Nvidia жарысы: компания капитализациясын $5 трлн-ға жеткізе ала ма?

Өткен аптада Nvidia тоқсандық есебін жариялады — табыс пен пайда сарапшылардың күткенінен асып түсті, ал Oppenheimer инвестициялық банкі оны «ең мықты сектордағы ең үздік компания» деп атады. Freedom Holding-тің тең құрылтайшысы Игорь Клюшнев Nvidia-ның алдағы өсу мүмкіндіктерін талдап шықты.
Жасанды интеллект дәуіріндегі «алтын қазушыларға күрек ұсынған» компания
Жақында жұбайым: «Nvidia расымен сондай мықты компания ма?» — деп сұрады. Сұрақ тосыннан қойылған соң абдырап қалдым. Америкалық нарықта инвестиция салатындар үшін Nvidia соңғы онжылдықтағы керемет өсімімен жақсы таныс. Бірақ сырт көзге бәрі басқаша көрінуі мүмкін. Сондықтан компанияның соңғы есебі — Nvidia феноменін түсіндіруге тамаша мүмкіндік.
Nvidia мықты ма? Әрине! Себебі дәл осы компанияның өнімдері мен технологиялары қазіргі жасанды интеллект революциясының негізін қалады.
Көпшілік Nvidia-ның видеокарталары туралы біледі. Бірақ оның бизнесі бірнеше маңызды бағытты қамтитынын біреу білсе, біреу біле бермес. Ол дата-орталықтарға арналған чиптер мен бағдарламалық жасақтама (соңғы тоқсандағы $44,1 млрд табыстың $39,1 млрд-ы осыдан түскен), геймерлерге арналған графикалық процессорлар, визуализация жүйелері және автопилоттар ұсынады.
Компания құрылған сәттен бастап оны Дженсен Хуанг басқарып келеді — оның Nvidia үшін маңыздылығын асыра бағалау қиын шығар.
Компания қызметі небәрі 30 жылдан асқанымен, ол әлемдегі ең ірі компания атағына таласып отыр. Хуанг жасанды интеллектке алғаш болып сеніп, осы салаға сенім артты — бұл стратегиялық шешім Nvidia-ны түбегейлі өзгертті: 2021–2025 қаржылық жылдары оның жылдық табысы шамамен $17 млрд-тан $130,5 млрд-қа дейін өсті, ал дата-орталықтар табыстағы үлесін 90%-ға жеткізді.
Яғни, геймерлерге арналған видеокарта жасаушы компания жасанды интеллекттің «алтын қазушыларына» қажетті күректі уақытылы жеткізушіге айналды.
Жалпы, Дженсен Хуангтың өзі сырт келбетімен де, ықпалымен де Кремний алқабындағы культтік тұлғадардың біріне айналғаны рас. Ол жылдың қай мезгілі болмасын, қара былғары курткамен сахнаға шығады, миллиондаған көрерменге чип архитектурасын түсінікті тілмен түсіндіре алады, ал Nvidia-ның әрбір таныстырылымы — жарық, музыка және арнайы қойылыммен өтетін нағыз шоу. Баспасөз оны технология әлемінің рок-жұлдызы деп атап кеткелі қашан. Мысалы, 2024 жылдың қазанында Үндістанда өткен AI саммитінде оның сөз сөйлеу кешіне барлық билеттер үлкен сұраныспен сатылып кеткен, ал 2025 жылдың қаңтарында Тайваньда (өзінің туған жері) өткізген кешкі асында мейрамхананың алдында оның жанкүйерлері топтап жиналды.
$5 триллион тұрарлық «сұрақ»
Енді басты сұраққа келейік — қазіргі таңда нарықтық құны $3,3 трлн-нан асатын Nvidia болашақта $5 трлн-ға жете ала ма? Кейбіреулер: «тағы қайда өседі?» — деп сенімсіздік танытуы мүмкін. Бірақ мен бұған сендіретін бірнеше маңызды факторларды білемін.
Nvidia — жасанды интеллект дәуіріндегі басты бенефициар
Жасанды интеллекттің қарқынды дамуы кезінде компания нарықтағы №1 жеткізуші ретінде ерекше жағдайда тұр.
IDC деректеріне сүйенсек, 2023 жылдың соңында Nvidia серверлік графикалық процессорлар нарығының 90%-дан астамын бақылаған. Оның чиптері — ChatGPT сияқты чат-боттардан бастап сурет тану жүйелеріне дейінгі барлық AI жетістіктерінің негізі.
2023 жылы дата-орталықтарға арналған GPU-ға жаһандық сұраныс 154%-ға өсті (Freedom Finance Global деректері).
Басқаша айтқанда, Nvidia — цифрлық ЖИ зауыттарына арналған «кірпіштерді» сатушы. Компания басшылығы алдағы жылдары ЖИ үшін сервер инфрақұрылымын жаңартуға $1 трлн-нан астам қаржы жұмсалады деп болжайды — және бұл қаржының едәуір бөлігі Nvidia-ға түседі. Қазірдің өзінде бірнеше тоқсанға жететін тапсырыс кезегі қалыптасты. Осы сұранысты қанағаттандыру үшін Nvidia TSMC және басқа өндірушілермен қуаттылықты арттыру туралы келіссөздер жүргізіп жатыр.
