БастыReview
Бөлісу

От алаңында. Иранның ядролық бағдарламасынан не қалды

Максим Старчак

Максим Старчак

От алаңында. Иранның ядролық бағдарламасынан не қалды

2025 жылғы маусымда Иранның ядролық бағдарламасы күтпеген жерден дипломатиялық дау мен экономикалық санкциялардың тақырыбынан зымырандық шабуылдардың нысанына айналды. 13 маусымда Израиль Иранның негізгі ядролық нысандарына шабуыл жасады, ал 22 маусымға қараған түні бұл операцияға АҚШ та қосылды. Бұл — Иранның ядролық инфрақұрылымына жасалған алғашқы әуе соққысы. Куинс университетінің Халықаралық және қорғаныс саясаты орталығының ғылыми қызметкері Максим Старчак Ислам Республикасының ядролық бағдарламасын жою мүмкін болған-болмағанын зерттеді.

Иран ядролық технологияға қалай қол жеткізді?

1953 жылдың 8 желтоқсанында АҚШ президенті Дуайт Эйзенхауэр БҰҰ Бас Ассамблеясында өзінің атақты «Бейбітшілік үшін атом» атты баяндамасын жасады. Осы баянамадан кейін аталмыш атпен танылған бағдарлама іске қосылды. Бұл бағдарлама арқылы азаматтық мақсаттағы ядролық зерттеулерге 30 ел белгілі бір деңгейде қол жеткізді. Олардың қатарында Иран да болды.

Ол кезде Иранды шах Мұхаммед Реза Пехлеви басқарып отырған. Ол елді жаңғыртуды мақсат етіп, ядролық энергетиканы дамыту мен уран байыту құқығын осы мақсаттың бір бөлігі деп есептеді. 1957 жылы Иран мен АҚШ бейбіт атом саласында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Екі жылдан кейін Тегеран университетінде Ядролық зерттеу орталығы ашылды.

1967 жылы АҚШ Иранға жоғары байытылған уранмен жұмыс істейтін 5 мегаватттық ядролық зерттеу реакторын жеткізді. 12 жылдан кейін Пехлеви тақтан түсіріліп, билікке жаңа басшылық келіп, елді Ислам Республикасы деп жариялады. Алайда АҚШ берген технологиялар Иранда қалды. Олар Тегеранға бастапқыда Вашингтонмен келісілген ауқымнан тыс ядролық бағдарламаны кеңейтуге мүмкіндік берді. Дегенмен жаңа үкімет бастапқыда ядролық энергетиканы дамыту Иранды Батыс технологиясына тәуелді етеді деп есептеп, бұрынғы үкіметтің 23 реактор салу жоспарын тоқтатты.

1990 жылдары Иран ядролық бағдарламасын қайта бастады. Ашық түрде бейбіт атом реакторын салуға ұмтылғанымен, уран байыту технологияларын жасырын түрде дамытты.

Иранның ядролық бағдарламасы қалай талқылана бастады?

2002 жылы ирандық оппозиционерлер Натанз бен Арак қалаларындағы екі жасырын уран байыту объектісінің барын жариялады. Кейін МАГАТЭ жүргізген тергеу Иран 1980-жылдардың соңынан 2003 жылға дейін ядролық қару жасауға қатысты бірқатар жұмыстар жүргізгенін көрсетті.

2003 жылы Иранның Жоғарғы көсемі аятолла Әли Хаменеи ядролық қару жасауды харам деп танитын фәтуа шығарды. Алайда 2005 жылы МАГАТЭ Иран ядролық нысандарға бақылау орнатуды көздейтін кепілдік келісім талаптарын бұзғанын хабарлады. Инспекторларды объектілерге жібермей, Иран бұл кезде баллистикалық зымырандар өндірісін де күшейтті.

