БастыSmall Caps
Бөлісу

Papa John’s пицца желісінің акциясы құлдырады: Apollo оны сатып алмайтын болды

Мария Дранишникова

Мария Дранишникова

Oninvest тілшісі
Papa John’s пицца желісінің акциясы құлдырады: Apollo оны сатып алмайтын болды

Papa John’s small-cap компаниясының котировкасы 4 қарашадағы саудада 10% құлдырады. Инвесторлар Reuters агенттігі жариялаған жаңалыққа жауап қатты: онда Apollo Global Management инвестициялық қоры шамамен бір ай бұрын жасаған пицца желісін сатып алу ұсынысын қайтарып алғаны хабарланған.

Егжей-тегжейлі

Әлемдегі ең ірі пицца желілерінің бірі — Papa John’s, 50-ге жуық елде 6 мыңнан астам мейрамханасы бар компанияның акциясы 4 қарашадағы саудада 10% арзандап, $43,47-ға дейін түсті. Сауда сессиясы кезінде котировка 21%-ға дейін төмендеп, бұл COVID-19 пандемиясы басталғалы бергі максималды құлдырау болды, деп хабарлады Bloomberg.

Мұндай динамикаға Reuters агенттігі жариялаған ақпарат себеп болды: оның дереккөздері Apollo инвестициялық қоры Papa John’s компаниясын $2,1 млрд-қа сатып алу туралы ұсынысын кері қайтарып алғанын айтқан. Бұл баға компанияның ағымдағы капитализациясынан 48% жоғары премияны білдірген.

Бұл мәміле неге маңызды?

Apollo компанияны жеке меншікке айналдыру мақсатында қазан айының басында сатып алу туралы ұсыныс жасаған. 13–14 қазанда StreetInsider және Reuters дереккөздері бұл туралы хабарлағаннан кейін котировка 13% шарықтады.

Инвесторлар мен Уолл-стрит бұл мәміледен үлкен үміт күткен, деп жазды Barron’s. «Apollo-ның қатысуы ықтимал сатып алу туралы әңгімелерге қаржылық ауқым мен операциялық сенімділік қосты», — деп жазған болатын MarketWatch келтірген жазбасында Stephens сарапшысы Джим Сэлира.

Соңғы жылдары пицца желісі үшін кезең тұрақсыз болды. Қиындықтар 2017 жылдың күзіне қарай басталды: сол кезде негізін қалаушы Джон Шнаттер нәсілшілдік дауына ілінді. БАҚ мәліметінше, ол телеконференциялардың бірінде афроамерикалықтарға қорлайтын сөз қолданған. Компания мен Шнаттер арасындағы сот ісі екі жылдан астам уақытқа созылып, 2019 жылы ол барлық басшылық қызметтерінен кеткен.

Дәл сол 2019 жылы Papa John’s капиталына Starboard Value белсенді инвесторы кірді. Бұл компанияның қаржылық жағдайын жақсартуға көмектесті, дегенмен нарық қатысушыларының бір бөлігі делистинг мүмкіндігін талқылай бастады. Инвесторлардың қадағалауынсыз жеке компания мәртебесінде Papa John’s көбірек өзгеріс енгізе алар еді, деп жазды Reuters.

Арада алты жыл өткен соң, 2025 жылы бұл мәселе қайта көтерілді. Ақпанда Semaphore басылымының дереккөздері Катар корольдік отбасы мүшелері қолдайтын Irth Capital қоры пицца желісін сатып алуға қызығушылық танытқанын хабарлады. Осы жаңалықтан кейін Papa John’s котировкасы бірден 18% шарықтады. Төрт ай өткен соң, Reuters дереккөздері Irth Capital-мен бірге Apollo Global да мәмілеге қатысуы мүмкін екенін нақтылады.

Компанияда не болып жатыр?

Шілде айында Freedom Broker инвесторларға Papa John’s акциясын сатып алуға кеңес берді, өйткені қысқа мерзім ішінде олардың бағасы $52-ға дейін қымбаттауы мүмкін деп есептеді — ол кезде бұл 16% өсу әлеуетін білдірген. Сарапшылардың түсіндіруінше, компанияда жаңа басшылық келіп, даму бағытын өзгертіп жатыр: басты назар цифрландыру мен шетелдегі негізгі нарықтарды дамытуға аударылған. Осы стратегия аясында Papa John’s Ұлыбританиядағы 105 мейрамханадан бас тартқан.

Компания жаңа басымдықтар нәтижесін беріп жатқанын мәлімдеді. 2025 жылдың бірінші тоқсанында оның табысы 1% өсіп, $1,2 млрд-қа жетті. Бұл өсім әлемдік нарықтардағы салыстырмалы сатылымның артуы есебінен болды, ал Солтүстік Америкада динамика кері бағытта болды. Алайда, екінші тоқсанда бұл өңірде де қайтадан өсімге қол жеткізілді. Үшінші тоқсанның қорытындысын Papa John’s 6 қарашада жариялауға уәде берді.

MarketWatch дерегінше, компания қағазы бойынша Уолл-стрит сарапшыларының 11-і «ұстап тұруға (Hold), «сатып алуға (Buy) — 7, ал сатуға ешкім кеңес берген жоқ. Орташа мақсатты баға — $51,64, бұл шамамен 19% өсу әлеуетін білдіреді.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары