Перифериялық облигациялар: инвесторлар сенімі неге ауысты?

АҚШ-тағы бюджет туралы заң жобасының айналасындағы тартыстар – жаһандық қарыз дағдарысы аясындағы инвесторлар алаңдаушылығының бір ғана мысалы. Дамыған елдердің ұзақмерзімді облигацияларының кірістілігі соңғы уақытта бірнеше жылдағы ең жоғары деңгейге жетіп, олардың бюджеттері мен экономикалық өсімін қатерге тігіп отыр. Ал он жыл бұрын қаржы нарығынан шеттетілген деп есептелген елдер кенеттен ұтқан тарапқа айналды.
Қарыз нарықтарының жаһандануы
2008 жылғы жаһандық қаржы дағдарысынан кейін көп елдердің үкіметтері базалық мөлшерлемелерді нөлге (кейбірі тіпті теріс мәндерге) дейін түсіріп, экономиканы ынталандыру және халықты қолдау үшін белсенді түрде қарыз ала бастады. Сол үрдіс 2020–2021 жылдардағы пандемия кезінде де жалғасты. Бұл кезде қарыз көлемінің өсуі ешкімді алаңдатпады, себебі оны өтеу құны тарихи тұрғыдан өте төмен болды.
Бұл жағдайға орталық банктердің жаппай облигация сатып алуы, яғни сандық жұмсарту (quantitative easing, QE) да сеп болды. Олар мемлекеттік, ипотекалық және корпоративтік облигацияларды сатып алу арқылы олардың бағасын өсіріп, кірістілігін төмендетті.
Бұл үрдістен де озып кеткен Жапония болды: елдің орталық банкі 1990 жылғы дағдарыстан кейінгі «жоғалған үш онжылдықтан» шығуға тырысып, QE саясатының пионеріне айналды. Сонымен қатар, ол 10 жылдық мемлекеттік облигациялардың кірістілігін 1%-дан асырмауға тырысты.
Алайда пандемиядан кейінгі экономикалық салдар инфляцияның күрт өсуіне себеп болды. Осыған байланысты орталық банктер базалық мөлшерлемелерді көтеруге кірісті. Қолданыстағы және жаңа қарыздарды қайта қаржыландыру күрт қымбаттады. Салдарынан мемлекеттер қарыздың пайызын өтеуге қазынадан көп қаражат жұмсай бастады.
Мәселен, АҚШ бюджетіндегі әр жетінші доллар — пайыз төлеуге жұмсалады. Бұл мақсаттағы шығын 881 млрд долларға жетіп, 855 млрд долларлық қорғаныс шығындарын басып озды.
Франция биыл қарыз пайызы үшін 62 млрд еуро жұмсамақ. Бұл елдің қорғаныс пен білім беру шығындарының жиынтық сомасына тең. Өткен жылы бұрынғы премьер-министр Мишель Барнье елдің қарыз жүгін «Дамокл семсері» деп атаған.
Инвесторлар ұзақмерзімді перспективада бұл жағдайды тұрақсыз деп бағалап, ұзақ мерзімді облигацияларға қосымша сыйақы талап ете бастады. Мәселен, АҚШ-тың 30 жылдық қазыналық облигацияларының кірістілігі 2024 жылғы мамырда 5,15%-ға жетіп, 2007 жылдан бергі рекордты қайталады (2023 жылы пайыздық мөлшерлемелер шарықтаған шақта одан сәл жоғары болған).
Кредиттік рейтинг агенттіктерінің үштігін түйіндеп тұрған Moody’s АҚШ-тың ең жоғарғы рейтингіне жайғасты. Агенттік бюджет тапшылығының өсуі мемлекеттік қарыздың тым жылдам өсуіне, ал бұл ұзақмерзімді перспективада пайыз мөлшерлемелерінің артуына әкелетінін алға тартты.
Тағы бір алаңдатқан фактор — Өкілдер палатасы қабылдаған «үлкен тамаша заң жобасы» (The Big Beautiful Budget Bill). Конгресс жанындағы бюджет басқармасының есебінше, бұл құжат 2034 жылға қарай мемлекеттік қарызды 2,4 трлн долларға ұлғайтады.
Ұлыбританияда да 30 жылдық мемлекеттік облигациялар кірістілігі 1998 жылдан бергі ең жоғары деңгейге жетті — инвесторлар қарыздың өсуінен және Қаржы министрлігінің маневр жасау еркіндігін жоғалтуынан қауіптеніп отыр.
