Апта жаңалықтары: Apple №1 болмақ, ал Google, Meta және Бьюрри Nvidia-ға қарсы шығуда

Meta Google процессорларын сатып алуға бағытталған көпмиллиардтық мәмілені талқылап жатыр. Осының салдарынан Nvidia акциясы құбылып, арадағы бәсеке күшеймекші. iPhone 17-нің мықты бастамасы мен жаңа жаңарту циклі Apple-ді 14 жылдан бері алғаш рет Samsung-ды басып озуға және әлемдік смартфон нарығында №1 болуға жақындатты. Ал Revolut финтех алыбы Еуропаның ең қымбат стартабы мәртебесін бекітті. 24–28 қараша аралығындағы басты жаңалықтар туралы — біздің шолуда.
CME биржасындағы ақау сауданы бұзды
28 қараша, жұма күні әлемдегі ең ірі CME деривативтер биржасында фьючерстер мен опциондар саудасы тоқтап қалды. Бұған себеп, CyrusOne компаниясына тиесілі дата-орталықтағы салқындату жүйесіндегі ақау. АҚШ-та кеше кешкісін басталған бұл мәселе жұма күні америкалық нарық ашылар алдында да шешілмеген еді. Алайда, шамамен CET уақытымен 15:00-де CME Group сайтында барлық алаңдардың қайта ашылып, сауда басталғаны хабарлады.
CME — деривативтер мен туынды қаржы құралдары бойынша әлемдегі ең ірі биржа. Инвесторлар оны қазынашылық облигациялардан бастап S&P 500 индексіндегі акцияларға дейінгі нарықтардағы тәуекелді хеджирлеу үшін пайдаланады. Ақау трейдерлердің наразылығын туғызды: үзілген сессия салдарынан S&P 500, Dow Jones және Nasdaq 100 индекстеріне байланған миллиондаған келісімшарт бойынша сауда жасалмай қалды, деп жазды Bloomberg.
Nvidia vs Майкл Бьюрри
Nvidia инвестор Майкл Бьюрридің айыптауларынан кейін даудың ортасында қалды. Бьюрри компанияны акцияларды «сұйылту», GPU процессорларының амортизация мерзімін тым ұзарту және сұраныс бар сияқты көрсететін «айналмалы» келісімдер жасауға қатысты сынға алды. Осыған жауап ретінде, Nvidia Wall Street сарапшыларына Бьюрридің акциялардың «сұйылуы», buyback ауқымы және ЖИ-чиптердің амортизация мерзіміне қатысты сыны шындыққа жанаспайтыны туралы жеті беттен тұратын жазба жіберді, деп хабарлады Barron’s. Nvidia-ның растауынша, Бьюрридің есептеулері қате: компания кері сатып алған акция көлемі қаржыгер көрсеткеннен аз. Компанияның айтуынша, GPU шын мәнінде 4–6 жыл жұмыс істейді, ал алты жыл бұрын шыққан A100 моделдері әлі де жоғары жүктемемен қолданылып, айтарлықтай пайда әкеліп отыр.
Бьюрри бұл уәждермен келіспейді. Оның пікірінше, технологиялық алыптар амортизацияны созу арқылы қаржылық есепті жасанды «жақсартуда». Сондай-ақ, Nvidia клиенттермен «айналмалы келісімдер» жасады деп, нақты түпкілікті сұраныс көрінгеннен әлдеқайда ащ екенін ескертті. Оның қоры Nvidia акциясының құлдырауына ставка қойып, пут-опциондар сатып алған. Чипмейкер туралы тағы бір хатында Бьюрри жабдықтың тез ескіруінде күрделі қауіптер барын айтып, құлдырауға тек Nvidia емес, Уолл-стриттің ЖИ-сүйіктісі — Palantir, бойынша да пут-опциондар ұстап отырғанын растады.
Тағы не оқуға болады?
— Майкл Бьюрри соңғы екі аптада ЖИ-бумға қарсы жаңа ойын бастады. Атақты инвестор технология нарығында қайтадан көпіршік пайда болды дейді. Оның неге алаңдап отырғанын және бұл күдік қаншалықты орынды екенін журналист Екатерина Смирнова «Жасанды интеллектке қарсы ставка: Бюрридің жаңа дабылы» материалында тарқатады.
— Тағы бір алпауыт ЖИ-ға инвестицияны қарқынды салып жатыр — ол Oracle. Компания тарихы ЖИ-сектордың өзіне ұқсап бара ма? Жедел өткен раллиден кейін нарықта көпіршік қаупі неге күшейді? Осы сұрақтарға Oninvest шолушысы Михаил Оверченко «$300 млрд қарыз және құлдыраған акциялар: Oracle-дың ЖИ-ға жасаған ставкасы қандай?» атты колонкасында жауап іздеді.
Google Nvidia-ны үстемдігінен айыруы мүмкін
Meta Platforms Google-дің ЖИ-чиптерін (TPU) миллиардаған долларға сатып алу жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр және оларды 2027 жылы дата-орталықтарына орнатуы мүмкін, деп жазды The Information. Бұл келісім Google үшін ірі жеңіс болып, TPU-дың Nvidia чиптеріне балама ретіндегі позициясын күшейтеді, деп санайды Bloomberg. Жарияланған күні — 25 қарашада, Nvidia акциясы 2% құлап, бір сәтте 7% жоғалтқан, ал Google мен оның Азиядағы серіктестерінің қағаздары күрт өскен.
