Ozempic өндірушісі АҚШ биотехкомпаниясын сатып алады. Оның акциялары 17%-ға өсті

Ozempic және Wegovy препараттарының өндіретін дат фармацевтикалық компаниясы Novo Nordisk бауырдың майлы ауруын емдеуге арналған жаңа дәрі жасап жатқан америкалық биотехкомпанияны сатып алатынын хабарлады. Бұл — жаңа бас директор Майк Дустдардың басшылығымен жасалған алғашқы ірі мәміле. Сатып алу құны $5,2 млрд-қа дейін жетуі мүмкін. Бұл Novo Nordisk компаниясы бұған дейін жасаған кез келген сатып алудан әлдеқайда көп. JP Morgan мәміле туралы жаңалықтан кейін компания акцияларын сатып алуға кеңес беріп, олардың шамамен 30%-ға өсу әлеуетін атап өтті.
Егжей-тегжейі
Novo Nordisk 9 қазанда америкалық Akero Therapeutics биотехкомпаниясын сатып алатынын мәлімдеді. Бұл компания бауыр ауруларын емдеуге арналған жаңа препарат — эфруксиферминді (efruxifermin) әзірлеп жатыр.
Мәміле құны $5,2 млрд-қа дейін жетеді. Novo Nordisk акционерлерге әр акция үшін $54 қолма-қол төлеуді ұсынды. Бұл алдыңғы саудадағы бағаға қарағанда 16%-ға жоғары. Осылайша бастапқы төлем шамамен $4,7 млрд құрайды. Бұған қоса, компания әр акция үшін қосымша $6 төлем жасайды, егер эфруксифермин АҚШ-та осы ауруды емдеуге 2031 жылдың 30 маусымына дейін толық мақұлдау алса. Қазір Akero аурудың ауыр түрлерімен ауыратын, яғни фиброз немесе цирроз сатысындағы пациенттерге арналған соңғы клиникалық сынақ кезеңін жүргізіп жатыр. Бұл ауру медицинада метаболикалық стеатогепатит (MASH) деп аталады.
Бұл сатып алу — жаңа басшы Дустдардың басшылығымен Novo Nordisk жасаған алғашқы ірі мәміле, дейді Reuters. Ол компанияның өсуін жеделдетуге бағытталған. АҚШ-тағы саудада Novo Nordisk акциялары жаңалықтан кейін 1,4%-ға арзандады, бірақ Akero Therapeutics акциялары 16,5%-ға қымбаттап, жыл басынан бері жалпы 95%-ға өсті.
Не үшін Novo Nordisk бұл қадамға барды?
Akero Therapeutics әзірлеп жатқан эфруксифермин майлы бауыр ауруын емдеуде серпіліс әкеліп, Wegovy препаратымен бірге қолдануға болатын маңызды терапиялық құралға айналуы мүмкін, деді Майк Дустдар.
Шілдеде компанияны басқаруды қолға алған Дустдардың басты мақсаты — америкалық бәсекелес Eli Lilly-мен күресте нарық үлесін сақтап қалу. Ол Novo Nordisk-тің назарын семіздік пен диабетті емдеуге арналған жаңа буын дәрілеріне және соған байланысты жүрек-қан тамырлары мен метаболикалық ауруларды (оның ішінде MASH) емдеуге бағытталатынын айтты.
Сарапшылар пікірі
Akero Therapeutics-ті сатып алу арқылы Novo Nordisk мәміле ауқымын айтарлықтай кеңейтті. Reuters мәліметінше, бұған дейін компания метаболикалық аурулар саласында жұмыс істейтін биотехфирмаларды әдетте $1–2 млрд көлемінде сатып алатын.
Nordnet сарапшысы Пер Хансен бұл мәмілені «қымбат» деп атады, бірақ ол Novo Nordisk компаниясының өнім портфелін кеңейтуге ұмтылысын көрсетеді деді. Кейбір инвесторлар Reuters-ке берген пікірлерінде компаниядан ғылыми зерттеулер мен жаңа препараттар әзірлеуге көбірек инвестиция құюды, осылайша нарық сенімін арттыруды қалаған. Басқалары компанияның тек семіздік пен диабет бағытынан тыс бизнесті әртараптандыруы қажет екенін атап өтті.
Bloomberg Intelligence сарапшыларының бағалауынша, бұл сатып алу Novo Nordisk-тің кардиометаболикалық ауруларды емдеуге арналған зерттеулерге баса назар аударуына мүмкіндік береді. MarketScreener мәліметінше, JP Morgan мәміле туралы хабардан кейін компания акцияларын сатып алу жөніндегі ұсынымын растады. Мақсатты баға — 500 дат кроны, бұл шамамен 30%-дық өсу әлеуетін білдіреді.
MarketScreener дерегінше, Novo Nordisk акциялары бойынша сарапшылардың жалпы көзқарасы оң күйінде қалып отыр: 20 сарапшының 12-сі сатып алуға (Buy және Outperform), алтауы ұстауға (Hold), екеуі сатуға (Sell) кеңес береді.








