Ұқсас миллиардерлер одағы: Маск пен Дуров жасанды интеллекттен қалай табыс таппақ?

28 мамыр күні Павел Дуров Telegram мессенджері мен Илон Масктың xAI стартапы арасындағы ауқымды әріптестік басталғанын хабарлады. Оның айтуынша, пайдаланушылар кем дегенде бір жыл бойы мессенджерге кіріктірілген Grok атты чатботты қолдана алады.
Telegram өз кезегінде xAI-ға 1 миллиард пайдаланушы базасына қол жеткізуге және қосымша ішінен жазылымдарды сатуға мүмкіндік береді. Маск келісімді ресми растаған жоқ, бірақ Дуров тараптар негізгі шарттар бойынша келісімге келгенін айтады.
Бұл оларға не үшін керек?
Павел Дуров пен Илон Маск Oninvest редакциясының келісімге қатысты түсініктеме беру сұранысына жауап бермеді.
Дуров жариялаған видеодағы xAI мен Telegram интеграциясы бұл мессенджерді Батыстағы бәсекелестерінің арасындағы ең технологиялық платформаға айналдыра алады. Сонымен қатар, Telegram жазылым сатудан түскен табыстың 50 пайызын алып отырады және xAI-дан 300 миллион долларды қолма-қол және компания капиталының үлесі түрінде алады.
2024 жылдың наурызында Telegram негізін қалаушы инвесторлар бұл қосымшаны 30 миллиард долларға бағалағанын мәлімдеген болатын. Енді жасанды интеллект құралымен жабдықталғаннан кейін оның құны айтарлықтай өсуі мүмкін.
Жасанды интеллект платформаларына процессорлар мен деректер орталықтарының жұмысын төлеу үшін нақты ақша ағыны қажет. Grok жазылымы айына 30 долларға сатылады. Telegram оған 1 миллиард белсенді пайдаланушыға жол ашады. Бұл X әлеуметтік желісіндегі шамамен 650 миллион адамнан әлдеқайда көп.
X пен xAI арасындағы интеграция чатботқа пайдаланушылар күн сайын шығаратын миллиардтаған бірлік контентті оқу мен үйренуге пайдалануға мүмкіндік берді. Мұндай бірегей контент жасанды интеллектті жетілдіру үшін маңызды, бірақ оның көлемі күн өткен сайын азайып барады. Telegram пайдаланушылары да болашақта осындай деректермен бөлісе алады.
Дуров мессенджердегі хат алмасулар Grok-ты үйрету үшін қолданылмайтынын айтты, алайда Маск бұған қатысты әзірге пікір білдірген жоқ.
Bloomberg шолушысы Парми Олсон бұл келісім барысында пайдаланушылардың деректері маңызды сауданың нысанына айналуы мүмкін екенін айтады. Еуропалық реттеушілер де бұған кедергі бола қоймайды. Oninvest басылымына берген сұхбатында Еуропалық саясатты талдау орталығының ғылыми қызметкері Уильям Эчиксон Еуроодақтың жасанды интеллект туралы заңы әлі күшіне енбегенін, өйткені қауіп-қатері жоғары тәжірибелерді нақты анықтау жұмысы кешеуілдеп жатқанын жеткізді.
Егер келісім жүзеге аспай қалса, Масктың басқа баламалары бар. 2022 жылы оның өмірбаянын жазған Уолтер Айзексон кәсіпкер Twitter-ді (қазіргі X) қытайлық WeChat секілді мессенджерге айналдыруды қалағанын жазды.
Шынайы одақтас
Келісімнің жариялануы Telegram-ның 1,7 миллиард долларлық бес жылдық облигацияларын нарыққа шығаруымен тұспа-тұс келді. Оның 950 миллион доллардан астамы бұрынғы қарыздарды жабуға жұмсалады. 2026 жылы компания 2021 жылы шығарылған 2,3 миллиард долларлық облигацияны өтейді. Егер компания IPO арқылы қаражат тартуға мәжбүр болса, облигация ұстаушылар акцияларды 20 пайыз жеңілдікпен ала алады.
Жаңа облигация шығаруға дайындық аясында Дуров Financial Times пен Такер Карлсонға сұхбат берді. Ал өткен жылдың желтоқсанында Telegram алғашқы рет бір жылдағы қаржылық пайда туралы жария етті. FT-да жарияланған есепке сәйкес, компанияның жылдық пайдасы 540 миллион долларды, ал табысы 1,4 миллиард долларды құрады. Қыркүйек пен желтоқсан аралығында, Дуровқа Францияда айып тағылып, инвесторлар облигацияларын сата бастаған кезде, Telegram оларды 375 миллион долларға өзі сатып алды.
2025 жылғы облигация шығарылымының купондық мөлшерлемесі 9 пайыз болды. Бұл 2021 жылғы бастапқы шығарылымнан 200 базистік пунктке жоғары. Дуров инвесторлар тарапынан сұраныс өте жоғары болғанын айтып, бастапқы 1,5 миллиард долларлық ұсыныстың 200 миллион долларға артқанын хабарлады.
The Wall Street Journal жазуынша, жаңа облигацияларды сатып алғандар қатарында бұрынғы инвесторлар — BlackRock пен Mubadala, сондай-ақ жаңа қатысушылар, оның ішінде Citadel хедж-қоры бар. Облигациялар шығарылмас бұрын Дуров АҚШ-та инвесторлармен кездеспек болған, бірақ Париж прокуратурасы оның елден шығуына тыйым салып, бұл сапарды «қажетсіз және негізсіз» деп бағалаған.
Осыдан кейін Дуров Франция билігін Румыниядағы сайлауға араласқысы келді деп айыптады. Оның айтуынша, Франция сыртқы барлау қызметінің директоры Николя Лернер Telegram-дағы консервативті аккаунттардың жұмысын шектеуді талап еткен. Алайда Дуров бұл талапты орындаудан бас тартқан.
Кейін ол Ослодағы «Бостандық форумы» шарасына қатыспақ болған, бірақ оған тағы да рұқсат берілмеді. Le Monde шолушысы Дамьен Лелуптың пікірінше, Дуров өзін цензура құрбаны ретінде көрсетіп, Франциядағы қылмыстық іске қысым жасағысы келеді.
Бұған дейін Маск Еуроодақ билігін цензура үшін айыптаған еді. Оның иелігіндегі X әлеуметтік желісі ЕО-ның «Цифрлық қызметтер туралы» жаңа заңын бұзды деп күдікке ілінген. Бұл желі жалған ақпарат пен заңсыз контентпен күрес міндетін орындамаған деп айыпталып отыр. The New York Times мәліметінше, X-ке 1 миллиард долларға дейін айыппұл салынуы мүмкін. Ал X бұл айыпты «саяси цензураның бұрын-соңды болмаған әрекеті» деп атап, оны сотқа беріп, Еуропадағы сөз бостандығын қорғайтынын мәлімдеді.
Маск пен басқа да америкалық компанияларды қолдауға Ақ үй де қосылды. 28 мамырда АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио АҚШ азаматтарына цензура жасағысы келетін шетелдік тұлғаларға елге кіруге тыйым салынатынын хабарлады.
«Шетелдік лауазымды тұлғалардың америкалық платформалардағы жарияланымдары үшін АҚШ азаматтарын тұтқындауға тырысуы — бұл жол берілмейтін әрекет. Сол секілді, шетелдік шенеуніктердің америкалық технологиялық платформалардан мазмұнды модерациялаудың ғаламдық саясатын қабылдауды немесе өз өкілеттігінен асып түсетін цензура әрекетіне қатысуды талап етуі де орынсыз», — деді Рубио.
Ол кейбір шетелдік лауазымды тұлғаларды америкалық технологиялық компанияларға, азаматтар мен АҚШ резиденттеріне қарсы цензура әрекеттері үшін сынады.
2025 жылдың қаңтарында бірнеше ЕО елі Маскты ішкі істерге араласты деп айыптап, одақтан шара қабылдауды талап етті. Ал ақпанда Париж прокуратурасының киберқылмысқа қарсы бөлімшесі X әлеуметтік желісіне қатысты тергеуді бастады.
«Менің ойымша, Еурокомиссия сөз бостандығын реттеу бойынша АҚШ-пен саяси қақтығысты болдырмауға тырысады. Бірақ модерация саясаты талқылауға жатпайды. ЕО модерация туралы заңдарын Рубио айтты екен деп өзгерте салмайды», — дейді Уильям Эчиксон.
Неліктен Батыс басылымдары Дуровты «орыс Маскы» деп атайды?
Маск пен Дуров арасындағы ықтимал келісімді талқылаған Эчиксон Еурокомиссия Telegram мен xAI-дың цифрлық қызметтер туралы заңға сәйкестігіне алаңдайтынын айтты. «Мұнда ең алдымен контентті модерациялау немесе сақтық шараларының жоқтығы сөз болып отыр», — деді ол.
Реттеушілермен арадағы шиеленіс — екі миллиардердің арасындағы жалғыз ортақ нәрсе емес.
Әлемдік БАҚ Дуровты «орыс Маскы» деп атайды. Бұл олардың либертариандық көзқарасы, ашық саяси ұстанымы және пронатализмге бейімділігімен байланысты. Пронатализм — адам санының азаюын тоқтату және оған өз үлесін қосу идеясы.
Дуровтың айтуынша, оның 100-ден астам баласы бар және ол өзінің жоғары сапалы донорлық материалымен бөлісу үшін шәует доноры болған. Ал Масктың көпшілікке белгілі 14 баласы бар, ол да дос-жарандарына шәует ұсынып жүргені жайлы The New York Times хабарлаған.
«Бүгінде бір-біріне қатты ұқсайтын екі технологиялық миллиардерді табу қиын», — деп түйіндейді Bloomberg шолушысы Парми Олсон.