Ал Германияда қатаң бюджет саясатына қарамастан, 2025 жылдың наурызында инвесторлар 10 жылдық облигацияларды жаппай сата бастады. Бұл олардың кірістілігін 3%-ға дейін жеткізді. Мұның себебі — ақпан айындағы сайлауда жеңіске жеткен ХДО/ХӘС блогы канцлер Фридрих Мерцтің басшылығымен бюджет шектеулерінің бір бөлігін алып тастап, қорғаныс пен инфрақұрылымға 1 трлн долларға дейін инвестиция салуды көздейтін заң қабылдады.
Бұл үрдіс Жапонияны да айналып өтпеді: 30 жылдық облигациялар кірістілігі тарихи рекорд — 3,14%-ға жетті. Ал елдің мемлекеттік қарызы ЖІӨ-нің шамамен 240%-ын құрайды.
Мамыр айында АҚШ пен Жапонияда 20 жылдық облигацияларды сату сәтсіз өтті — сұраныс тым төмен болды. Дегенмен, 12 маусымда АҚШ Қаржы министрлігі 30 жылдық облигацияларды 4,84% кірістілікпен 22 млрд долларға сәтті орналастырды. Бұл нарыққа сәл де болса тыныс берді.
Дегенмен нарықтағы үрей басылған жоқ. Сарапшылардың пікірінше, жекелеген елдердегі инвесторлар бойкоттары жаһандық трендке айналуы мүмкін.
Yardeni Research басшысы Эд Ярдени бұл жағдайды былай сипаттады: «Қазіргі уақытта облигация нарығы бұрын-соңды болмаған күшке ие. Себебі қарыз мөлшері де бұрын-соңды болмаған деңгейде. Енді бұл проблемаға тек ұлттық емес, жаһандық деңгейде қарау керек».
Ярдени Маркс пен Энгельсті перефраз жасап: «Барлық елдердің облигациялық жасақтары, бірігіңдер!» — деп астарлады.
Халықаралық қаржы институтының (IIF) мәліметі бойынша, 2025 жылғы І тоқсанда жаһандық қарыз көлемі 324 трлн долларға жетіп, әлемдік ЖІӨ-нің 325%-ын құрады. Бұл көрсеткіш 2022 жылдың соңынан бері тоқсан сайынғы орташа өсім — 1,7 трлн доллармен салыстырғанда 4 есеге жуық артық (7,5 трлн доллар).
1790 жылдан бергі рекорд
АҚШ-та бұл мәселе ерекше алаңдаушылық тудырып отыр. Себебі республикашылдар 2017 жылғы салықты төмендету туралы Трамптың уәдесін орындап, оның мерзімін ұзартуға тырысуда. Бұл – онсыз да қиын бюджет жағдайында жүзеге асып отыр. АҚШ-тың бұрынғы президентімен жақын қарым-қатынаста болған миллиардер Илон Маск бұл құжатты ашумен «жиіркенішті сұмдық» деп атады. Бірақ бұдан гөрі байсалды сарапшылар да алаңдаушылық білдірді.
Егер экономиканың өсу қарқыны 2% деңгейінде қалса, «бюджет тапшылығы бұл елді тұншықтырады» деді әлемдегі ең ірі басқарушы компания BlackRock басшысы Ларри Финк.
Citadel хедж-қорының негізін қалаушы Кен Гриффин: «Толық жұмысбастылық жағдайында ЖІӨ-нің 6-7%-ы көлеміндегі тапшылық — бұл бюджет жағынан барып тұрған жауапсыздық» деп қосты.
JPMorgan Chase бас директоры Джейми Даймон үкіметтің бюджет саясатын «апаттық» деп сипаттап, салық және шығын саясатын «мүлде шындықтан алшақ» деп атады. Ол егер үкімет бюджет тапшылығын бақылауға алмаса, «облигация нарығы жарылып кетуі мүмкін» деп ескертті.
АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент болса, Даймонның осындай ескертулерді талай жасағанын айтып, «бақытымызға орай, олардың бірде-біреуі орындалған жоқ» деп жауап берді.
Чикаго университетінің экономика профессоры Константин Сонин АҚШ-тың мемлекеттік қарызы ЖІӨ-ге шаққанда 1790 жылдан бергі ең жоғары деңгейге жеткелі тұрғанын атап өтті. «Бұл — өздігінен апат емес. Біріншіден, бұл қарыздың көп бөлігі американдықтардың өзіне тиесілі, яғни оны ұлттық байлық деп те қарастыруға болады. Екіншіден және ең бастысы, бұл — ұлттық валютадағы қарыз, ал ондай қарыз ешқашан үлкен проблема емес. Бірақ мемлекеттік қарыз саясаты — мүлде басқа мәселе».
