Palantir, AMD есептері және жұмыспен қамту: осы аптада инвесторларды не күтіп тұр?

АҚШ үкіметінің шатдауны екінші ай бойы жалғасуда және тарихтағы ең ұзақ үзіліске айналуға жақын. Алайда Уолл-стритті бұл аса толғандырып отырған жоқ сияқты, өткен аптада АҚШ-тың негізгі үш қор индексі де тарихи максимумына жетті. ФРЖ-ның мөлшерлемені төмендетуі, АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қытай төрағасы Си Цзиньпин арасындағы кездесуден кейінгі сауда кернеуінің бәсеңдеуі, сондай-ақ жасанды интеллектке байланысты акцияларға жоғары қызығушылық негізгі бағамдарды қолдады, деп жазады Barron's.
Осы аптада да Уолл-стриттің басты назарында жасанды интеллект тақырыбы қалады. Palantir, AMD, Supermicro және Constellation Energy компаниялары тоқсандық нәтижелерін жарияламақ, деп хабарлайды Yahoo Finance. Үшінші тоқсанға арналған есептілік маусымы әзірге сәтті өтуде. S&P 500 индексіне кіретін компаниялардың шамамен үштен екісі әлдеқашан есеп берді және олардың 80%-дан астамы табыс бойынша болжамнан асып түсті, деп есептейді Barron's.
Макроэкономикалық статистикаға келсек, шатдаун АҚШ еңбек нарығы бойынша ресми деректердің жариялануын қатарынан екінші айға кешіктіруі ықтимал. Осы аптадағы еңбек нарығының жағдайын бағалауда негізгі индикатор — әлемдегі ең ірі экономиканың жеке секторындағы жұмыспен қамту жөніндегі ADP-тің ай сайынғы есебі болады, деп болжайды Yahoo Finance.
Дүйсенбі, 3 қарашада Жабдықтау менеджменті институты (ISM) АҚШ өндірістік секторы бойынша қазан айының іскерлік белсенділік индексін (PMI) жариялайды. Barron's консенсус-болжамы көрсеткіш 49,4 деңгейінде болады деп күтеді — бұл қыркүйек мәнінен сәл жоғары.
Қытайдың өндірістік PMI индексі қазанда қыркүйекпен салыстырғанда төмендеп, консенсус-болжамнан да төмен болды, деп хабарлады Trading Economics S&P Global-ға сілтеме жасап. Дегенмен, елдегі жұмыспен қамту жеті айдан бері алғаш рет өсті және бұл өсім соңғы екі жылдан астам уақыттағы ең жылдам қарқынға жетті.
Сол күні тоқсандық есептерін ON Semiconductor, Palantir Technologies және Vertex Pharmaceuticals жариялайды.
Сейсенбі, 4 қарашада қаржылық нәтижелерін AMD, BP, Ferrari, Marathon Petroleum, Nintendo, Pfizer, Spotify, Supermicro, Uber және Yum! Brands таныстырады.
Сәрсенбі, 5 қарашада ADP АҚШ-тың қазан айындағы жұмыспен қамту деректерін ұсынбақ. Уолл-стрит жеке секторда 30 мың жұмыс орнын құруды күтеді — қыркүйектегі 32 мың қысқарудан кейін. Сондай-ақ ISM қызмет көрсету секторы бойынша PMI индексін жариялайды. Консенсус-болжам — 50,9 пункт, яғни қыркүйектен бір пунктке жоғары.
Бұл күні тоқсандық табыстарын Albemarle, Arm Holdings, BMW, McDonald’s, Qualcomm, Robinhood Markets және Toyota Motor жариялайды.
Бейсенбі, 6 қарашада Англия банкі пайыздық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдайды. Нарық қатысушыларының басым көпшілігі реттеуші бағамды 4% деңгейінде сақтайды деп күтуде. Ұлыбритания қаржы нарықтары бұл отырыста мөлшерлемені төмендету ықтималдығын бар болғаны 31% деп бағалап отыр, деп жазады The Wall Street Journal LSEG деректеріне сүйене отырып.
Сол күні есептілігін Airbnb, AstraZeneca, Block, ConocoPhillips, Moderna, NRG Energy, Ralph Lauren, Take-Two Interactive Software және Warner Bros. Discovery ұсынады.
Жұма, 7 қарашада Мичиган университеті тұтынушылық көңіл-күйдің қараша айына арналған зерттеу нәтижелерін жариялайды. Консенсус-болжам бойынша көрсеткіш 53,2 деңгейін құрайды — қазандағы 53,6-ға қарағанда төмен. Barron's атап өткендей, қор индексінің рекордтық деңгейіне қарамастан, америкалық тұтынушылардың көңіл-күйі әлсіз күйінде қалып отыр. Қазанда инфляция бойынша бір жылға болжам 4,6% болса, ұзақ мерзімді кезеңге — 3,9% деңгейінде болды.
Қытайда қазан айына арналған сыртқы сауда деректері шығады. Nomura сарапшылары экспорт өсімі 8,3%-дан 3%-ға дейін баяулайды, ал импорт өсімі 7,4%-дан 5%-ға дейін төмендейді деп күтеді. Бұл елдің сауда балансының профицитін аздап ұлғайтса керек.
Аптаны Constellation Energy компаниясының тоқсандық есебі түйіндейді.








