«Орынбасарларын тез күйдіреді»: Масктың қызметкерлері жаппай жұмыстан шығып жатыр

Илон Масктың компанияларынан бірінен соң бірі негізгі қызметкерлері жұмыстан шығып жатыр, деп хабарлайды Financial Times оннан аса дереккөзге сілтеме жасап. Көбісі мұны шамадан тыс жүктеме және күйзеліс, миллиардердің стратегиясына көңілі толмау, жаппай қысқартулар және оның саяси белсенділігімен түсіндіреді. «Дәстүрлі түрде тұрақты» саналатын Tesla-да, xAI сияқты жаңа жобаларда да кадрлардың жиі ауысуы байқалады. Бұған қоса, Масктің ChatGPT-ге қарсы күреске ерекше мән беруі қосымша қысым түсіріп отыр, деп жазады басылым.
Егжей-тегжейлі
Маск империясы кадрлардың жаппай жұмыстан шығуын бастан кешіп жатыр, деп жазады FT. Мәселен, Tesla-ның АҚШ-тағы сатылым бөлімі мен қоғаммен байланыс бөлімінде отставкалар болды, сондай-ақ, компанияның ақпараттық технологиялар директоры да қызметінен кеткен.
Кейбір отставкалар жайлы ашық мәлім болды: мысалы, 2024 жылдың сәуірінде Tesla-дан 18 жыл жұмыс істеген, аккумулятор жобаларын басқарған топ-менеджер Винит Мехта кетті. Көптеген қызметкерлер ұзақ жылғы еңбектен кейін өз жобаларын бастау немесе мансабына үзіліс жасау үшін позитивті себептермен кетсе, FT дереккөздерінің айтуынша, барған сайын көбірек адам теріс себептермен — шамадан тыс жүктеме, тұрақсыз басымдықтар және Масктің саяси белсенділігіне байланысты кетуде.
Маск, Tesla және xAI бұл туралы басылымға түсініктеме беруден бас тартты.
Маскпен жұмыс туралы сұхбаттасушылар не айтты
Илон Маск — әлемдегі ең бай адам, ол бір уақытта SpaceX-тен бастап Tesla-ға дейінгі бес компанияны басқарады, олардың құрамында 140 мыңнан астам қызметкер бар, деп жазады FT. Бірақ оның жұмыс стилі бәріне бірдей келе бермейді.
«Илонның әлеміндегі жалғыз тұрақтылық — ол орынбасарларын қаншалықты тез шаршататыны. Тіпті директорлар кеңесінде де қалжыңдайды: қалыпты уақыт бар, және де «Tesla-уақыты» бар. Бұл тәулік бойы сайлауалды науқан стиліндегі жұмыс ырғағы. Мұндай тәртіп бәріне жарай бермейді», — деді миллиардердің бір кеңесшісі.
xAI-дың бас заң кеңесшісі Роберт Кил тамыз айының басында 16 айлық жұмыс мерзімін аяқтады. Ол костюм киген заңгердің айқайлап, бір мезгілде балқымаға көмір тастап жатқан ЖИ жасаған видеосын жариялады. «Мен екі баламды жақсы көремін, бірақ оларды тым сирек көремін», — деп жазды ол. Ал xAI-дың қаржы директоры Майк Либераторе үш ай ғана шыдап, одан кейін Масктің басты бәсекелесі Сэм Альтманның OpenAI компаниясына кетті. «102 күн — аптасына 7 күн офисте; аптасына 120 сағаттан артық; мен көп жұмыс істегенді ұнатамын», — деп жазды Либераторе LinkedIn-дегі жазбасында, деп келтіреді FT.
Financial Times жазғандай, Масктің басқару стиліндегі шиеленіс 2022 жылдың соңында ChatGPT іске қосылғаннан кейін күшейе түсті. Бұл Кремний жазығындағы қалыптасқан тәртіпті шайқалтқан оқиға болды. Басылым дереккөздері қысымды Масктің бір кезде бірге OpenAI құрған, бірақ кейін ажырап кеткен Сэм Альтманмен бәсекелестігімен де байланыстырады.
«Илонның ChatGPT-ге қатысты әуестігі шектен шықты, ол әрбір бос минутын Сэмді нарықтан ығыстыруға тырысумен өткізеді», — деді жақында кеткен топ-менеджерлердің бірі.