Сонин Трамп бір жаққа салықты азайтуды, енді бір жаққа әлеуметтік бағдарламаларға тиіспеуді уәде еткенін айтады. Бірақ 2025 жылы бұл екі мақсатты қатар ұстау мүмкін болмай отыр. Сол себепті медициналық жүйенің бір бөлігін қысқартуға мәжбүр болған. Сондықтан «трампшыл коалиция» әлі де сақталғанымен, іштей ыдырай бастаған. Егер алдағы сайлауда демократтар жеңсе, дәл осындай қысым «демократиялық бірлікті» де шайқалтады, дейді Сонин.
IIF дерегінше, жоғары қарыз деңгейі мен оны қаржыландыру қажеттілігінің артуы (негізінен салықтардың азаюынан) қазыналық облигациялар кірістілігіне әсер етеді. Егер олардың ұсынысы күрт өссе, бұл үкіметтің пайыздық шығындарын да арттырады, ал инфляциялық қауіп те күшейеді.
Бұл ретте экономикадағы ипотекалық, тұтынушылық, корпоративтік несие түрлерінің құны ұзақмерзімді облигациялар кірістілігіне байланысты. Қарыздың қымбаттауы тек үкіметке емес, жекеменшік секторға да кедергі, экономикалық өсуді тежейді.
Кірістіліктің артуына орталық банктердің бұрынғы QE саясаты да әсер етуде. Бұрын олар облигацияларды жаппай сатып алып, кірістілікті түсірсе, енді оларды керісінше — сатып жатыр (Жапония банкі де QE саясатын біртіндеп тоқтатуда).
Қарызды басқару және оның қызмет көрсету шығындарын шектеу үшін орталық банктер уақытша облигация сатуды тоқтатуы, ал қаржы министрліктері ұзақмерзімді облигацияларды азайтып, қысқамерзімді, кірістілігі төмен облигациялар шығаруға көшуі мүмкін.
Дегенмен, экономикалық өсімнің айтарлықтай жеделдеуі байқалмай тұрған шақта (әсіресе Трамптың сауда соғысы кедергі болып тұрғанда) жалғыз ұзақмерзімді шешім ретінде мемлекеттік шығындарды қысқарту ғана қала береді.
Royal London Asset Management директоры Крейг Инчес: «Үкіметтердің батылдығы жеткілікті бола ма?», — дейді. Оның айтуынша, нарықтар ұзақмерзімді қарыздарды тым көптігі үшін сіңіре алмай жатыр.
Периферия орталыққа айналды
T. Rowe Price облигациялар нарығы бойынша сарапшысы Аманда Ститт: «Бұл — жаһандық ауқымдағы сұраныс пен ұсыныс теңгерімсіздігінің классикалық мысалы. Арзан ұзақмерзімді қаржыландыру дәуірі аяқталды, енді үкіметтер облигация сатушыларға толып кеткен залға сиятындай болуға тырысуда», — дейді.
Алайда бұл залда 10–15 жыл бұрын Еуроаймақтың қарыз дағдарысының ортасында болған мемлекеттерге орын табылды. Financial Times пен Bloomberg-тің жазуынша, Греция, Италия және Испания сияқты бұрын перифериялық деп аталған елдердің мемлекеттік облигацияларының кірістілігі енді ең ірі экономикалармен салыстырарлық деңгейге дейін төмендеді.
Мысалы, Италияның 10 жылдық облигацияларының кірістілігі мен эталон саналатын Германия облигациялары арасындағы спред он жыл бұрынғы 5,7 пайыздық тармақтан 0,96 тармаққа дейін қысқарды.
Испания қазір Францияға қарағанда арзан қарыз алады, ал Германиядан бар-жоғы 0,6 пайыздық тармаққа қымбат.
Дағдарыстың басты эпицентрі болған Грецияда да айырма небәрі 0,7 пайыздық тармақ.
Бұл елдердің мемлекеттік қарызы ЖІӨ-нің 100%-ына жуық немесе одан көп болса да, динамикасы маңызды. Қиын дағдарыстан кейін олар қатаң үнемдеуге мәжбүр болып, жауапты бюджет саясатына көшті. Қабылданған реформалар экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырды. Соңғы жылдары бұл елдер туризмге негізделген қызмет көрсету секторынан пайда көрді. Бұл әсіресе пандемиядан кейінгі туристік бумға байланысты.
Оларға тағы бір көмектескен фактор — салыстырмалы бағалау. Axa Investment Managers облигациялар нарығы бойынша директоры Ник Хейстің айтуынша, кірістілік бүкіл нарықта көтерілсе де, сұраныс перифериялық елдердің облигацияларына ауыса бастады. Себебі бұрын қауіпсіз деп саналған АҚШ, Германия және Ұлыбритания облигациялары енді тұрақтылығын жоғалта бастады.








