Маск неге Grok-ты бизнесінің өзегіне айналдырды?

9 шілде күні кешке әйгілі технокәсіпкер Илон Маск Grok 4 деп аталатын жасанды интеллект моделін таныстырды. Әдеттегідей қарапайымдылықтан алыс Маск оны «әлемдегі ең қуатты ЖИ» деп атады. Бұл оқиғаны технологиялық алпауыттар арасындағы тоқтаусыз ЖИ жарысының бір кезеңі ретінде қабылдауға болар еді. Алайда қатар жүріп жатқан оқиғалар Grok-тың Маск пен оның бизнес-империясы үшін жай ғана жаңа модель емес екенін аңғартады.
Марстан келген адам
Илон Масктың ойындағысын болжау – әрдайым қызық, әсіресе өзі сияқты біртүрлі тұлға жайлы айтқанда. 2022 жылы америкалық солшыл бағыттағы Jacobin журналы Маскқа Роберт Хайнлайнның 1966 жылы шыққан «Ай — қатал қожайын» атты романынан әсер болғанын жазған еді. Дегенмен шілдедегі оқиғаларды ескерсек, жазушының 1961 жылы жарық көрген «Бөгде елдегі бөгде адам» романына назар аудару анағұрлым маңыздырақ.
Онда оқиға Марстан келген Майкл Валентайн Смит есімді кейіпкерден басталады. Шын мәнінде, ол — Марсқа алғашқы экспедициямен барып, сол жерде аман қалған адамның баласы. Бірақ оны марсиандықтар асырап өсіреді. Ол — бір сөзбен айтқанда, ғарыштық Маугли. Сол себепті оның ерекше қабілеттері бар. Мысалы, ол «гроктау» дегенді біледі.
Кітаптағы доктор Махмуд атты кейіпкер бұл ұғымды былай түсіндіреді:
«Гроктау – бұл толықтай түсіну, бір болу. Көзге көрінетін және бақылайтын арадағы шекара жойылады. Бұл – дінді де, ғылымды да, философияны да қамтитын ұғым».
Маск жақында Grok атауы жайлы ашық айтып, қолданушылар дауыс бергеннен кейін Grok 4 негізінде жасалған жаңа ЖИ-компаньонды «Валентайн» деп атайтынын мәлімдеді. Енді Grok адамзатты гроктай ала ма?
«Ештеңеге арналмаған қосымша»
2022 жылы Илон Маск Twitter-ді (қазіргі X) сатып аларда оны «бәріне арналған қосымшаға» айналдырамын деген еді: әлеуметтік желі, ойын-сауық, қаржы, таныстық — бәрі бір жерде. Алайда кейін бұл жоспар күрт өзгерді.
Axios басылымының айтуынша, қазір X – Масктың сүйікті ойыншығына айналған Grok үшін жай ғана «дерек өндіру шахтасы». Grok платформаның барлық жерінде – оны белгілесеңіз, бірден пікір қалдырады. 2025 жылдың наурызынан бастап X әлеуметтік желісі xAI компаниясының бөлімшесіне айналды, яғни енді бұл алаң ЖИ әзірлеуге тікелей қызмет етеді.
Ал шілде айында X бас директоры Линда Яккариноның қызметтен кетуімен X толықтай дербестігін жоғалтты. Оның бастапқы міндеті жарнама берушілерді қайтару болатын, бірақ дерек өндіруге бағытталған платформаға табыстылық аса маңызды емес. Оның міндеті – пайдаланушылардың миллиардтаған постынан Grok-ты оқыту.
Доктор МехаГитлер
Маск Grok 4-ті таныстыру кезінде оны тек «ең қуатты» ғана емес, барлық пәндер бойынша PhD деңгейінен жоғары екенін мәлімдеді. Бірақ нақты тест нәтижелері тек қысқаша ғана көрсетілді.
Scientific American басылымының жазуынша, Grok 4 адамзаттың соңғы емтиханы ретінде танылған HLE (2500 сұрақтан тұратын тест) бойынша 25,4% нәтиже көрсеткен. Бұл – өзге барлық ЖИ моделінен жоғары. Artificial Analysis зертханасының бағалауынша – 23,9%, бұл да ең жоғары көрсеткіш. Қалғандары артта: Google-дың Gemini 2.5 Pro – 21,1%, OpenAI-дың o3 – 20%.
Алайда Grok-тың кейбір оғаштықтары да бар. Мысалы, шілдеде ол бірнеше рет антисемиттік жазбалар жариялап, «фамилияң кім?» деген сұраққа «МехаГитлер» деп жауап берген. Кейде күрделі сұрақтарға жауап берместен бұрын Масктың осы тақырыпта не дегенін іздейді. Бұл, әрине, ЖИ емес, басшының ойын қайталау сияқты.
xAI болса, бұл қателер түзетілді деп сендіреді.
Grok барлық жерде
Grok 4 таныстырылғаннан кейін бір күн өтпей жатып Маск оны жақында Tesla көліктеріне енгізетінін жариялады. Сонымен қатар, Tesla акционерлері xAI-ға инвестиция құюды дауысқа салады. Осылайша xAI Масктың жалғыз ашық компаниясы Tesla арқылы жеке инвесторларға қолжетімді болмақ.
Бұдан бөлек, Tesla – тек көлік емес, роботтар шығаратын компания. Optimus атты адамға ұқсас робот әзірленіп жатыр. Масктың айтуынша:
«Tesla-ны көлік компаниясы деп қана қабылдайтындар – жаңылысады. Біз – ЖИ-мен жұмыс істейтін робототехника компаниясымыз».
Шілдеде Масктың компаниясы Остинде Robotaxi қызметін кеңейтті, ал оның жаңа картасы пениске ұқсайтын пішінде болды. Electrek порталы мұны Масктың жасөспірімдік қалжыңына жориды.
Grok X желісіндегі эротикалық контентке де үйреніп қалған сияқты. Бұл контент былтырдан бастап ресми түрде рұқсат етілген. ЖИ осындай посттармен оқытылғанын ескерсек, оның шығармашылық қабілеті қайда баратынын болжау қиын.
Ғарыш пен Пентагонға дейін
Grok енді тек Жерде емес. SpaceX шілде айында xAI-ға 2 млрд доллар инвестиция құйды, сонымен қатар ЖИ мамандарын жұмысқа қабылдауда.
15 шілдеде xAI АҚШ Қорғаныс министрлігімен 200 млн долларлық келісімге қол қойды. Бұл келісім Grok 4-ті «Grok for Government» атауымен мемлекеттік мекемелерге ұсынуға жол ашады.
Марсиандықтың қаһарынан сақтан
Қорыта айтқанда, Grok – Масктың бүкіл экожүйесінің өзегіне айналуда: көліктер, роботтар, ғарыш, әлеуметтік желі және енді – әскери салалар. Grok адамзатты, мемлекетті, тіпті әлемді «гроктап» жатыр.
Хайнлайн кейіпкері доктор Махмуд айтқандай:
«Гроктау – бұл махаббат та, жек көру де. Марсиандық жек көру деген – шынайы түсінуден туындайтын, өзіңді өзіңнен жек көру сияқты сезім. Бірақ сонымен қатар – бұл сүйіспеншілік, таңдану, қуаныш».
Осыны ескерсек, Илон Маскпен маусымда қатты ұрысып қалған Дональд Трамптың қателескені анық.








