Oracle тоқсандық есеп беруге дайындалып жатыр

Биыл акциялары 40%-дан артық қымбаттаған технологиялық алып Oracle 9 қыркүйекте сауда жабылған соң тоқсандық есебін жариялайды. Нарық компанияның кіріс өсімін бұлтты сервистер мен ЖИ-инфрақұрылымға сұраныс есебінен растауын күтеді. Бірақ сарапшылар ескертеді: болжамдар орындалса да, акциялардың тағы да қарқынды өсуі екіталай.
Нарық не күтеді?
2026 қаржылық жылының 1-тоқсанына арналған есеп (31 тамызда аяқталды) кірістің жылдық өсімін 13% деңгейінде көрсетуі тиіс. Бұл соңғы екі жылдан бергі ең жоғары қарқын, деп жазады Bloomberg. Бұлтты инфрақұрылым сатылымы өткен жылмен салыстырғанда 56% өсуі мүмкін.
Биылғы акция раллисінен кейін Oracle-ға қысым күшейді. Котировкаларды ұстап тұру үшін компания ЖИ-ге инвестиция арқасында кірістің жеделдегенін көрсетуі керек. Жоғары күткенді ақтамау акция бағасының құлауына әкелуі мүмкін. Мұндай жағдай Salesforce-пен болды: ЖИ негізіндегі өнімдерден табыс күткеннен баяу түскен соң оның акциялары 8%-дан артық арзандады.
Аналитиктер не дейді?
Barclays талдауы Oracle-дың нарық болжамдарынан асып түсуі мүмкін екенін көрсетеді, деді банк сарапшысы Раймо Леншоу. Есеп қарсаңында Barclays компания акцияларын «сатып алуға» ұсынып, рейтингін Overweight деңгейінде растады және мақсатты бағасын 221 доллардан 281 долларға дейін көтерді. Бұл қағаздардың 18% өсу ықтималдығын білдіреді.
Леншоу бұл тоқсандық есеп «алдыңғылардан айтарлықтай өзгеше» болады деп санайды. Себебі маусым айының соңында Oracle жылдық табысы 30 млрд долларлық бұлтты келісімшартқа қол қойғанын мәлімдеді. Түсімдер 2028 қаржылық жылдан бастап түсе бастайды. Тапсырыс беруші аталмады, бірақ TD Cowen сарапшысы Деррик Вуд оның OpenAI болуы мүмкін екенін айтты.
Freedom Capital Markets басқарушы директоры Пол Микс: «Мен үшін басты сұрақ — бұлт бағытының өсімі сақтала ма?» деді. Ол өткен тоқсандағы сценарий қайталанбайды деп санайды. Ол кезде Oracle сарапшылар күтімін асырып, кірістің бұлт бизнесінен 2025 жылы 24%-дан 2026 жылы 40%-ға дейін жеделдейтінін болжаған еді. «Oracle бұлт бизнесінің ЖИ-ден пайда көріп отырғанын дәлелдеді. Енді оны қайта растау қажет», — деді Микс.
Bloomberg Intelligence сарапшысы Анураг Рананың айтуынша, Microsoft пен CoreWeave есептері ЖИ инфрақұрылымына сұраныстың өсіп жатқанын көрсетті. Бұл Oracle үшін де оң белгі.
Алайда Huntington National Bank портфель менеджері Рэнди Хэрдің пікірінше, Oracle Уолл-стриттің батыл болжамдарын ақтаса да, өткен тоқсандағыдай қарқынды акция өсімін күтуге болмайды.
«Инвесторлар ЖИ-мен байланысты өсім көрсеткіштерін қазірдің өзінде жақсы түсінеді. Сондықтан ірі тосынсыйлар артта қалды деуге болады», — деді ол.