Бұдан бөлек, Nvidia тек «темір» жеткізуші емес — ол тұтас экожүйе жасаушы. DGX сериясындағы серверлерді, бағдарламалық жасақтаманы және AI есептеуіне арналған бұлттық қызметтерді ұсынады. Іс жүзінде бүкіл ЖИ индустриясы Nvidia платформаларында жұмыс істейді — мысалы, CUDA бағдарламалау экожүйесі AI әзірлеушілер үшін «операциялық жүйе» іспетті.
Бағдарламалық қамтамасыз ету мен «кіжан-жақты шешімдер» ұсынудың арқасында компанияның табысы артып келеді. Яғни, компания AI бумынан барынша пайда көріп отыр — әрі чиптерден, әрі софттан, әрі қызметтерден. Бұл — компания бағасының негізін құрайтын бірінші тірек.
Nvidia — «физикалық ЖИ» мен автономды жүйелердің көшбасшысы
Соңғы жылдары компания сандық ЖИ саласында көш бастады (нейрожелілерді оқыту, контент генерациясы және т.б.), ендігі мақсат — нақты әлемдегі ЖИ көшбасшысы болу. Дженсен Хуанг бұны «физикалық AI» деп атайды.
Роботтар, автономды көліктер, «ақылды» зауыттар — жасанды интеллект енді тек бұлтта емес, шынайы өмірде әрекет ететін болады.
Nvidia бұл салада да жетістіктерге жетіп жатыр. Nvidia Drive платформасы автопилот жүйелері үшін стандартқа айналды — оны, мысалы, Mercedes-Benz пен BYD қолданады. Autopilot нарығы 2027 жылға қарай $65,3 млрд-қа жетеді деген болжам бар (Market Research Future). Nvidia бұл нарықта басты «ми» жеткізуші.
Бұл үрдіс тек көлікпен шектелмейді: Nvidia робототехникаға арналған Isaac платформасын дамытып жатыр, ал BMW сияқты өнеркәсіп алыптары өндіріс процестерін симуляциялау үшін Omniverse цифрлық егіздерін қолдануда.
Хуангтың айтуынша қазіргі кезде әлем бойынша жалпы құны $5 трлн болатын зауыттар мен фабрикалар салынып жатыр — олардың тиімділігін арттыруға Nvidia Omniverse платформасы көмектеседі.
«Болашақтағы роботтар әртүрлі болады, бірақ барлығын жасанды интеллект басқарады», — деген еді Хуанг өткен жылы.
Бәсекелестер біршама артта қалды
Әрине, мұндай алып нарық бос қалмайды. AMD, Google, Amazon, Meta — барлығы өздерінің ЖИ чиптерін жасап, Nvidia-ға тәуелділіктен арылуға тырысып-ақ жатыр.
Бірақ ең жақын бәсекелес AMD MI300 чиптерін енді ғана шығара бастады — оның нарықтағы үлесі әзірше 15%-тен аз.
Бұлттық алпауыттардың (Google, Amazon т.б.) жеке чип әзірлеуі — көпжылдық процесс. Мысалы, Meta өз чипін 2026 жылдан бұрын қолдануға ниетті емес.
Яғни, Nvidia алдағы бірнеше жылда көшбасшылықты сақтап қалмақ. CUDA экожүйесі, шешімдерінің ыңғайлылығы және озық инновациялар оны бәсекелестерден алда ұстап тұр. Тіпті 2026–2027 жылдары басқа компаниялар өз чиптерін нарыққа шығарса да, AI секторы соншалықты жылдам дамып жатыр, нарықта бәріне орын табылады. Nvidia болса, негізгі үлесті сақтап қала алады.
Қорытынды және тәуекелдер
Nvidia-ны болашақта күтіп тұрған басты тәуекел — бәсекенің жылдам өсу қарқынын бағаламау. Қытайлық DeepSeek платформасы — соның дәлелі. Бұрын ірі тілдік модельдерді оқыту үшін $10 млрд қажет болса, енді бірнеше миллион доллар жеткілікті. Бұл Nvidia-ның маңыздылығын жоққа шығармайды, бірақ нарыққа кіру шегі айтарлықтай төмендеді, ал бұл өз кезегінде жаңа ойыншылардың пайда болуына жол ашады.
Дегенмен, қазіргі кезде Nvidia-ның бәсекелестерінен озық артықшылықтары бар. Компания «физикалық ЖИ» саласын белсенді дамытып жатыр, ал алдағы 2–3 жылда оның көшбасшылығын сақтап қалуға мүмкіндігі жоғары. Демек, $5 трлн шегіне жету мүмкін еместей көрінбейді.
Nvidia акциясы бар ма менде? Мен компанияның өзі емес, бірақ S&P 500 индексіне арналған ETF (тикер SPY) ұстаймын, ал бұл индекс Nvidia-ға айтарлықтай тәуелді. Соңғы жылдары компанияның индекс өсіміне әсері ерекше болды. Мысалы, 2024 жылы S&P 500-дің бүкіл өсімінің 22%-дан астамын тек Nvidia қамтамасыз етті — бұл көрсеткіш Apple мен Microsoft-қа да бұйырмаған. Яғни, индекстік инвестор Nvidia-ның акциясын тікелей сатып алмаса да, оның индекстегі «қозғаушы рөлі» арқылы алға жылжып келеді.
Бонус-трек: Nvidia қалай «естіледі»?
Nvidia-ның «дыбысы» қандай екенін білгіңіз келсе, Kraftwerk тобының Tour de France Etape 2 трегін тыңдап көріңіз...
Бұл ақпарат инвестициялық кеңес ретінде қарастырылмауы тиіс.