Bloomberg сарапшыларының бағалауынша, Meta 2026 жылға жоспарлаған кемі $100 млрд капиталдық шығынның жартысына жуығын ЖИ-чиптерге жұмсауы мүмкін. TPU-ға деген қызығушылық Google-дың нейрожелі әзірлеушілері үшін ЖИ-модельдерді іске қосатын қосымша чип жеткізушісіне айналуы ықтимал екенін көрсетеді. Meta өкілдері Bloomberg-ке пікір білдіруден бас тартқан, ал Google сұрауға жауап бермеген.
The Information материалынан екі күн өткен соң Nvidia өз ЖИ-чиптері әлі де «бір буын алда» екенін мәлімдеді. Bernstein сарапшысы Стейси Расгонның сөзінше, ЖИ-ға арналған аппараттық қамтамасыз ету нарығы әзірге «толыққанды» деңгейге жеткен жоқ, сондықтан маңыздысы — компанияның үлесі емес, жалпы нарық көлемі.
Ozempic-тің Альцгеймерге қарсы сынағы сәтсіз болды
Novo Nordisk жүргізген екі ірі зерттеу таблетка түріндегі Ozempic Альцгеймер ауруының дамуын баяулата алмағанын көрсетті. Осыған байланысты компания сынақтарды тоқтатты. 24 қараша, дүйсенбі күні Копенгаген биржасындағы саудада Novo акциясы бір сәтте 12%-дан аса төмендеп, 2021 жылдан бергі минимумға түсті. Нью-Йорктегі компанияның ADR қағазы 5,5% арзандады.
Бұл жаңалық Novo Nordisk-ті күшейіп келе жатқан бәсекелестік жағдайында артықшылыққа ие болудың соңғы мүмкіндіктерінің бірінен айырып отыр: семіздікке қарсы препараттар нарығында компания қазірдің өзінде америкалық Eli Lilly-ге көш бастап қойды. Сарапшылардың айтуынша, семаглутидтің Альцгеймерге қарсы тиімділігі дәлелденсе, Novo жылына қосымша $5 млрд табысқа және нарықта елеулі артықшылыққа қол жеткізер еді. Соған қарамастан, Уолл-стрит оптимистік көзқарасты сақтап отыр: Novo акциясына арналған консенсус-рейтинг — Overweight, яғни сатып алуға кеңесті білдіреді.
Revolut $75 млрд бағалауымен Еуропаның ең қымбат стартапына айналды
Revolut акциясын жаңа $75 млрд-тық бағалаумен сатылымды аяқтады. Бұл өткен жылғы $45 млрд бағалаумен салыстырғанда күрт өскен көрсеткіш, деп жазды Bloomberg. Раундты Coatue мен Dragoneer инвестициялық компаниялары, Greenoaks венчурлық қоры және Fidelity басқарушы компаниясы басқарды. Сондай-ақ a16z, T. Rowe Price, Franklin Templeton және Nvidia-ның венчурлық бөлімшесі NVentures қатысты. Bloomberg мәліметінше, бірнеше ай бойы жүргізілген бұл раунд Revolut-қа Еуропаның ең қымбат стартапы мәртебесін бекітуге мүмкіндік берді. Келісім аясында қызметкерлер өз акцияларының бір бөлігін сатуға мүмкіндік алды.
Revolut бағалауының өсуіне компанияның әсерлі қаржылық нәтижелері ықпал етті: 2024 жылы табыс 72% өсіп, $4 млрд-қа дейін жетті, ал салыққа дейінгі пайда 149% артып, $1,4 млрд-қа дейін жетті. Бөлшек сауда клиенттер саны 65 млн-нан асты. Компания 30 жаңа нарыққа шығуға дайындалып жатыр және Ұлыбританияда банк лицензиясын алуын жалғастыруда, бірақ реттеушінің тәуекелдерді басқаруға қатысты сұрақтары бұл процесті созып жіберді. Сонымен қатар, Revolut халықаралық ауқымын нығайтып жатыр: Мексикада толық банк лицензиясын, ал Кипрде криптолицензиян алып, бүкіл ЕО нарығына жолы ашылды.
Apple смартфон нарығында көш басына шығуға жақын
Counterpoint Research болжамынша, 2025 жылы iPhone жеткізілімі 10% өсіп, Apple-дің әлемдік нарықтағы үлесі 19,4%-ға жетеді. Бұл көрсеткіш компанияға 2011 жылдан бері алғаш рет Samsung-ды басып озуға мүмкіндік береді. iPhone 17 сериясына жоғары сұраныс, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қарым-қатынасының тұрақтануы және пандемиядан кейінгі жаңарту толқыны сатылымның айтарлықтай жеделеуіне ықпал етті.
Apple бұған дейін сатылым өсімі өз күтулерінен жоғары екенін айтып, мерекелік тоқсандағы табысы рекордтық $140 млрд шамасына жақындауы мүмкін екенін мәлімдеген. Компания модельдік қатарын да кеңейтуге дайындалып жатыр: бүктелетін iPhone және қолжетімді iPhone 17e үлгілері Apple-ге онжылық соңына дейін көшбасшылықты сақтауға көмектеседі.
Нарықтағы реакция да оң болды: 25 қарашада Apple қағазы 1,6% өсіп, $280,3 деңгейіндегі тарихи максимумға жетті де, кейін сәл түзелді. Жыл басынан бері компанияның капитализациясы шамамен 10% артты, бірақ Уолл-стрит консенсусы ағымдағы деңгейден тек шамамен 3% өсім күтеді.








