«Сатып алуға тамаша мүмкіндік»: Amazon-ның есебінен кейін Уолл-стритте не айтылды?

Инвесторлардың акцияларды жаппай сатуына қарамастан, Уолл-стрит сарапшылары Amazon-ның маркетплейсі мен бұлтты сервистеріне қатысты оң бағалауларымен бөлісті. Кейбір мамандар жұма күнгі төмендеуді ескере отырып, Amazon қағаздары тартымды көрінеді деп, олардың мақсатты бағасын көтерді. Басқалары компанияның жасанды интеллектке инвестициясын акциялардың өсуіне әлеуетті катализатор ретінде бағалады. Екінші тоқсандағы есепте Amazon Уолл-стриттің пайда және табыс бойынша болжамдарынан асып түсті, бірақ инвесторларды ағымдағы кезеңге берілген әлсіз болжам көңіл көншітпеді.
Егжей-тегжейлі
— Goldman Sachs сарапшысы Эрик Шеридан Amazon қағаздарының мақсатты бағасын $220-дан $240-қа дейін көтеріп, «сатып алу» рейтингін сақтап қалды, деп хабарлайды CNBC. Шеридан ұсынған жаңа таргет Amazon-ның ағымдағы котировкасынан шамамен тағы 12% өсу мүмкіндігін көрсетеді. «Қысқа мерзімді тұтынушылық сұраныс, баж салығы және AWS бұлтты бөлімшесіне қатысты пікірталастарға қарамастан, біз Amazon акцияларын әлі де оң бағалаймыз. Компания стратегиялық бағыттарға инвестицияны жалғастыра отырып, ұзақ мерзімді перспективада табыстың тұрақты өсімі мен маржаның кеңеюін үйлестіре алады деп есептейміз», — деді Шеридан.
— JPMorgan да мақсатты бағасын $255-тен $265-ке дейін көтеріп, Overweight («нарықтан жоғары») рейтингін растады, бұл да сатып алуға кеңес берумен тең. «Amazon жалпы жақсы нәтиже көрсетті: валюта бағамдарының ауытқуын ескергендегі сатылым 12%-ға жеделдеді, ал операциялық пайда 31% өсті (маржа — 11,4%) — бұл көрсеткіштер де болжамдар мен күтулерден жоғары болды. Бөлшек сауда бөлімшесі ерекшеленіп тұр: Amazon баж салығының алғашқы әсерлерімен сәтті күресіп жатыр, біз тұтынушылық сұраныстың әлсірегенін немесе бағаның өскенін байқамаймыз. Біз AWS табысының екінші жартыжылдықта жақсаратынын күтеміз: үшінші тоқсанда — 18,5%-ға, төртінші тоқсанда — 19%-ға дейін», — деп мәлімдеді инвестбанк CNBC-ге.
— Citi сарапшысы Amazon акцияларының мақсатты бағасын $265-тен $270-ке дейін көтеріп, «сатып алу» рейтингін сақтап қалды. Бұл ағымдағы бағамен салыстырғанда 26% өсу әлеуетін білдіреді. Инвестбанк пікірінше, екінші тоқсан нәтижелерінен кейін инвесторлардың негізгі назары AWS-тың Microsoft Azure және Google Cloud-қа қарағанда баяу өсіп жатқанына аударылуы мүмкін: бұлтты табыс көрсеткіші сол күйі 17% деңгейінде қалды, ал бәсекелестерде үдей түсті. Алайда, AWS-тың жаңа келісімшарттардағы өсімі 24,5%-ды құрап, жоғары сұраныстың сақталып отырғанын көрсетті, деп қосты Citi. «AWS шектеулері — уақытша деп есептейміз, ал ритейл нарықтағы үлесін ұлғайтып жатыр. […] Сол себепті акциялар төмендеген сәтте оны пайдалануға кеңес береміз», — деді банк.
— UBS те «сатып алу» рейтингін сақтап, мақсатты бағасын $271 деңгейінде қалдырды. Сарапшы Стивен Джу Amazon капитализациясының тоқсандық есептен кейін $150 млрд-қа қысқаруын шамадан тыс төмендеу деп атады. «Табыстың өсу қарқыны жеделдей түсті деген нақты белгі болмағанымен, AWS бюджеттерінің артып келе жатқанын мойындаймыз. Біз Amazon-ды «сығылған серіппе» ретінде бағалаймыз және акциялар арзандаған жағдайда да сатып алуға кеңес береміз», — деді Джу.
— Bank of America да «сатып алу» рейтингін қалдырып, таргетті $265-тен $272-ге дейін көтерді. «Бөлшек саудадағы жетілдірулер — жылдамдық пен тиімділік (жеткізу құны жылдық және тоқсандық көрсеткіштер бойынша төмендеді) Amazon-ға артықшылық беріп отыр. AWS Azure-ге екінші тоқсанда жол берді, бірақ бұлттағы өсу біркелкі болмауы мүмкін. AWS әзірге ChatGPT-ден тікелей пайда көрмегенімен, генеративті ЖИ-дің бизнес секторда кең таралуы — өсім драйвері болып қала береді», — деп жазды BofA CNBC келтірген жазбасында.
— Barclays инвестбанкі Amazon акциялары үшін Overweight рейтингін растап, мақсатты бағасын $240-тен $275-ке дейін көтерді. Сарапшы Росс Сэндлердің айтуынша, жаңа таргет Amazon-ның ағымдағы бағасынан 28% жоғары. «Amazon-ның бөлшек сауда бизнесіндегі көрсеткіштердің көбі екінші тоқсанда жеделдей түсті. Алайда біз әлі де AWS-тың жасанды интеллектке жүктеме артуы есебінен айқын серпін көрсетуін күтеміз. Екінші жартыжылдыққа деген көзқарас оң, бірақ акциялардың төмендеуі — таңғаларлық жағдай емес», — деп жазды сарапшы.
— Deutsche Bank те «сатып алу» рейтингін сақтап, таргетін $266-дан $278-ге дейін көтерді. Сарапшының сөзінше, Amazon электронды коммерция нарығында үлесін ұлғайтып жатыр, ал жарнама табысы екінші тоқсанда жеделдей түсті. «Біз 2024–2027 жылдар аралығында компанияның операциялық пайдасы орта есеппен 12,5% өседі деп күтеміз. Қазіргі акция бағасының төмендеуі — сатып алу үшін тамаша мүмкіндік», — деді сарапшы. Оның айтуынша, генеративті ЖИ цифрлық экономикаға көшуді жеделдетіп, инфрақұрылымдық инвестициялар үшін триллион долларлық мүмкіндіктер ашып отыр. Amazon-ның бұлтты сегменті әлі де көш бастап тұр, ал нарықтағы үлесінің уақытша қысқаруы — өткінші жағдай, дейді Deutsche Bank.
— Morgan Stanley де Overweight рейтингін және $300 деңгейіндегі мақсатты бағасын растады. Инвестбанк пікірінше, ритейл және пайда өсімі айқын байқалады және компания нәтижелерін қолдап отыр. Олар Amazon акцияларын ең үздік таңдау ретінде сақтап отыр, өйткені компанияның пайдасы айтарлықтай өсті, ал AWS өсімі екінші тоқсанда болжамнан асып түсті.








