«Нық көшбасшылық». Bank of America Eli Lilly акциялары 20%-дан аса өседі деп күтеді

Bank of America Eli Lilly фармацевтика компаниясының акцияларына «сатып алу» ұсынысын растады және олардың мақсатты бағасын 950 доллардан 1286 долларға көтерді, деп жазады CNBC. Бұл болжам қазіргі деңгейден шамамен 22% өсім болатынын білдіреді.
Өсімнің қозғаушы күші неде?
Bank of America сарапшысы Тим Андерсонның айтуынша, Eli Lilly Zepbound және Mounjaro препараттарымен семіздік пен қант диабетін емдеу нарығында нық көшбасшылықты сақтап отыр. Компания әзірлеген бұл дәрілер қандағы қант жоғары болғанда инсулин бөлінуін жақсартады, тәбетті азайтады және салмақтың төмендеуіне көмектеседі.
Андерсонның сөзінше, Eli Lilly осы саладағы жаңа препаратын жоспарланған мерзімнен бірнеше ай ерте шығара алады. Алғашында 2026 жылдың соңына жоспарланғанымен, енді препарат 2026 жылдың басында шығуы мүмкін. Себебі компания дәріні АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмекті бақылау басқармасының жедел тексеру құқығын «алғашқылардың бірі болып» алған.
Компанияны тағы не алға жылжытады?
Андерсонның айтуынша, Eli Lilly өзінің «өте белсенді Retatrutide (немесе “үш G”)» деп аталатын эксперименттік препаратын да әзірлеуді жалғастырып жатыр. Бұл да семіздік пен екінші типті диабетті емдеуге арналған дәрі. Bank of America сарапшылары оның алғашқы сынақ нәтижелері жыл соңына қарай белгілі болады деп күтеді.
Сонымен қатар алдағы айларда Eli Lilly акцияларына қолайлы әсер ететін факторлардың бірі ретінде сарапшы нарықтағы жалпы көңіл-күйді атайды. Инвесторлар АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің денсаулық сақтау саласындағы басымдықтары айқындалғаннан кейін фармацевтика секторына қайта назар аударып отыр.
Контекст
Қараша айында денсаулық сақтау секторы АҚШ нарығында басты фаворитке айналды. Инвесторлар ЖИ компанияларға қатысты күтулерін қайта қарастырғаннан кейін S&P 500 Health Care индексі бір айда 9% өсіп, 11 саланың ішінде ең жоғары нәтиже көрсетті. Бұған хедж-фондтардан тартылған қаражат та әсер етті: Goldman Sachs деректері бойынша, фармацевтика секторына салынған инвестициялар соңғы бес жылдағы ең жоғары деңгейге жеткен.
Басқа сарапшылар не дейді?
2 желтоқсанда Berenberg Eli Lilly акцияларының мақсатты бағасын 830 доллардан 950 долларға көтерді, бірақ «бейтарап» ұсынымын сақтады. Жалпы алғанда, бұл компанияның акцияларын талдап жүрген мамандардың көзқарасы оң: 31 сарапшының 21-і «сатып алуды» ұсынады, сегізі «ұстау» керек дейді, біреуі ғана «сату» жөнінде кеңес береді.








