешімдер компания клиенттеріне жасанды интеллектке негізделген өнімдер құруға көмектеседі.








