Porsche акциялары мамырдан бері алғаш рет рекорд жаңартты, бұған себеп не?

Спорткартар өндірушісі Porsche-нің акциялары компания жылдық болжамын растағаннан кейін және үшінші тоқсан нәтижелерін жариялаған соң мамыр айынан бергі ең жоғары деңгейге көтерілді. Қаржы директоры Йохен Брекнердің айтуынша 2025 жыл компания үшін «төменгі нүкте» болмақ, ал келесі жылдан бастап табыстылық қалпына келеді. Инвесторлар мен сарапшылар жақын уақытта қызметіне кірісуі тиіс жаңа бас директор Михаэль Лайтерске үлкен үміт артып отыр — ол компанияның жаңа стратегиясын жүзеге асыруы керек.
Егжей-тегжейлі
Неміс спорткартарын өндіруші Porsche акциялары жұма, 24 қазан күнгі сауда барысында Франкфурт биржасында 6,6%-ға өсіп, мамырдан бергі ең жоғары деңгейге жетті. Материал дайындалған сәтте акциялар 2% өсім көрсетіп тұрды.
Компания үшінші тоқсан бойынша €966 млн (шамамен $1,1 млрд) мөлшерінде түзетілген операциялық шығын тіркегенін хабарлады. Бұл көрсеткіш нарық күткеннен төмен болып шықты және инвесторлар арасында оптимизм тудырды. Jefferies аналитиктері бұдан да үлкен шығын — €1,09 млрд болады деп болжағанын Reuters атап өтеді. Бұған дейін RBC сарапшылары осындай нәтижелер Porsche акцияларын қолдауы мүмкін екенін айтқан.
Шығындардың негізгі себебі — қыркүйекте жарияланған электромобиль өндірісін кеңейту жобасының тоқтатылуына байланысты шығындар. Компания Қытайда сұраныстың күрт төмендеуіне, баға бәсекесінің күшеюіне және АҚШ-тағы импорттық баж салықтарының ықпалына тап болды. Бұл мәселелер брендтің үш негізгі нарығына — Еуропа, Солтүстік Америка және Қытайға әсер етті. Қаржылық көрсеткіштердің нашарлауы мен капитализацияның төмендеуі нәтижесінде Porsche акциялары DAX индексінен шығарылды.
Қаржы директоры Йохен Брекнердің мәлімдеуінше 2025 жыл компания үшін «түпкі төмендеу» кезеңі болмақ, ал табыстың қалпына келуі 2026 жылы басталады.
Сарапшылар не дейді
Bloomberg агенттігінің жазуынша Porsche мен нарық үмітті жаңа бас директор Михаэль Лайтерске арттырып отыр — ол бұған дейін британдық McLaren компаниясын басқарған.
«Porsche инвесторлардың сенімін қалпына келтіру үшін әлі ұзақ жол жүруі керек, — деді Bernstein аналитигі Стивен Рейтман агенттікке берген пікірінде. — Жаңа CEO қосымша қадамдар жасауы әбден мүмкін. Қатқыл да нақты шешімдер қабылдаудың ең қолайлы уақыты — басшылыққа келген алғашқы кезең».
Citi сарапшыларының пікірінше ішкі жану қозғалтқышы бар автокөліктерді қамтитын жаңа даму стратегиясының аясында Porsche 2026 жылдан бастап үш-төрт жыл ішінде маржиналдылықты арттыра алады, деп жазады The Wall Street Journal.
MarketScreener-дің мәліметінше компанияға қатысты сарапшылар пікірінің жалпы консенсусы бейтарап. Оның акцияларын бақылап отырған 19 аналитиктің 11-і қағаздарды портфельде ұстауды ұсынады. Төртеуі сатып алуға кеңес берсе, тағы төртеуі сатуды қолдайды.