Биылғы жылдың екінші тоқсанында сатылымдар күрт төмендеді. Көпшілік мұны Масктің либералды клиенттердің бір бөлігін ренжітуімен байланыстырады. Осыдан кейін маусым айында миллиардердің жақын серігі, «өрт сөндіруші» әрі «қазушы» атанған Омид Ашфар қызметінен босатылды. Ол Tesla-ның Солтүстік Америкадағы сатылымы мен операциялық қызметін басқарған. Артынша 15 жыл жұмыс істеген оның орынбасары Трой Джонс та компаниядан кетті.
«Илонның мінез-құлқы моральдық ахуалға, кадрларды ұстап қалуға және жаңа қызметкерлерді жалдауға әсер етіп жатыр. Ол түрлі көзқарастағы адамдарға ұнайтын тұлғадан тек белгілі бір топ қолдайтын адамға айналды», — деді басылымға сұхбат бергендердің бірі.
Басқа дереккөздер Масктің Дональд Трампты қолдауы мен АҚШ пен Еуропадағы ультраоңшылдарға симпатиясы да шиеленіс тудырғанын айтты. Олардың сөзінше, кейбір қызметкерлер Масктің пікірлерін отбасымен талқылаудан қорқып, трансгендер құқықтары мен консервативті белсенді Чарли Кирктің өлтірілуі сияқты тақырыптардан қашқан.
«Мен Tesla-ны және ол жерде өткізген уақытымды жақсы көремін. Бірақ мен білетін ешкім саясаттан бөлек кете алмайды. Онымен кімнің айналысқысы келеді? Маған аптасына кемі бір рет хабарласады. Менің кеңесім: егер ішкі түйсігіңіз кететін уақыт жетті десе, бұл сезім жоғалмайды», — деп тағы бір жақында кеткен қызметкерді келтіреді басылым.
Масктың компанияларынан кімдер шықты?
Маск империясының дәстүрлі түрде ең тұрақты бөлігі Tesla саналатын. Алайда FT жазғандай, 2024 жылдың сәуірінде 14 мың жұмыс орны қысқартылғаннан кейін көптеген басшылар компаниядан кетті. Қызметкерлер жаһандық шығарындыларды азайту миссиясы үшін негізгі деп санаған жаңа электромобильдер мен батарея жобаларынан инвестицияларды робототехникаға, жасанды интеллектке және жүргізушісіз таксилерге бұру да кетудің қосымша себебі болды.
2025 жылдың маусымында компанияны адам бейнесіндегі Optimus роботы бағдарламасының басшысы Милан Ковач тастап кетті. Ал қыркүйекте оның артынан Optimus AI тобын басқарған Ашиш Кумар кетіп, Meta-ға ауысты.
Компаниядан кеткендердің қатарында арзан электрокар Model 2 (NV-91) бағдарламасын басқарған әрі кейін Waymo-ға өткен Дэниел Хо; энергетика және күштік қондырғылар бөлімдерінің басшысы Дрю Баглино; зарядтау станциялары бағытын басқарған әрі кейін Uber-ге кеткен Ребекка Тинуччи; сондай-ақ Model Y мен Cybertruck жобаларын іске қосуға жауапты менеджерлер және IT-директор Нагеш Салди бар.
Жасанды интеллектке арналған xAI стартапында, ол екі жыл бұрын құрылған және 2025 жылдың наурызында X әлеуметтік желісімен біріктірілген, кадр ауысуы одан да жоғары. FT жазғандай, қаржы директоры мен бас заң кеңесшісі қысқа уақыт жұмыс істегеннен кейін бір апта айырмашылығымен қызметтерінен кетті.
Сонымен қатар, X-тің бас директоры Линда Яккарино 2024 жылдың шілдесінде xAI стартапы әлеуметтік желіні сатып алғаннан кейін отставкаға кеткен. FT-нің жазуынша, оны Масктың біржақты шешімдері және жарнамалық табыс көрсеткіштеріне жасаған сыны ашуландырған.
Бір айдан соң, xAI-дың теңқұрушысы әрі бас инженері Игорь Бабушкин компаниядан кетті. Артынша коммуникация бөлімінің басшылары мен X пен xAI интеграциясына жауапты бірқатар инженерлер мен өнім менеджерлері де жұмыстан шықты. Ал кейбір мамандарды бәсекелестері өздеріне тартты: мысалы, Удай Руддарраджу мен Майкл Далтон OpenAI-ға ауысты.








