Pfizer семіздікке қарсы дәрі әзірлейтін компанияны сатып алады: акциясы 60% шарықтады

COVID-19-ға қарсы вакцинасы арқылы танымал фармацевтикалық алпауыт Pfizer салмақ азайтуға арналған дәріні әзірлейтін Metsera шағын компаниясын $4,9 млрд-қа сатып алатынын мәлімдеді. Бұл қадам Pfizer үшін семіздікті емдеу саласындағы мүмкіндігін күшейтуге көмектеседі, деп хабарлайды AP.
Metsera акциясы мәміле туралы хабардан кейін 61% шарықтады, ал Pfizer котировкасы 1,5% өсті.
Pfizer Metsera-ның әр акциясына $47,5 қолма-қол ақша төлейді. Бұл — 19 қыркүйек, жұма күнгі сауда жабылу бағасынан 42% жоғары. Фармгигант Metsera өнімдерінің әзірлеуі сәтті жүрсе, әр акцияға тағы $22,5 үстіне төлеуі мүмкін, деп жазады AP.
Metsera-ның әзірге салмақ бақылауына арналған коммерциялық препараты жоқ. Бірақ компанияның портфелінде клиникалық сынақтағы төрт бағдарлама және орта кезеңдегі бір сынақ бар. Pfizer өзі бұл салада дайын шешімге ие емес, тек бірнеше нұсқасы сынақта тұр. Сәуірде компания күніне бір рет ішілетін таблетка түріндегі ықтимал препаратты ең қымбат соңғы кезеңге жетпей тоқтататынын хабарлаған.
Семіздікке қарсы дәріге сұраныс соңғы жылдары Eli Lilly компаниясының Zepbound препараты мен Novo Nordisk шығарған Wegovy нәтижесінің арқасында күрт артты. Қазіргі уақытта осы екі компания артық салмақты емдеуде көш бастап тұр.








