БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Пауэлл қыркүйекте пайыздық мөлшерлемені төмендетуі мүмкін екенін меңзеді

Виктория Сирота

Виктория Сирота

Oninvest тілшісі
Юлия Котова

Юлия Котова

Oninvest жаңалықтар қызметінің жетекшісі.
Пауэлл қыркүйекте пайыздық мөлшерлемені төмендетуі мүмкін екенін меңзеді

АҚШ Федералдық резерв жүйесінің төрағасы Джером Пауэлл Джексон-Хоулда өткен экономикалық форумда сөйлеген сөзінде қыркүйекте пайыздық мөлшерлеме төмендеуі мүмкін екенін меңзеді. Бұдан кейін АҚШ-тың негізгі қор нарығы индекстері айтарлықтай өсті.

Егжей-тегжейі

ФРЖ төрағасы Джером Пауэлл 16–17 қыркүйекте өтетін жиында пайыздық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін жоққа шығарған жоқ. Оның айтуынша, негізгі болжам мен тәуекелдер теңгерімінің өзгеруі ФРЖ саясатын қайта қарауды қажет етуі ықтимал.

«Біздің негізгі пайыздық мөлшерлеме бір жыл бұрынғыға қарағанда бейтарап деңгейге 100 базистік пунктке жақын. Жұмыссыздықтың тұрақтылығы және еңбек нарығындағы басқа көрсеткіштер бізге саясатты өзгерту мәселесін сақтықпен қарауға мүмкіндік береді. Дегенмен саясат шектеулі аймақта тұрғандықтан, негізгі болжам мен тәуекелдердің өзгеруі ұстанымымызды түзетуге әкелуі мүмкін», — деді Пауэлл.

Bloomberg-тің жазуынша, Пауэллдің бұл мәлімдемесі инвесторлар күткеннен де күшті белгі болды және ақша-несие саясатын жұмсартудың жақындағанын аңғартты.

Нарық қалай жауап қатты?

ФРЖ басшысының «жұмсақ» сигналдары АҚШ акцияларының күрт өсуіне әсер етті.

— АҚШ-тың негізгі индексі S&P 500 сауда барысында 1,7%-ға көтеріліп, бес күндік құлдырауды тоқтатты.

— Dow Jones Industrial Average 2%-ға өсті.

— Nasdaq Composite 2,1%-ға қосылды.

— «Уолл-стриттің қорқыныш индексі» атанған VIX бір сәтте 13%-ға құлдырады.

— Қазынашылық облигациялар кірісі төмендеді: екі жылдық қағаздар 10 базистік пунктке, ал эталондық 10 жылдық облигациялар кірістілігі аптаның ең төменгі деңгейіне — 4,25%-ға дейін түсті.

Пауэлл тағы не айтты?

ФРЖ төрағасы еңбек нарығында белгілі бір тепе-теңдік барын, бірақ оның «ерекше сипатта» екенін атап өтті. Себебі бұл тепе-теңдік жұмыс күшіне сұраныс пен ұсыныстың айтарлықтай баяулауынан қалыптасқан.

«Бұл ерекше жағдай жұмыспен қамтудың төмендеу қаупін күшейтіп тұр. Егер ол жүзеге асса, жаппай жұмыстан босату мен жұмыссыздықтың күрт өсуі түрінде тез көрінуі мүмкін», — деді ол.

Сондай-ақ Пауэлл АҚШ президенті Дональд Трамп енгізген импорттық тарифтерге тоқталды. Оның айтуынша, бұл баж салығы тұтыну бағаларына қазірдің өзінде әсер еткен және алдағы айларда ықпалы арта бермек. Негізгі сұрақ — бұл инфляция тәуекелдерін айтарлықтай күшейте ме, жоқ па?

«Негізгі сценарий бойынша, бұл әсер қысқа мерзімді болады. Бірақ «бір реттік» дегеніміз «бір сәттік» емес. Баж салығы жеткізу тізбектеріне әсер ету үшін уақыт керек. Оның үстіне тариф мөлшерлемелері өзгеріп тұрады, бұл бейімделу процесін созуы мүмкін», — деді ол.

«Қысқа мерзімде инфляция тәуекелдері артып отыр, ал жұмыспен қамту тәуекелдері төмендеу жағына қарай ауысуда. Бұл — күрделі жағдай», — деп түйіндеді ФРЖ төрағасы.

Уолл-стрит не дейді?

Bloomberg-ке пікір білдірген сарапшылар Пауэллдің сөзі нарық үшін үлкен жеңілдік болғанын айтады. Infrastructure Capital Management компаниясының негізін қалаушы Джей Хэтфилд:

«Біз биылғы жылы пайыздық мөлшерлемені екі-үш рет төмендетеді деп күттік. Өйткені еңбек нарығының баяулауы ФРЖ-ны әрекет етуге итермелейді деп ойладық. Енді Пауэлл осыны мойындап, қыркүйекте мөлшерлемені төмендетуге жол ашты», — деді.

Bloomberg Intelligence сарапшысы Айра Джерси болса: «Кейбір инвесторлар Пауэллден «қатаңдау» үн күтті, бірақ ол тепе-тең көзқарас білдірді. Дегенмен, қыркүйекте ме, қазанда ма, басталғаннан кейін пайыздық мөлшерлемені қысқарту 1%-дан да асып, әр отырыста жалғасады», — деп есептейді.

Capital Economics компаниясының өкілі Стивен Браун да келісіп: «Бұл сөздер қыркүйекте пайыздық мөлшерлеме төмендетілетініне айқын белгі. Дегенмен Пауэллдің сақтығы жұмыс орындары немесе бағалар бойынша күтпеген деректер пайда болса, шешім кейінге қалуы мүмкін екенін көрсетеді», — деді.

Пауэллдің сөзінен кейін нарықтағы күтулер де өзгерді. Бұған дейін трейдерлер қыркүйекте мөлшерлеменің төмендеу ықтималдығын 69,5% деп бағаласа, енді бұл көрсеткіш 89%-дан асты (CME FedWatch деректері бойынша).

Контекст

ФРЖ-ның Джексон-Хоулдағы симпозиумы әдетте нарыққа қатты әсер етпейді. Bloomberg дерегінше, 2000 жылдан бері бұл іс-шарадан кейін S&P 500 индексі орта есеппен бір апта ішінде 0,4%-ға ғана өсетін болған.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары