Ралли ұзаққа созылмады: АҚШ индекстері өсімді жоғалтып, күрт құлдырады

19 қарашада Nvidia-ның әсерлі есебі нарықты жоғары сүйреп, АҚШ қор нарығында ралли туғызған еді. Алайда бұл серпін ұзаққа бармады. 20 қарашада сауданың басында 1–2% өскен басты индекстер кешке қарай минусқа өтті. Сауда кезінде 5%-ға көтерілген Nvidia акциялары мәтін жарияланған сәтте 2%-ға арзандады. Бұл бүкіл нарықты төмен тартып кетті.
S&P 500 индексі бір сәтте 1%-ға, технологиялық Nasdaq Composite — 1,5%-ға, ал «көк фишкалар» индексі Dow Jones — 0,8%-ға құлдырады. Ал таңертең бұл индекстер сәйкесінше 1,6%, 2% және 1% өсім көрсеткен еді.
Себебі неде?
CNBC жазуынша, нарықтың бағыт өзгертуіне негізгі себеп — желтоқсанда ФРЖ-ның пайыздық мөлшерлемені төмендету ықтималдығы азайғаны. Шатдаунға байланысты кейінге қалдырылған қыркүйек айының еңбек нарығы деректері жарияланып, экономикада 119 мың жаңа жұмыс орны құрылғаны белгілі болды — бұл күткеннен көп. Кей трейдерлердің пікірінше, еңбек нарығының мықты болуы ФРЖ-ға ақша-кредит саясатын жеңілдетуді жалғастырмауға себеп береді. Осы деректерден кейін ФРЖ мөлшерлемесін үшінші рет төмендету мүмкіндігі 40%-дан аз деп бағаланды.
KKM Financial сарапшысы Джефф Килбург CNBC-ге: «Nvidia-ның оң әсері желтоқсандағы мөлшерлеме төмендету үмітінің әлсіреуімен жойылды. Нарықтар желтоқсанда жеңілдетуді күтті, бірақ бұл сценарий енді өзектілігін жоғалтып жатыр», — деді.
Ал Spartan Capital Securities компаниясының аға экономисі Питер Кардильо қыркүйектегі жұмыссыздықтың 4,4%-ға өскеніне алаңдаулы. Ол MarketWatch тілшісіне: «Мереке алдындағы кезеңде тұтынушылық шығындар аса белсенді емес, ал қысқартулар көбейіп жатыр», — деді.
Не күтіп тұр?
Алда нарықтарды одан да үлкен тұрақсыздық күтіп тұр, бірақ ұзақ мерзімді перспективада технологиялық сектор раллиге қайта оралады, дейді TradeStation-ның жаһандық нарық стратегиясы жөніндегі басшысы Дэвид Рассел (дерек: MarketWatch). «Қазір технологиялық секторда қысқа мерзімді «аю» импульсі бар. Ол тұрақтануы керек және бұл процесті инвесторлар жіті бақылайды. Бірақ менің ойымша, өсу бағыты жалғасады. Оған кедергі келтіретін ештеңе жоқ», — деп түсіндірді ол.








