S&P 500 рекорд жаңартты әрі қатарынан төртінші күн өсті. «Санта-ралли» басталды ма?

23 желтоқсан, сейсенбі күнгі сауда қорытындысы бойынша АҚШ акциялары қымбаттап, қатарынан төртінші күн өсім көрсетті, ал S&P 500 жаңа рекордқа жетті. Нарықта жасанды интеллектпен байланысты компаниялардың акциясы көш бастады, деп жазды CNBC. Ал сәрсенбі күні Уолл-стритте инвесторлар күткен «Санта-Клаус раллиі» басталуы мүмкін — бұл жеті сауда сессиясынан тұратын кезең, оның барысында кең нарық индексі көбіне өсім көрсетіп келген.
Егжей-тегжейлі
— S&P 500 кең нарық индексі 23 желтоқсанда 0,45% өсіп, 6 909,8 пунктке жетті — бұл жаңа тарихи максимум. Индекс қатарынан сегізінші ай өсім көрсетуге жақын, бұл 2018 жылдан бергі ең ұзақ серия болуы мүмкін, деп атап өтті Bloomberg.
— Nasdaq Composite технологиялық индексі 0,57% көтерілді. Бұған Nvidia мен Broadcom акциясының 2% қымбаттауы ықпал етті. Сектор соңғы түзетуден кейін қалпына келуін жалғастырып жатыр.
— «Көгілдір фишка» индексі Dow Jones Industrial Average 0,16% өсті.
— Алтын да доллардың әлсіреуі аясында рекорд жаңартты. Доллар 2017 жылдан бергі ең нашар жылын өткеруге бет алған, деді Bloomberg. Бағалы металл бағасы бір күнде 1,2% өсіп, унциясы $4 519,4-ға дейін жетті.
Нарыққа не әсер етті?
Сейсенбі күні жарияланған мықты макроэкономикалық деректер де акциялардың өсуін тоқтата алмады, деді CNBC. АҚШ Сауда министрлігінің мәліметінше, үшінші тоқсанда экономика соңғы екі жылдағы ең жоғары қарқынмен (4,3%) өсті. Бұл Dow Jones консенсусынан 1 пайыздық тармақтан астам жоғары болды. Сауда басталғанда бұл деректер алаңдаушылық туғызды: инвесторлар оны ФРЖ мөлшерлемені төмендетуді кейінге қалдыруы мүмкін деген белгі ретінде қабылдады. Алайда кейін нарық қайта қалпына келді. Реттеуші шешімдеріне қатысты трейдерлердің күтулерін бақылайтын CME FedWatch құралының деректеріне сәйкес, нарық қатысушылары келесі жылы Федрезерв мөлшерлемені екі рет төмендетеді деген болжамын сақтап отыр.
Bloomberg есептеуінше, рождестволық мерекелер қарсаңындағы қысқартылған жұмыс аптасына байланысты сейсенбі күні сауда көлемі соңғы үш айдағы орташа деңгейден төмен болды. Ал сәрсенбі, 24 желтоқсанда, инвесторлар күткен «Санта-Клаус раллиі» басталуы мүмкін — әдетте ол желтоқсанның соңғы бес сауда сессиясын және қаңтардың алғашқы екеуін қамтиды. LPL Financial сарапшысы Адам Тернквистің айтуынша, 1950 жылдан бері осы кезеңде S&P 500 индексі орта есеппен 1,3% өсіп, жағдайлардың 78%-ында оң динамика көрсеткен. Дегенмен ол маусымдық трендтер тек тарихи заңдылықтарды көрсететінін, бірақ кепілдік бермейтінін атап өтті.
Bespoke Investment Group сарапшылары Рождестводан кейінгі сауда сессиясы жылдың ең тұрақты позитивті күндерінің бірі екенін еске салды. Соңғы 39 жылда, нарық 26 желтоқсанда ашық болған кезеңдерде, S&P 500 индексі небәрі алты рет ғана төмендеген.
Уолл-стрит болжамы қандай?
— Apollon Wealth Management инвестициялық директоры Эрик Стернердің пікірінше, 2026 жылы мөлшерлемені екі рет төмендету туралы күтулер әзірге қайта қаралмайды. Оның айтуынша, жыл басында мөлшерлемені азайту ықтималдығы төмендегенімен, жақын уақытта Трамп ФРЖ-ның жаңа басшысы лауазымына кімді ұсынатыны белгілі болады. «Ол қазіргі Федрезерв төрағасы Джером Пауэллге қарағанда риторикасы жұмсағырақ адам болары сөзсіз», — деді ол.
— eToro сарапшысы Брет Кенвелл АҚШ экономикасы өсуін жалғастырып жатқанымен, тұтынушылардың көңіл күйі өзгеше болуы мүмкін екенін атап өтті. Бұған тұтынушылық сенім деңгейі меңзейді. «Егер мерекелер уақытында және төртінші тоқсанда тұтынушылардың төзімділігі сақталса, бұл ЖІӨ үшін оң белгі болады, — деді ол Bloomberg-ке. — Компаниялардың табысы әлі де жағымды тосынсый жасап отыр. Бұқалар бұл үрдіс жалғасады деп үміттенеді».
— Morgan Stanley-дегі Market Research & Strategy тобының жетекшісі Дэниел Скеллидің айтуынша, алда әлі де қиындықтар бар, бірақ қазір экономиканы қолдап тұрған трендтер — жасанды интеллектке инвестициялар мен ауқатты тұтынушылар тарапынан жоғары сұраныс — 2026 жылы да сақталып, нарық корпоративтік пайданың өсуімен бірге әрі қарай өсуін жалғастыра алады.