Кейін Иран ядролық қару жасаумен және дипломатиямен арасын сақтап, технологиялық мүмкіндіктерін дамытуын жалғастырып, ядролық қаруды таратпау туралы келісімді (ДНЯО) бұзбаған ел бейнесін сақтап қалуға тырысты. 2015 жылы Иран мен «алтылық» (АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Ресей, Қытай және Германия) арасында жасалған келісім халықаралық қауымдастықты тыныштандырды. Иран ядролық бағдарламасын шектеп, халықаралық санкциялардың бір бөлігін жоюға келісті.

Алайда кейін АҚШ Иранның жасырын түрде қару-жарақ бағдарламасын жалғастырып жатқанын мәлімдеп, 2018 жылы келісімнен шықты. Иран уран байытуды ашық түрде жалғастырып, қару-жарақ деңгейіне жақындай түсті.

Қызыл меже: әуе шабуылына не түрткі болды?

Соңғы жарты жылда Иранда 60%-ға дейін байытылған уран көлемі 2,3 есе артып, 408 кг-ға жетті. Бұл — бірнеше ядролық заряд жасауға жеткілікті мөлшер.

Азаматтық мақсаттағы уран байытудың негізгі деңгейі — 3,67%. Бұл ядролық реакторлар үшін стандарт. Ал 60%-ға дейінгі байыту ешқандай бейбіт мақсатқа сай келмейді және әскери ниет бар екенін көрсетсе керек.

Америкалық физиктердің есебі бойынша Иран қазіргі центрифугаларымен уранды 90%-ға дейін, яғни қару-жарақ деңгейіне бірнеше апта ішінде байыта алар еді.

Әскери шешім

Израиль ядролық мәселені шешуге уақыт қалмады деп есептеді. 2025 жылғы 13 маусымда Израильдің Қорғаныс армиясы Иранның ядролық нысандарына шабуыл жасады. Шабуылға Натанз бен Фордо қалаларындағы уран байыту зауыттары мен ядролық бағдарламамен байланысты басқа да нысандар ілікті.

Алайда Израиль Иранның жерасты ядролық нысандарын жоя алмады. Сондықтан іске АҚШ араласты. АҚШ президенті Дональд Трамп 22 маусымға қараған түні былай деп мәлімдеді:

«Біз Ирандағы Фордо, Натанз және Исфахан ядролық нысандарына сәтті шабуыл жасадық. Барлық ұшақ Иран әуе кеңістігін тастап шықты. Негізгі нысан — Фордоға толық бомба жиынтығы тасталды».

АҚШ-тың B-2 бомбылаушы ұшақтары жер асты нығайтылған зауыттарды жою үшін GBU-57 мега-бомбаларын қолданды. Бұл зауыттарда Иран 60%-дан 90%-ға дейін уран байытатын центрифуга каскадтарын орналастырған еді. Спутниктен түсірілген суреттерде бомбалардан қалған шұңқырлар, туннель кіреберістерінің бұғатталуы және беттің бүлінуі көрініп тұр — бұл инфрақұрылымның қатты зақымданғанын растайды.

Иран ядролық әлеуетін сақтап қалды ма?

Бұл сұраққа нақты жауап жоқ. Дональд Трамп Иранның ядролық бағдарламасы орны толмас зиян шекті деп мәлімдеді.

АҚШ барлауындағы CBS дереккөздерінің мәліметінше Иранның ядролық бағдарламасы толық жойылмағанымен, бірнеше айға кейінге шегерілді деп «сенім деңгейі төмен» болса да, айтуға болады.

Израиль де елеулі залал келтірілгенін айтты, бірақ әлі де зерттеу жүргізіп жатыр.

Тегеран болса, соққыға дейін бірнеше күн бұрын байытылған уран қорларын елден шығарып үлгергенін мәлімдеді. Шынында да, Maxar Technologies компаниясының спутниктері Фордо маңында соққы алдында жүк көліктерінің қозғалысын тіркеген.

Сонымен қатар, МАГАТЭ 2021 жылдың басынан бастап центрифуга өндірісін бақылауға немесе тексеруге мүмкіндік ала алмады. Сондықтан Иранда қанша центрифуга бар екенін және олар қайда орналасқанын ешкім білмейді.

