Amazon тыңдағыш білезікті сатып алды. Техкомпаниялар ЖИ құрылғыларын жарыса өндіруде

Электрондық коммерция саласындағы жетекші компания Amazon жасанды интеллектпен жұмыс істейтін Bee стартабын сатып алып жатыр. Бұл стартап күнделікті әңгімелерді жазып алып, олардың негізінде тапсырмалар мен ескертулер тізімін жасай алатын білезік шығарады. Осылайша, бұлтты қызметтер провайдері AWS иесі жасанды интеллектке негізделген киілетін құрылғылар нарығындағы орнын күшейтпек. Бұл нарықта ол Meta, Google және Apple сынды ірі ойыншылармен бәсекелес болады.
Егжей-тегжейі
Интернет-дүкен мен бұлтты сақтау қызметінің иесі Amazon жасанды интеллектпен жұмыс істейтін білезік шығаратын Bee стартабын сатып алуда. Бұл келісімді LinkedIn парақшасында Bee компаниясының бас директоры Мария де Лурдес Дзолло жария етті. Amazon өкілі The Wall Street Journal басылымына келісімге қол қойылғанын, бірақ ол әлі аяқталмағанын растады. Алайда мәміле сомасы мен басқа да егжей-тегжейі айтылған жоқ.
Bee білезігінің бағасы – 50 доллар. Ол ай сайынғы жазылыммен бірге ұсынылады және қолданушының барлық әңгімесін күн бойы тыңдап, жазып алады. Кейін жасанды интеллект бұлтта сол жазбаларды мәтінге айналдырып, маңызды оқиғаларды іріктейді. Нәтижесінде, ол ескертулер мен тапсырмалар тізімін құрастырады. Яғни, білезік жеке көмекші рөлін атқарады. Barron’s мәліметінше, былтыр Bee инвестиция тарту кезеңінде 7 миллион доллар жинаған.
Amazon неге қызығушылық танытып отыр?
«Күлкілі жағдай. Amazon он жыл бойы өздерінің ақылды құрылғысы Alexa сіздің әр сөзіңізді тыңдамайды деп сендіріп келді. Ал енді компания мұны жасай алатын білезік сатып алып жатыр», — деп жазды гаджеттер тақырыбына маманданған WSJ шолушысы Николь Нгуен.
Соған қарамастан, бұл мәміле Amazon үшін өте үлкен нарыққа жасалған шағын, бірақ маңызды қадам, деп жазады Нгуен. Оның айтуынша, генеративті жасанды интеллект қолданушы туралы қаншалықты көп дерек жинаса, күнделікті тапсырмаларды шешуде соншалықты тиімді бола түседі. «Сіздің өміріңіз туралы неғұрлым көп контекст болса, мұндай ЖИ соғұрлым пайдалы болады. Ал жеткілікті мәлімет жиналса, оларды модельдерді оқыту үшін де пайдалануға болады», — дейді ол.
Amazon өкілі компания өнімдер жасап жатқанда қолданушы тәжірибесін толығымен пайдаланушының өзі бақылайтындай етуге тырысатынын және дербес мәліметтердің құпиялығы мен қауіпсіздігіне үлкен мән беретінін атап өтті. Бұл принцип Bee білезіктеріне де қатысты болады.
Ақылды киілетін құрылғылар нарығында не болып жатыр?
Bee — жасанды интеллектпен жабдықталған жаңа гаджеттердің тек бірі ғана. Google чат-бот Gemini интеграциясы бар Pixel құлаққаптарын шығарды. Meta компаниясы ІІ көмекшісі орнатылған Ray-Ban көзілдірігін ұсынады. Samsung жуырда Gemini қолдайтын жаңа Galaxy құрылғыларын таныстырды. Apple әзірге бұл бағытта баяу әрекет етуде, бірақ iPhone мен Apple Watch құрылғыларына ЖИ функцияларын ендіруді көздеп отыр. Сонымен қатар, Apple-дің бұрынғы бас дизайнері Джони Айв OpenAI компаниясымен бірге жаңа киілетін құрылғы жасап жатыр.
Алайда бұл саладағы стартаптардың бәрі бірдей табысты емес. 2023 жылы Сан-Францискодағы Humane стартапы 241 миллион доллар инвестиция тартты. Компания жасанды интеллектке негізделген, бағасы 700 доллар тұратын Ai Pin құрылғысын шығарды. Бірақ теріс пікірлер мен қолданушылар тарапынан қызып кету, батареяның аз уақытқа жетуі және басқа да мәселелерге байланысты жоба жабылып, активтерінің басым бөлігі HP компаниясына 116 миллион долларға сатылды.
Нарыққа шыққан киілетін құрылғылар пішіні мен функциясы бойынша әртүрлі болғанымен, бәрі бір мақсатты көздейді: қолданушыға бұлттағы ботқа қарапайым әрі жекелендірілген қолжетімділік ұсыну. Бұл құрылғылар смартфонды жолда жүргенде жасанды интеллектке кірудің негізгі құралы ретінде ішінара алмастыруы мүмкін. Barron’s басылымы атап өткендей, Apple әлі де өз құрылғыларына ЖИ мүмкіндіктерін баяу енгізіп жатқандықтан, бәсекелестер үшін осы сегментте орнығуға бірегей мүмкіндік туып отыр.
Сарапшылар бұл нарықты қалай бағалайды?
Verified Market Research зерттеу компаниясы дерегінше, 2024 жылы жасанды интеллектке негізделген киілетін құрылғылар нарығының көлемі 25,16 миллиард долларға жеткен. 2031 жылға қарай бұл көрсеткіш 160,87 миллиард долларға дейін өсіп, орташа жылдық өсім (CAGR) 26,1%-ды құрайды.
Maximize Market Research балама бағалау жүргізіп, нарық көлемін 2023 жылы 42,5 миллиард доллар деп есептеген. Олардың болжамынша, 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 265,25 миллиард долларға жетеді. Бұл жағдайда орташа жылдық өсім 29,9% болмақ.
Markets & Markets компаниясы сәл консервативті болжам ұсынып отыр. Олар 2024 жылы нарық көлемі 62,7 миллиард доллар болады деп есептейді. 2029 жылға дейін ол 138,5 миллиард долларға өсіп, CAGR 17,2%-ды құрайды.
Барлық зерттеушілер нарықта көшбасшы болғысы келетін компаниялар үш негізгі мәселені шешуі керек деген ортақ қорытынды жасайды: дербес мәліметтердің қорғалуы, құрылғылардың автономды жұмыс уақытының артуы және бағасының төмендеуі.








