Redburn 2022 жылдан бері алғаш рет Microsoft пен Amazon рейтингтерін төмендетті

Rothschild & Co Redburn сарапшысы Александр Хайссл Microsoft пен Amazon акцияларының рейтингтерін төмендетіп, «сатып алу» кеңесінен бас тартып, бейтарап позицияға өтті. Бұл туралы Bloomberg хабарлады.
Егжей-тегжейі
Bloomberg дерегінше, Хайссл бұл компаниялардың бағалауын 2022 жылдың маусымынан бері алғаш рет нашарлатты. Сонымен қатар, ол Microsoft акцияларының мақсатты бағасын $560-тен $500-ге дейін төмендетті, бұл соңғы жабылу бағасынан 1,5% төмендеуді көрсетеді. Ал Amazon акциялары үшін бұрынғы $250 мақсатты бағасын қалдырды. Бұл бағаның 7,3% өсуін болжайды.
Rothschild & Co Redburn пікірі бойынша, генеративті жасанды интеллектке қатысты оптимистік сценарий енді айқын емес, сондықтан ең ірі технологиялық компанияларға сақтықпен қарау керек. Индустрияда жиі айтылатын «сеніңіздер, генеративті ЖИ бұлт 1.0 сияқты үлкен серпіліс болады» деген пікір «күннен-күнге негізсіз» көрінеді, деп жазды Хайссл. Оның айтуынша, бұл саланың базалық экономикасы «күтілгеннен әлдеқайда әлсіз».
Microsoft пен Amazon акциялары 18 қарашадағы премаркетте шамамен 2% төмендеді.
Рейтингтің төмендеуіне не әсер етті?
Хайсслдың шешімі Nasdaq 100 технологиялық индексіндегі құлдыраудан кейін шықты. Индекс қазан айының соңындағы шегінен 5,1% төмендеп, шамамен $1,8 трлн капитализация жоғалтты. Bloomberg түсіндіруінше, инвесторлар ЖИ-мен байланысты акцияларды олардың шамадан тыс қымбаттығына алаңдап сата бастады.
Технологиялық компаниялар ЖИ инфрақұрылымын кеңейтуге ондаған миллиард доллар жұмсап жатыр. Бірақ соңғы апталарда инвесторлар графикалық процессорлар мен серверлер сияқты активтердің тез ескіруіне алаңдай бастады.
Хайссл компанияларда қуаттарды шамадан тыс арттыру қаупі өсіп жатқанын да атап өтті. Оның айтуынша, «қазір Gen-AI өте ауыр және тиімсіз инфрақұрылымда жұмыс істейді, ал бірінші буын бұлттық сервистері тек жеткілікті оңтайландырылғаннан кейін ғана дұрыс масштабтана бастады».
«Генеративті ЖИ маржиналдылығы қазірдің өзінде амортизация мерзімінің ұзаруын білдіреді. Тікелей салыстырсақ, генеративті ЖИ-дың капиталы әлдеқайда көп, ал баға белгілеу мүмкіндігі әлдеқайда әлсіз», — деді ол.
Басқа сарапшылар не дейді?
2008 жылғы ипотекалық дағдарысты болжаған инвестор Майкл Бьюрри өткен аптада «активтердің қызмет ету мерзімін жасанды түрде ұзарту арқылы амортизацияны төмен көрсету табысты қолдан жасайды» деді. Оның айтуынша, бұл — «қазіргі заманның ең кең таралған айлаларының бірі».
Хайссл Microsoft пен Amazon рейтингтерін төмендету арқылы әріптестерінің көпшілігіне қарсы шықты. Бұл акцияларды қамтитын сарапшылардың 90%-дан астамы оларды «сатып алуға» кеңес береді. Bloomberg дерегінше, бұл компаниялардың акциялары бойынша «сату» деген бірде-бір ұсыныс жоқ. Мысалы, Windows әзірлеушісінде «сатып алу» деңгейіндегі 71 рейтинг және «ұстау» деген екі кеңес бар, ал Amazon-да — 80 «сатып алу» және бес «ұстау» рейтингі бар.








