Pattern Group IPO-сы: «E-commerce үдеткішінің» акциялары қор нарығына шықты

Америкадағы электронды коммерцияны жеделдетуге бағытталған платформа — Pattern Group компаниясының акцияларымен алдын ала сауда Freedom клиенттеріне арналған сауда жүйесінде басталды. 19 қыркүйек күні кешірек бұл қағаздар Nasdaq биржасында PTRN тикерімен саудаланады.
Егжей-тегжейлі
Pattern Group компаниясы маркетплейстерде, соның ішінде Amazon.com-да тауарларды қайта сату қызметімен айналысады. IPO аясында компания $300 млн тартты. Компания 21,43 млн акцияны $14 бағамен орналастырды, бұл алдын ала белгіленген $13–15 бағалық диапазон аясында. Bloomberg-тің мәліметінше IPO орналастыру бағасы бойынша Pattern нарықтық капитализациясы шамамен $2,5 млрд-ты құрайды.
Мәміленің ұйымдастырушылары қатарында Goldman Sachs, J.P.Morgan, Evercore ISI, Jefferies, Baird, BMO Capital Markets, KeyBanc Capital Markets, Needham & Co. және Stifel/William Blair бар.
Компания IPO арқылы тартылған қаражатты айналым капиталын толықтыруға, жалпы корпоративтік қажеттіліктерге, сондай-ақ ұқсас технологиялар мен бизнес бағыттарына инвестиция салу немесе активтер сатып алу үшін пайдалануды жоспарлап отыр. Қаражаттың бір бөлігі шектеулі акциялар бойынша салық міндеттемелерін жабуға жұмсалады.
Pattern Group акцияларын биржада орналастыру ниеті туралы 2025 жылдың тамыз айында жариялады. Бұған дейінгі, яғни 2021 жылғы қаржыландыру раундында компания $2 млрд көлемінде бағаланған.
Компания несімен қызықты
Компания 2013 жылы iServe атауымен құрылып, 2018 жылы ребрендинг жасалып, қазіргі Pattern атауына ие болды. Pattern өздерін «электронды коммерцияны жеделдету саласындағы пионер» ретінде таныстырады. Олар брендтерге Amazon, Walmart, Target, eBay, TikTok Shop, Mercado Libre және басқа жүздеген ғаламдық маркетплейстерде жылдамырақ өсуге көмектеседі, деп жазады Reuters.
Digital Commerce 360 басылымының хабарлауынша, Pattern компаниясы жасанды интеллект пен машиналық оқыту технологияларына негізделген өзінің дербес технологиялық платформасын пайдаланады. Бұл технологиялар тауар карталарын, баға мен маркетингтік кампанияларды автоматты түрде түзетуге мүмкіндік береді, яғни компанияларға үлкен ішкі командаларды құрудың қажеттілігінсіз өсуге жол ашады.
Компанияның негізгі табысы серіктестерінен тауарларды сатып алып, оларды жаһандық маркетплейстерде соңғы тұтынушыларға сату арқылы қалыптасады. Seeking Alpha дерегі бойынша, Pattern түсімінің 94%-ы Amazon арқылы сатылымдардан түседі.
Ал 2024 жылы АҚШ-тағы бүкіл онлайн бөлшек сауданың 75%-дан астамы Amazon үлесіне тиген.
2024 жылдың 30 маусымында аяқталған алты ай ішінде Pattern компаниясы $1,1 млрд кіріс пен $32,1 млн таза табыс көрсетті. Былтырғы дәл осы кезеңдегі көрсеткіштері — $841,3 млн кіріс және $22,6 млн таза табыс болған.
Аналитиктер не дейді
Seeking Alpha-ның IPO бойынша сарапшысы Донован Джонс Pattern Group-тың тез өсіп келе жатқанын атап өтеді. Компанияның кірісі тұрақты өсіп, маржиналдылығы мен маркетингтік шығындарды басқару тиімділігі сақталып отыр.
Сарапшының айтуынша, бұл факторлар Pattern IPO-на институционалдық инвесторлар тарапынан жоғары сұраныс тудырады деп күтіледі.
Freedom брокерлік компаниясының аналитигі Әлем Бектеміров компания акцияларының нысаналы бағасын $19 деп бағалады, бұл IPO бағасымен салыстырғанда шамамен 36% өсу әлеуетін білдіреді.
Алайда аналитик бұл бағалаудың компания кірісінің өсу қарқынына тікелей тәуелді екенін атап өтеді: егер кіріс өсуі күткендегіден баяу болса, компания бағасына қысым түседі.
Сондай-ақ, Бектеміровтің айтуынша, Pattern табысы Amazon және басқа маркетплейстермен серіктестік қатынастардың сақталуына байланысты. Бұл келісімдер бұзылса немесе маркетплейстерде брендтік өнімдерді орналастыруға шектеулер енгізілсе, бұл Pattern бизнесіне және қаржылық нәтижелеріне кері әсер етуі мүмкін.
Одан бөлек, қойма қорларын басқару да маңызды фактор. Егер компания тұтынушылық сұранысты дұрыс болжай алмаса, қойма қалдықтарын тиімді басқара алмаса немесе болашақ шығындарды дұрыс жоспарламаса, бұл оның қызметіне және қаржылық жағдайына жағымсыз әсер етуі мүмкін, дейді сарапшы.
Freedom клиенттері Pattern акцияларына негізгі биржалық сессия ашылғанға дейін қол жеткізе алады. Сауда АҚШ биржалары ашылмастан 2–3 сағат бұрын, яғни Астана уақытымен 15:30–16:30 аралығында, ерте премаркет режимінде басталады.
Қатысу үшін PTRN.US тикеріне өтіңіз.