Иранның ядролық болашағы

Егер Иран байытылған уран қорларын сақтап қалса, менің есебім бойынша, оны 90%-ға дейін жеткізу үшін шамамен 1000 заманауи центрифуга қажет болар еді.

Иран мұндай көлемді оңай жинай алады, өйткені жылына кем дегенде 1500-2000 центрифуга өндіре алады.

Иранда әлі анықталмаған балама уран байыту нысаны болуы мүмкін. Себебі Натанз бен Фордо зауыттары да жасырын салынып, 6-7 жыл бойы анықталмаған. Яғни, басқа да жасырын зауыттар болуы мүмкін.

Теориялық тұрғыда мұндай зауыт жұмыс істеп жатуы мүмкін және ол Иранға жоғары деңгейде байытылған уран өндіруге мүмкіндік береді. Алайда бұл — тек уран байыту. Бұдан әрі уранды қару құрамына бейімдеу, жарылғыш заттар, детонаторлар мен ядролық оқтұмсық жасау қажет. Бұл кезеңге Иран әлі жеткен жоқ.

Қандай сценарийлер болуы мүмкін?

Ядролық бағдарламаның әрі қарай дамуы Тегеранның жаңа ракеталық соққы қаупі астында бағдарламаны қайта бастауға дайын екендігіне байланысты болады. Егер Иранға қауіпсіздік кепілдігі мен санкцияларды жеңілдету ұсынылса, ол өз жоспарларынан бас тартуы мүмкін.

Алайда басқа нұсқа да бар: егер Иран жеткілікті уран қорын сақтап қалса және жасырын ядролық нысандары болса, онда ол ядролық қаруды тездетіп жасауы мүмкін. Онда Иран ядролық қару ғана ел қауіпсіздігін қамтамасыз етеді деп санап, ДНЯО-дан шығуы ықтимал. Бұл ядролық қару жасауға ресми бет бұру ретінде қабылданар еді.

Ядролық қаруды таратпау мәселесі

Иранның ядролық қару жасауы тек Израильге емес, бүкіл Таяу Шығыс елдеріне қауіп төндіреді.

Мұндай күшею көрші елдерге тиімсіз. Мысалы, Иран мен БАӘ арасында территориялық даулар бар.

Бұл жағдай аймақтағы өзге елдерді де ядролық қару жасауға итермелеуі мүмкін. Өйткені Иран санкциялар мен зымыран шабуылдарына қарамастан әскери ядролық бағдарламаны іске асыра алатынын көрсетіп отыр.

Израиль Иранның ядролық әлеуетін жою үшін жоғары баға төлеуге дайын екенін білдіріп отыр. Бұл дегеніміз — егер Иран бағдарламасын сақтаса немесе қайта бастаса, болашақтағы шабуылдар міндетті түрде жалғасады. Яғни, ядролық нысандарға соққыдан қорқу сезімі жойылды. Бұл Тегеранның бағдарламасын едәуір баяулатады.

Израиль Иранның дипломатияны тек экономикалық пайда үшін қолданып отырғанын, оның ядролық даму жолына әсер етпейтінін түсініп отыр. Солтүстік Корея да осы тәсілді қолданған — дипломатиямен қатар ядролық-зымыран күштерін дамытқан.

Израиль ядролық қаруды таратпау режимін күшпен сақтауға болады дегенді көрсетіп отыр. Бұл бір жағынан жақсы. Бірақ екінші жағынан — қауіп. Себебі қазіргі немесе болашақтағы ядролық бағдарламалар көрші елдер тарапынан қауіпті деп танылып, шабуыл нысанына айналуы мүмкін.

Ядролық қаруды таратпау мәселесін әскери жолмен шешу — өзге өңірлерде де жағдайды тұрақсыздандыруы ықтимал. Әсіресе, ядролық технология дамып жатқан немесе дамитын аймақтарда.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары