OpenAI Developer Day өзкізеді: жария компаниялардың акциясына қалай әсер етуі мүмкін?

OpenAI 6 қазанда технологиялық сектор үшін ең маңызды оқиға болатын жыл сайынғы DevDay (әзірлеушілер күнін) өткізеді. Компанияның соңғы уақыттағы жаңалықтары қор нарығына жиі әсер етіп жүргендіктен, инвесторлар жаңа өнімдер мен даму бағыттары туралы сигнал күтуде. Бағасы $500 млрд-тан асқан OpenAI-дың ықпалы артып келе жатқандықтан, бизнесі чип өндірушілерден бастап, жасанды интеллектке қатысты бар компаниялардың акциясына дейінгі ауқымды конференция қызу қозғалыс туғызуы мүмкін.
Егжей-тегжейлі
ChatGPT иесі OpenAI 6 қазанда Сан-Францискода әзірлеушілерге арналған үшінші жыл сайынғы DevDay конференциясын өткізеді. Бұл іс-шара технологиялық сектор мен жартылай өткізгіштер индустриясы үшін маңызды оқиға, деп түсіндіреді Freedom Broker. Bloomberg жазғандай, OpenAI-дың нарыққа ықпалы Apple немесе Nvidia сияқты алыптарға тән деңгейге жетіп келеді. Бағасы $500 млрд-тан асқан стартаптың жақын арада биржаға шығатынын білдіретін белгілер әзірге жоқ, алайда, компанияның әрбір жаңа хабарламасы — жаңа функциялардан бастап серіктестіктерге дейін — жасанды интеллектпен байланысты жария компаниялардың акциясына әсер етіп отыр.
Инвесторлар DevDay конференциясынан компанияның келесі қадамы туралы сигнал күтуде. Инфрақұрылым жеткізушілері мен серіктестерінің акциясы өсуі мүмкін, ал OpenAI жоспарлап отырған жаңа бағыттармен бәсекелес компаниялардың акциясы арзандауы ықтимал, деп жазады Bloomberg.
UBS дерегінше, ChatGPT әзірлеушісі жаңа өнімдерді — саяхаттарды брондауға арналған “ақылды агенттен” бастап, жасанды интеллект негізіндегі жеке браузерге дейін таныстыруға дайындалып жатыр. UBS сарапшысы Карл Кирстедтің айтуынша, бағдарламалық қамту және интернет секторына бағытталған инвесторлар OpenAI-дың келесі бағытына және оның нарыққа қаншалықты әсер ететініне мұқият назар аударып отыр. Оның сөзінше, компанияның бизнесі кеңейген сайын, көпшілік пікір бойынша, OpenAI ChatGPT жазылымынан тыс бағыттарды да дамытуға тиіс болады.
OpenAI жария компаниялардың акциясына қалай әсер етеді?
OpenAI-дың нарыққа әсерінің айқын мысалы — 6 қазанда жарияланған AMD чип өндірушісімен келісімі. Стартап миллиардтаған долларлық көпжылдық микросхема жеткізілімі туралы уағдаласты және өндіруші акциясының 10%-на дейінгі үлесті сатып алу құқығына ие болды. Осы хабардан кейін AMD акциясы 28%-дан астам қымбаттап, рекордтық деңгейге жақындады. Бұл мәміле “бұқа” нарығын қолдап, өзге чипмейкерлердің қағазында да ралли туғызды, деп жазады Bloomberg.
Өткен аптада OpenAI ChatGPT-де бір сәттік сатып алу функциясын таныстырған соң Shopify мен Etsy акциясы күрт өсті. Ал ішкі ЖИ-құралдар әзірлеу туралы жарияланым, яғни зерттеу, келісімшарт талдау, клиент сұраныстарын өңдеу мен пайдаланушыларды қолдау үдерістерін автоматтандыру мүмкіндігі Atlassian, HubSpot және DocuSign акциясының 9%-дан астам арзандауына әкелді. Goldman Sachs-тың дерегінше, бағдарламалық қамту қызметі (SaaS) секторының акция индексі соңғы екі айдағы ең нашар апта көрсеткішін тіркеп, 3,3% төмендеді.
Кей сарапшылар алаңдаушылықтың асыра сілтенгенін айтады. OpenAI-дың Sora 2 атты жаңа қолданбасын — жасанды интеллект арқылы бейне жасау және бөлісу платформасын — іске қосуы медиа компаниялардың акциясында айтарлықтай қозғалыс туғызбады. Мысалы, Meta акциясының динамикасы әлсіз болды, ал Snapchat иесінің котировкасы 3%-дан астам өсті, деп еске салады Bloomberg.
Соған қарамастан, Zacks Investment Research-тің аға стратегi Кевин Куктың болжамынша, OpenAI-дың нарыққа әсері компания кеңейген сайын арта бермек, тіпті ол жария компания болмаса да. Оның айтуынша, OpenAI жасанды интеллект дәуіріндегі ең ықпалды ойыншылардың бірі ретінде қарастырылмақ. Бұл — жеке компанияның нарыққа соншалықты күшті әсер еткен сирек жағдайы. Куктың пікірінше, OpenAI басқа компанияларға қарағанда икемдірек әрі креативті әрекет ете алады, ал бұл нарықта “домино әсерін” тудырады — оң әрі теріс реакциялар.








