Google-мен «ақылды көзілдірік» жасайтын шағын компания кім?

Warby Parker атты шағын капитализациялы көзілдірік және линза өндіруші компаниясының акциялары 20 мамыр күні шамамен 16%-ға шарықтады. Бұл – инвесторлардың Google компаниясымен серіктестік орнағаны туралы жаңалыққа реакциясы. Warby Parker Google үшін жасанды интеллект негізінде көзілдірік әзірлейді. Бұл бастама Meta мен Ray-Ban брендіне иелік ететін EssilorLuxottica альянсына бәсекелестік тудыруы мүмкін.
Егжей-тегжейлі
Warby Parker акциялары 20 мамыр, сейсенбі күні, шамамен 15%-ға өсіп, $20,34-ке жетті — бұл наурыз айының ортасынан бергі ең жоғары баға. Бұл ралли Google компаниясының жыл сайынғы I/O конференциясында Warby Parker-мен серіктесетінін жариялауынан кейін басталды, деп хабарлайды CNBC.
Warby Parker техгигант үшін жасанды интеллект негізінде көзілдірік жасап шығармақ. Google оған $150 млн-ға дейін қаржы бөлуді жоспарлап отыр: оның жартысы — өнімді әзірлеу мен коммерцияландыруға, ал қалған бөлігі — компанияның акционерлік капиталына инвестиция ретінде (серіктестіктің белгілі бір кезеңдері сәтті өткен жағдайда).
Алғашқы өнім желісі 2025 жылдан кейін ұсынылады деп жоспарланған, деп хабарлады Warby Parker. Көзілдірік Android XR кеңейтілген шындық операциялық жүйесінде жұмыс істейді. Бұл жүйе Google-дың Gemini AI көмекшісін де қамтуы мүмкін, яғни пайдаланушылар құрылғымен дауыс арқылы әрекеттесе алады, деп жазады CNBC.
«Бұл – күнделікті киіп жүруге лайық сәнді көзілдірік болуы керек», — деді Google компаниясының вице-президенті және Android XR бөлімінің бас директоры Шахрам Изади.
Контекст
Warby Parker мен Google Meta компаниясымен бәсекелеседі. Meta өз көзілдірігін EssilorLuxottica компаниясымен бірігіп, Ray-Ban брендімен шығарады. Бұл серіктестік 2020 жылы басталған. Бірінші буын құрылғылары 2022 жылы сатылымға шықты, ал келесі жылы екінші нұсқасы ұсынылды. Қазір үшінші буын дайындалу үстінде, деп жазады CNBC.
Warby Parker-пен серіктестік Alphabet компаниясы (Google-дың бас компаниясы) үшін «ақылды көзілдірік» нарығына қайта оралу дегенді білдіреді. Бұған дейін Google 2013 жылы Google Glass өнімін шығарған. Алайда ол жеке мәліметтердің қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық тудырды. Сонымен қатар, $1500 бағасы мен ерекше дизайны да сатып алушыларды шошытты, деп жазады Yahoo Finance.
Bloomberg агенттігі Apple де өз смарт-көзілдірігін әзірлеп жатқанын хабарлаған. Алайда бұл өнім 2027 жылдан ерте нарыққа шықпайды.
Акциялар жағдайы
«Бұл серіктестік — сөзсіз көзілдірік өндіруші компания үшін жақсы жаңалық. Инвесторлардың акцияларды сатып алуы орынды», — деп жазды The Motley Fool басылымы.
Жыл басынан бері Warby Parker акциялары шамамен 16%-ға арзандағанымен, соңғы 12 айда 22%-ға жуық өскен.
MarketWatch порталының мәліметінше Уолл-стриттің тоғыз аналитигі компания акцияларын сатып алуды, жетеуі ұстауды ұсынады. Алайда 20 мамырдағы раллиден кейін акциялардың орташа мақсатты бағасы $21,21 деңгейінде қалып отыр, бұл 4%-дан сәл асатын өсім әлеуетін ғана көрсетеді.








